Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың қатысуымен облыстық прокуратураның алқа мәжілісі өтті. Онда 2013-2014 жылдар мен 2015 жылдың 6 айында ОҚО бойынша Заң талаптары сақталуына қатысты жоспарлы жүргізілген тексеру және ішкі істер департаментінің осы бағыттағы қызметіне қатысты талдау нәтижесі талқыланды. ОҚО прокуратурасы І басқармасының бастығы Рүстем Дүйсенбаев тексеру барысында орын алған кемшіліктерге тоқталса, ОҚО ІІД-і бастығының орынбасары Сырым Абдуллаев атқарылған шаруалар жөнінде түсінік берді. Облыс прокуроры Ибраһим Имановтың сауалдарына жауап беріп, сын-ескертпелерін алған мемлекеттік мекеме басшылары кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды болдырмау жөнінде жұмыс жүргізілетінін хабарлады. Қорытынды сөзді алған ОҚО әкімі облыс аумағында 203 жер қойнауын пайдаланушылар тіркелгенін, оның ішінде кең таралған пайдалы қазбаларды игеруге 173, қатты пайдалы қазбаларды игеруге 28 және көмірсутек шикізатын барлауға 2 келісімшарт жасалғанын айтты. Бүгінгі таңда, облыс аумағындағы барлық қала, аудан әкімдіктерінде заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау және жою бойынша арнайы жұмыс топтары құрылған. Аталған жұмыс топтарымен прокуратура және өзге де құқық қорғау органдарымен жұмыстар жүргізілуде. Өкінішке орай, аталған саладағы прокуратура органдарымен анықталған кемшіліктердің негізгі себебі, мемлекеттік органдардың арасында тығыз байланыстың жоқтығы. «Жұмыс жасайтын қызметкер – әдісін табады, жұмыс жасағысы келмеген – түрлі себеп айтады», – деген облыс басшысы прокуратура және ішкі істер органдарын заң бұзушыларды тиісті құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі