«Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны осыған арналды
Таяуда «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметовтің қатысуымен партия жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті кеңейтілген кеңесі өтті.Күн тәртібінде Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» идеясын насихаттау шаралары және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы қаралып, мемлекеттік тілдің бизнес пен мемлекеттік қызмет саласындағы қолданылу аясы талқыланды.
Отырысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасы М.Әшімбаев ашып, биылғы жылы үшінші рет өткізіліп отырған бұл кеңестің осы кезең ішінде қоғамдағы бірлік пен ынтымақты сақтау, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында ел зиялылары пікір білдіретін алаң болып айқындалғандығын атап өтті. Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» идеясы – халқымызды бірегей атаудың астына топтастырып, ортақ мақсатқа жұмылдыруды, өзіндік тарихы мен өркениеті, дербес болмысы мен мәдениеті қалыптасқан ел ретінде әлемге танытуды мақсат тұтады. Осыған кеңінен тоқталған Партия Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайтуды өз Доктринасында басымдық ретінде белгілеп отырғанын атап өтіп, бұл жобалар Мемлекет басшысының «Ұлы Дала елі» идеясымен тұтастай үйлесім тапқандығын жеткізді.
Елбасы ұсынған өміршең ұғымды жүзеге асыруда партия тарапынан бірқатар тың бастамалар қолға алынып жатқандығын мәлімдеді. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы «Ұлы Дала елі» ұғымын білдіретін нышанның (логотиптің) қабылдануына өз үлесін қосып, дизайнерлер арасында конкурс өткізбек. Осы идеяны насихаттауға арналған республикалық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді қолға алып, «Ұлы Дала өркениеті» бейнеэнциклопедиясын шығаруға сеп болмақ. Партиялық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Ұлы Дала өсиеті» желісімен халқымыздың кемеңгер тұлғаларының елдік пен бірлікті сақтау туралы айтқан даналық сөздерін жүйелі түрде насихаттамақ.
Дала тарихы мен өркениетін, мәдениетін дәріптейтін қысқаметражды фильмдердің түсірілуіне ықпал етіп, әлеуметтік желілер арқылы таратуға мұрындық болмақ. «Жас Отан» Жастар қанатының шараларын «Ұлы Дала Елі» идеясымен үйлестіріп, «Жас Ұлан» қозғалысының жұмысын осы идеямен ұштастырмақ. Мемлекет басшысы ұсынған идеяның аясына қоғамды топтастыру жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін білдірген мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Б.Тілеухан, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі Елбасы Қазақстанның бейресми символдық атауын бүкіл әлем бойынша ілгерілету туралы тың міндет қойғандығын атап өтіп, бұл өз кезегінде Ұлы Даланың мол рухани байлығын қоғамдық санада жаңғыртуға бастайтын қадам деп бағалады. Бұл орайда профессор М.Жолдасбековтің Білім және ғылым, сондай-ақ, Мәдениет және спорт секілді құзырлы министрліктер жанында осынау бастаманы түбегейлі іске асырумен айналысатын мамандандырылған құрылымдар болуы керектігін айтты.
Жиын барысында қоғам қайраткері А.Смайыл тарихты академиялық тұрғыдан жазу мәселесін ортаға салса, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі «Ұлы дала» идеясында мемлекетшілдік мәселесіне баса назар аудару керектігін айтты. Кеңестің күн тәртібіне қойылған екінші мәселе – Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша есепті ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілханов жасады. Ол өз сөзінде мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған шаралардың атқарылуы жөнінде кең мағлұмат берді. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде іс жүргізу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқандығын мәлімдеп, тіл саясаты саласындағы түйіндерді тарқатуда министрлік тарапынан ұсынылып отырған бастамаларды ортаға салды.
Осы мәселе жөнінде кеңінен пікір білдірген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Оразалин, ҚР еңбек сіңірген әртісі, танымал жырау, көрнекті қоғам қайраткері Б.Тілеухан Елбасының «Ұлы Дала Елі» идеясы шеңберінде мемлекеттік тіл де өркен жаюы керектігіне назар аударды. Рухани қазынаның қайнар бұлағы халықтың тілі деп бағамдап, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында тіліміз тұғырдан өз орнын алғандығын мәлімдеді. Дегенмен, бұл мәселеде әлі де атқарылар істер ауқымды екендігіне көңіл бөлді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс жүргізу көрсеткіштерін қайта сараптап, қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау жүйесін нақтылау, әрбір құзырлы органның бөлімдерінде қазақша жетік білетін адамдардың отыруына күш салу, айналымдағы құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы аударма болмауы үшін түпнұсқасының қазақ тілінде жасалуына қолайлы жағдай жасау, есеп айырысу орындарындағы түбіртектердің негізгі ақпараттарының ғана екі тілде болуын қадағалап, қалған бөліктерінің мемлекеттік тілде жазылуына дейінгі аралықта жұмыс жүргізу, қазақ тіліндегі кітаптарды электронды нұсқаға көшіру мен оларды ғаламторға орналастырудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу, әлем деңгейіне танылған кинотуындылардың қазақ тіліне аударылу сапасын арттыру бағытында энтузиастар мен қоғамдастықты кеңінен тарту, кинотеатрларда қазақ тіліне аударылған фильмдер үлесін 60 пайызға артыруды қолға алу, қазақ тіліндегі фильмдерді көрсетуден бас тартатындарға шара қолдану жүйесін енгізу, кітап шығару ісінде ел ішіне таратуға ыңғайлы қанатты сөздерді қолға алу, яғни, «ауыл қазынасы», «атаусыз айтқыштар» сынды айдарлармен әр өңірдің фольклорлық байлығын хатқа түсіріп, насихаттау ұсынылды.
Осы қатарда, мемлекеттік тілдің мәртебесін сақтай отырып, дала символдарын ЭКСПО шараларында, алдағы жылдары өткізілетін Универсиадада қолдану, туристер үшін далалық арнайы маршрут желісін құру, ұлттық құндылықтарға қамқор белгілі бір мекеме жанынан комиссия құру, ономастикалық шешімдерді оңтайландырып, қандай да бір елді мекендер мен көше-даңғылдар, мекемелерге «Ұлы Дала елі» және «Мәңгілік ел» атауларын беру және осы бағытта негізінен өркениеттілік тұрғыларға баса назар аудару мәселелері көтерілді. Алқалы жиын барысында «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері тарапынан айтылған тың ойлар мен ұтымды ұсыныстардың кейбірін жекелей ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: –«Нұр Отан» партиясы еліміздегі жетекші саяси күш ретінде «Ұлы дала» идеясы аясындағы істерді үйлестіруге, Қазақстанның имиджін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралардың қабылдануына, оның іске асыруына бастамашы болып, өзіндік үлесін қоспақ. Нақты айтқанда, осы идеяны насихаттау және іске асыруға қажетті шара – әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс аясында қабылданатын шара, осыны кеңеске қатысып отырған тиісті министрліктердің лауазым иелеріне ұсыныс ретінде айтамыз.
Елбасы Халықтық бес реформада болашағы біртұтас ұлтты қалыптастыруда мемлекет құраушы ұлт ретінде халқымызға ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап көрсетті. Осы орайда «Мирас» қоғамдық кеңесі шежірелі тарихымыз бен бай мәдениетімізді түгендеуге, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосып, бүкіл елдің мәдени-рухани өркендеуіне қызмет етіп келеді. Алдағы уақытта қоғамды ортақ идея шеңберіндегі бастамаларға жұмылдырып, жеткен жетістікті еселеу парыз.
Кездесудегі басты мақсат ̶ кеңес мүшелерімен аталған мәселелер бойынша ой бөлісу. Кеңесте қаралып отырған екінші мәселе, мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуіне қатысты болып отыр. Елбасының 2020 жылы ел тұрғындарының басым бөлігінің қазақша сөйлеуі басты міндет етіп қойғандығы баршамызға аян.
Осы бағытта жасалып жатқан жұмыстардың олқы тұстары жоқ емес. Ең алдымен қандайда бір меже болуы керек. Талап болуы керек. Мемлекет басшысы атап өткен кезеңге аз ғана жыл қалды. Осы бағытта қандай іс-шаралар атқарылып отыр. Министрлік жасаған баяндамаға қойылатын сұрақтар өте көп. Мәселен, ұлты қазақ, бірақ қазақ тілінде сөйлемейтіндердің үлесі қанша? Бұл туралы статистикалық ақпарат жоқ. Болжамды түрдегі емес, нақты жоспарға көшу керек. Критерий қарастырылып, бұл бағытта жүйелі, кешенді жұмыстар қолға алынуы керек. Тағы бір мәселе, тіл орталықтарына қатысты министрлік жасаған баяндамада Оңтүстік өңірлерде орталық саны 14 болса, Қарағанды облысында 5 орталық тіркелгендігі айтылған. Қазақы қаймағы бұзылмаған жерлердегі орталықтардың саны сонша болғанда, тіл мәселесі шешімін таппай отырған солтүстік облыстардағы орталықтардың саны мүлде аз екендігін байқап отырмыз. Мысалы, Павлодарда, Алматы қаласында 1 ғана орталық жұмыс жасап отыр. Ал Елордасы Астана қаласында 2 орталық қана бар.
Ал жекеменшік орталықтар мен мемлекеттік орталықтардың мәселесі де жіті зерттеуді қажет етеді. Олардың қаржыландыруына, сапасына көңіл бөлу керек. Бұл мәселеде де қазіргі жағдаймен тоқталып қана қоймай, болашаққа меже қойып, нақты көрсеткішпен жұмыс жасауға тиіспіз. Қазіргі таңда 99 пайыз қазақ отырған жерде жиналыстар орыс тілінде өткізіледі. Осы мәселеге қатысты бағдарламада нақты талап қарастырылған ба деген сұрақ туындайды. Осы негізде қандай жағдайда жиындарды екі тілде өткізу керек екендігін анықтайтын критерийлер басшылыққа алынуы тиіс. Нақты талаптар қойылмаса, онда жиындар осы күйінде орыс тілінде өткізіле береді. Тіл жөніндегі саясатта осындай мәселелерді негізге алатын уақыт жетті.
Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Идеология деген, өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл компас сияқты ғой. Компасы жоқ кемені егер мұхитқа жіберсеңіздер, адасады, көкте самолет те адасуы мүмкін. Біздің адамдар адаспауы үшін, қоғам адаспауы үшін, Қазақстан адаспауы үшін осындай идея керек еді.
Несін жасырамыз, қазіргі кезде Елбасының аузынан бір сөз шықса, барлығы білсін-білмесін қолдап, реті келмесе де жамырап газет бетіне мақала шығаратын боп алды. Мұндай ұлы мәселелерді аяқасты етуге болмайды. Өздеріңіз қараңыздаршы, осы тақырыпта мақала жазбаған Парламент депутаты бар ма?! Барлығы дерлік жазып шықты. Әлде, арнайы саланың маманы ма екен солар?! Парламентте біз білетін бірді-екілі адам бар, олардың айтқаны — орынды, ал «әйтеуір жазу керек» деп ойына келгенін қағазға түсіретіндерді қалай түсінеміз? Мұндай мәселелерді науқанға айналдырмау керек. Оны кішкене тежеген жөн.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Мирас» қоғамдық кеңесінің басшысы: – «Елбасы бастама көтерді. Алайда оны «қолдаймыз» деп жаппай бас шұлғығаннан идея жүзеге аса салмайды. Нақты іс-әрекет, арнайы бағдарлама керек. Бұл үдеріске идеологтар ғана емес, маркетологтар, пиармен айналысатын азаматтар, бизнесмендер тартылғаны жөн. Яғни, бұл бағдарламаның екі бағыты болуға тиіс: біріншісі, сыртқа арналған, екіншісі, ішкі идеологиялық мақсаттарға арналуы тиіс.
Ең әуелі, сыртқа таныту үшін өрнекті символдар керек. Түркістан, Ұлытау және басқа тарихи орындарды таныту арқылы бүгінгі Қазақстанның жағдайымен таныстыру керек. «Бұрынғы замандарда ұлы халық болғанбыз» деу де жеткіліксіз. Заманауи реформаларымыз, жоспарымыз, қол жеткізген табыстарымыздың да көрініс тапқаны жөн.
Ішкісіне қатысты айтсақ, бұл – жастарға, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған жұмыстар шоғыры. Екінші тіл саясатына қатысты мәселеде, 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді деп отырмыз. Ол уақыттың да ауылы алыс емес. Ал дәл қазіргі статистика бойынша халықтың 72 пайызы қазақша сөйлейді деген ақпарат айтылып отыр. Ені оның қаншалықты шындыққа жанасатындығын тағы да екшелеп көру керек шығар.
Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті: – «Мәңгілік ел» және «Ұлы дала» тұжырымдамалары арасындағы байланысқа біз ерекше көңіл бөлуіміз керек. Егер «Мәңгілік ел» қоғамның тұтастығына бағытталған ішкі құжат болатын болса, «Ұлы дала елі» тұжырымдамасы бүгінде әлемдік кеңістікте еліміздің сыртқы имиджіне ие болатын брендке айналуы керек шығар деп ойлаймын. Біздің еліміз ресми түрде «Қазақстан» деп аталады. Ал халық арасында біздің бренд «Ұлы Дала елі» деген атауға ие болуы қажет. Мысалы, Канада «Үйеңкі жапырақтары елі», Голландияны «Қызғалдақтар елі», ал Римді «Мәңгілік қала» деп атайды. Осы орайда, біз «Ұлы Дала» мен «Мәңгілік ел» тұжырымдамаларының арасындағы байланысқа көңіл бөлуіміз қажет.
Мемлекетімізге «Ұлы Дала елі» аталымының телінуі халқымыздың өткенін бүгінімен жалғап, келешегін кемел етпек. Ұлт уызына баланатын салт-санамызбен қайта қауыштырып, сан ғасырлық болмыс-бітімімізді бекемдей түспек. Сондықтан, еліміздің символдық атауы ұрпақ жадына тәуелсіздік идеясын сыналап сіңіреді. Менің айтар тағы бір ұсынысым, шетелдерде біздің қазақстандық 2 жарым мыңдай студенттер білім алып жатыр. Олардың дені әлемдегі озық мемлекеттерде оқып отырғандығынан хабардармыз. Олар сыртта «Ұлы дала» елінің жарнамасын жасап, ұлтының құндылықтарын шетелдерде дәріптуіне толық мүмкіндік бар. Олармен байланысқа шығып, арнайы келісімді түрде жобалар жасауға болады. Осы мүмкіндікті қарастырып көрсек деймін.
Тіл мәселесіне қатысты мына бір жайтқа назар аудару керек деп санаймын. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік іс-қағаздар жүргізу көрсеткішін қайтадан сараптап шығу керек. Неге десеңіздер, көптеген құжаттар орыс тілінде жасалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Ал аударма бөлімінде қызмет істейтіндердің жұмысы осыдан барып қиындай түседі. Тіпті, кейбір аудармалар компьютердің көмегімен әзірленеді. Оның қандай деңгейдегі аударма екендігі, қазақ тілінің сиқын кетірген нешетүрлі баламалардың қолданысқа еніп жатқандығы осындай мәселенің шешімі табылмағандығынан болып отыр. Сондықтан құжатттар әуел баста мемлекеттік тіл –қазақ тілінде даярлануы тиіс. Қазір екінің бірі аудармашы болып жүр. Бұл ретте тіл мамандарын, филологтарды аударма мәселесіне араластыру керек.
Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзінен асып ештеңе айта алмаймыз. Алдағы уақытта тіл саясатын жүргізу барысында идеологиялық жұмыстарды арттыруға ден қою керек.
Такир Оспанұлы, Білім және ғылым вице-министрі:– «Ұлы дала» идеясын нақты іске асыру үшін не істеу керектігін нақтылап алуға тиіспіз. Осы мақсатта жүйелі жұмыс жүргізілуі үшін арнайы бағдарлама әзірленуі қажет. Ғылым және білім саласында аталған бағдарламаға кіруі тиіс мәселелерге тоқталатын болсақ, ең алдымен «Мәңгілік ел» идеясына ғылыми негіздеме қажет. «Ұлы дала өркениеті», «Ұлы дала тарихы» деп аталып жүрміз. Оның ғылыми тұрғыда сипаттамасын анықтауға тиіспіз. Осы мақсатта жақында еліміздегі ғылыми институттардың директорларымен басқосып, «Ұлы дала» идеясына қатысты арнайы зерттеу жұмыстарын жасауымыз керек деген тұжырымға келген болатынбыз.
Егер бағдарлама құрылған жағдайда, ғылыми негіз мәселелерін назардан тыс қалдырмауымыз керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда «Тарих толқынында» деп аталатын бағдарлама іске асып отыр. Ол да «Ұлы дала елінің» өркениетіне, тарихына қатысты жоба. Оның да аясын арттырсақ, біз көтеріп отырған идеологияның іске асуына бұл да бір жақсы мүмкіндік болмақ. Екінші мәселе, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды, «Ұлы дала елі» идеясын ұғындыру. Елбасы «Мәңгілік ел» қағидаттарын нақтылап берген болатын. Оның мән-маңыздылығын жастарға түсіндіру аса қажет. Осы мақсатта мектеп бағдарламаларына «Мәңгілік ел» қағидаттары енгізілмек. Білім беру саласында бекітілген бағдарламаларға өзгерістер енгізу бірден жүзеге аса қоймайтыны түсінікті жайт. Десе де, алдағы уақытқа арнайы жоспарлар бекітіліп, «Ұлы дала елі» идеясын да бекітуге бағыттталған шаралар іске аспақ. Оқу бағдарламалары консервативті болғанымен оның ішіндегі арнайы, қосымша, онлайн сабақтар өткізуді жалпы бағдарламаға енгізу жоспарланып отыр.
Ішкі идеологиядағы ғылыми негіздер нақтыланып бекітілсе, ЖОО-нан бастап, балабақшаға дейін оны іс жүзінде жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Екінші, тіл саясатына қатысты көтеріліп отырған мәселе бойынша айтар болсам, қазіргі таңда оқу бағдарламаларында қазақ тілін оқытудың көп деңгейлі стандарты бекітілді.
Алдағы уақытта бұл бастама ЖОО-на, техникалық кәсіптік оқу орындарына енгізілмек. Ал министрлік бекіткен оқу жүйесі бойынша 1-сыныптан бастап ағылшын тілі оқылады. Оны қазақ тілінің қолданысына кедергі жасап отыр деп айта алмас едім. Меніңше, көшедегі, телеарналардағы орыс тілінің қолданысы артқандықтан балалардың да қазақ тіліне деген қызығушылығы төмендеп барады. Мысалы, мектепте берілетін білімнен бөлек, интернет я болмаса телеарна арқылы алынатын ақпарат көздері орыс тілінде болып отыр. Бұл ретте ең алдымен осындай мәселелерді шешіп алған дұрыс деген ойдамын.
Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:– «Ұлы дала елі» деген сөздің жалпақ мағынасы біздің ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымыз. Ең бастысы, осы идеяның аясында тарихты түгендеп алуға тиістіміз.
Жасыратыны жоқ қазіргі таңда тарихи кітаптар да, тарихшылар да өте көп. Оқырмандар содан адасып жатады. Мүйізі қарағайдай ғалымдар сақтың бізге қатысы жоқ, ғұндардың жалғасы болмаған деген пікірлер айтып жүр. Көктүріктерге қатысты да сан түрлі болжамдар айтылып келеді. Бұндай пікір айтқан ғалымдар, дәл осылай оқытып та жүруі мүмкін.
Тарихта адасушылық болған кезде, айтылып отырған идеяларды жастардың қабылдауына сіңіру қиын болды. Мысалы, Ресей қазір өзінің академиялық тарихын жасауға кірісті. Тарихтың негізгі идеясы – шындық. Бізге де академиялық тарихымызды қалыптастыратын уақыт жетті. Ол үшін «Ұлы дала елі» идеясын тұжырымдап, тұрақты жұмыс жасайтын ғылыми шығармашылық топ құрып, деректі фильм түсірілсе. Біз қазіргі таңда соған шөлдеп отырған елміз ғой. Ол үшін ұлы бабаларымыз жүрген жерлермен ғылыми-шығармашылық топ жүруі тиіс. Ол тек екі-үш күнде біте қалатын жұмыс емес. Тіпті, ғылыми-шығармашылық топтың жұмысы ондаған жылға созылуы мүмкін. Бұл жұмысты Халықаралық Түркі акдемиясы атқаруға толық мүмкіндіктері бар деген ойдамын.
Сөйтіп, далада шашылып жатқан тарихымызды жинап, халыққа көрсетуіміз керек. Көпшілік естіп, көзімен көргеннен кейін оны шынайы сезіне алады. Ал жастарға Елбасының «Ұлы дала елі», «Мәңгілік ел» идеяларын көлемі шағындау кітапша етіп шығару керек. Екінші мәселе, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2013 жылы балабақша, мектеп, ЖОО-на біркелкі стандарт енгізілуі тиіс болатын. Бағдарламада ЖОО-ның бітірген маман өз саласымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеріп шығуы тиіс деп жазылған. Ал министрлік тарапынан бұл стандарт іске асқан жоқ.
Жалпы осы уақытқа дейін, 1989 жылдан бері тіл туралы 99 құжат қабылданды. Соның бірде бірі орындалмаған күйі қалып келеді. Тіл туралы құжаттардың ең үлкені – 1999 жылы 4 қарашада Президент қол қойған «Тіл саясатының тұжырымдамасы» болатын. Сол тұжырымдамада: «мемлекеттің барлық заң актілері қабылданатын тіл ̶ мемлекеттік тіл» делінген. Ал сол шын мәнінде іске асып жатыр ма? «Ресми шараларда, қызметтік хаттарда, іскерлік қарым-қатынаста қолданытатын міндетті тіл ̶ қазақ тілі» деп заңда жазылған. Қазіргі уақытта «міндетті тіл» деп айта алмай отырған жайымыз бар. Сонымен қатар, «барлық мемлекеттік ұйымдар мемлекеттік тілде жұмыс жасайды» делінген болатын. Іс жүзінде ол да орындалып отырған жоқ.
«Есеп-санақ, мемлекеттік құжаттар мемлекеттік тілде жүргізіледі» делінген. Ол да орындалып отырған жоқ. «Мемлекеттік қызметке қабылдау барысында міндетті түрде мемлекеттік тілді меңгеруі керек» деп те жазылған. Оның қарасы да жоқ. Одан кейін қабылданған тіл заңының да тағыдыры тура осындай. Әр жиын сайын 23-бапты айта-айта жауыр қылдық. 1996 жылы билік 23-бап орындалмаса, қазақ тілі мемлекеттік тілге айналмайтындығын өздері мойындап, кәсіби тұрғыда тіл білетіндер мен білмейтіндердің тізімін жасау керек еді. Бұл бастама бір емес бірнеше рет ұсынылғанмен әлі жүзеге асқан жоқ.
Талқыланып отырған бағдарламада біз үміт күткен нәрсе – мемлекеттік тілдің нормативтік-құқықтық базасын нығайту болатын. Осы негізде ешбір министрліктен тілге қатысты ұсыныс түскен жоқ. Қазіргі қолданыстағы заңның 9-бабында: «Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, аударылады» делінген. Ал бағдарламада осы мәселе іске асады деп тайға таңба басқандай айтылған. Қаншама жиын өткізіп, мақала жазып, 9-баптың жүзеге асуы үшін арнайы бағдарламаға енгіздік. Ол заңда да, бағдарламада да іске аспай отыр. Қорыта айтқанда, біз сөз қылып отырған бағдарлама орындалған жоқ. Бұл мәселеге алдағы уақытта қайта оралуға тура келеді.
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Жазушылар одағының төрағасы: – Қазақ тілінде көпшілікке арналған әдебиет болсын, көркем әдебиет болсын 2000 данамен шығып, 2000 кітапханаға үлестіріліп беріледі. Ал қалған қазақ тілді оқырмандардың қолына жетпей жатады. Ондай кітаптарды «өлі кітап» деп айтар едім. Мәселенің мәні осында. Кітап оқымаған ұрпақтың сауатсыз болып шығатындығы тағы бір мәселе. Қазіргі заманда техника дамып, ақпарат алудың сан түрлі мүмкіндіктері пайда болды. Десе де кітаптың жөні бір басқа. Оның өзіндік тәрбие құралы екендігін ұмытпауымыз керек.
Біздің адам болып қалыптасуымызға сол кітаптардың ықпалы мол болды. Менің ойым, қазақтың тіл өнеріне, М.Әуезовтің тілінде кітап оқуға шөлдеп отырған жұрттың қолына кітап жетуі керек. Ол үшін мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың тиражын арттыруды қолға алу керек. Әдебиетке қамқорлық жасау арқылы тілдің мәртебесін арттыратындығымызды ұмытпайық.
Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры:– Тіл мәселесіне қатысты көтеріліп отырған тақырып аса өзекті. Аталған мәселе тек Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министірлігі ғана емес, барлық министрліктерде қаралуы керек.
Мемлекеттік тілге қатысты шешімі табылмай отырған түйіткілдерді жеке бастың мәселесін күйттеп қана емес, арды ойлап қозғау керек. Өйткені әрбір азамат тілге қатысты маңызды мәселені өз отбасынан бастап қолға алып, іске асыратын заманда өмір сүріп отырмыз. Кеше Елбасы БҰҰ-ның мінберінен тарихта алғаш рет мемлекеттік тілде сөз сөйлеуі қазақ тілін білетін әр адам үшін мақтаныш, ой салатын қадам болды деп айтар едім.
Бұл бір жағынан ел екендігіміздің, ана тіліміздің бар екендігін аңғартатын шешімді іс. Елбасыдан үлгі алып, ұлтымыздың инттелектуалдары мемлекеттік тілде сөйлейтін болса, соңынан ергендер де айтар ойларын қазақ тілінде жеткізер еді.
Шындығына келгенде заңды жүзеге асыратын да, тәртіпті орнататын да өзіміз. Тіл мәселесіне қатысты бұрын айтылғанымен әртүрлі себептермен кейінге ысырылып келе жатқан түйіткілдерге тоқталғым келеді. Соның бірі бізде аты бар да, заты жоқ ұйымдардың саны артып отыр. Тіл орталықтарының қаншасы сұранысқа ие? Осы мәселені тексеру керек.
Сонымен қатар еліміздегі әлеуметтік институттардың қызметін арттыру керек. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлттық-мәдени орталықтармен бірлесе отырып, «Әлем мұрасы мен тұлғалары қазақ тілінде» сериасымен шағын көлемде кітаптар шығаруды қолға алуға болады. Мысалы, неміс орталықтары өз халықтарының мақал-мәтелдерін қазақ тілінде шығарса, өздері үшін де, қазақ тілі үшін де тиімді болар еді.
Негізінде қазақ тіліне қызмет ететін институттар жетіп артылады. Солармен байланысты арттыруға тиіспіз. Сонымен қатар, соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдарының сапасы турасында арнайы есеп даярланса деген ұсынысым бар. Оған тек министрліктің шеңберінде ғана емес, жалпы қоғамның белсенді мүшелерінің қатысуымен арнайы зерттеу жүргізуге болады.
Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы
http://turkystan.kz/