Ол қашанғы оспадарлықтың құрбаны болмақ? Қазір қайсы қалада да, далада да көлік иін тіреседі. Күн сайын ондаған жүргізуші жол ережесін бұзады, айыппұлын төлейді. Бұл, әсіресе, қала үшін үйреншікті жағдай. Көлік жүргізген алты жыл ішінде бірде-бір жол ережесін бұзбаған, тәжірибе жинап қалған Қостанай қаласының тұрғыны Ақтолқын Жәнібекова өзінің мүлт кеткенін байқап қалады да, жол полициясының белгісіне тоқтайды. Алайда, қызыл шамнан байқамай өтіп кеткен ол жол полицейінің әрекетінен жүйкесі осынша жұқарып, азаматтық құқы, намысы тапталады деп ойламаған еді. Қостанай қаласы ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полициясы батальонының полицейі, полиция сержанты Дәулет Досмайылов келіп, алдымен жүргізушінің құжаттарын алады. Оны жол-патрульдік полициясының бекетіне алып келеді. Шу осы жерден шығады. Сержант Жәнібековаға хаттаманы орыс тілінде толтыруды талап етеді. Ол: «Орысша толтырмаймын, мен қазақ тілінде толтырамын», деп хаттаманы толтыруды бастайды. Сержант оны орыс тілінде толтыруға мәжбүрлейді. «Егер орысша толтырмасаң, жүргізуші куәлігіңнен бір жылға айырамын», дейді. Сол жерде Ақтолқын: «Мен неге орыс тілінде толтыруым керек? Қазақ тілінде толтыру маған ыңғайлы, оның үстіне мемлекеттік тіл емес пе, өзің де қазақсың ғой?» дейді. Оған сержант та қарап тұрмайды: «Қазақшаны өз Отаныңа барып сөйле (Ақтолқын Оңтүстік Қазақстанда туып-өскен). Хаттаманы орыс тілінде толтырсаң 10 мың теңге, қазақ тілінде толтырсаң 20 мың теңге айыппұл төлейсің», деп аузына не келсе соны айтады. Ақтолқын сержанттың бұл сөзін қалай түсінерін білмей дал болады. – Мен хаттаманы амалсыз, айқай-шумен орыс тілінде толтыруға мәжбүр болдым. Өйткені, көлік менің күнделікті күнкөріс құралыма айналған. Күйеуім жүк тасушы болып істейді, үйде апталап болмайды. Ұлымды мектепке апару, түрлі үйірмелерге жеткізіп тұру менің міндетімде, оның үстіне бизнесіме де осы көліктің арқасында үлгеремін. Сондықтан жүргізуші куәлігімді сақтап қалу үшін сержанттың айтқанына көніп, амалсыз орыс тілінде толтырдым. Ал негізінде мен қазақ тілінде білім алғанмын, орыс тілінде нашар сөйлеймін, – дейді Ақтолқын Жәнібекова. Полиция бекетіндегі үш сержанттың қазақ тілінде хаттама толтыруды талап еткен Ақтолқынды кекетіп, күлкіге айналдырғаны, оның азаматтық намысына тигені әйелдің жүйке жүйесін әлсіретуге дейін барады. Ол сол жерде «Жедел жәрдем» шақырады. Өзінің азаматтық, тіпті конституциялық құқын таптаған сержант Дәулет Досмайыловтың үстінен шағым қалдыру үшін Ақтолқын түн ортасында облыстық ішкі істер департаментіне қайтып келеді. Ана тілім деп шырылдап келген Ақтолқынның маңдайы мұнда да тасқа тиеді. Онда отырған кезекші: «Шырағым, мұнда шағымыңды орыс тілінде жазбасаң, ол қаралмайды, жата береді. Бізде қазақ тілінде іс қарайтын ешкім жоқ», – дейді. Сонымен, кезекші Ақтолқынның сөзін орыс тіліне аударып отырады да, шағымды орыс тілінде тастап кетеді. Бірақ, арызды орыс тілінде жазғанмен, Ақтолқын Жәнібековаға облыстық ішкі істер департаменті басшылығынан жауап болған жоқ. Ол сержант Д.Досмайыловтың үстінен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына арызданған болатын. Досмайылов сотқа үшінші шақырғанда зорға келді. Осы сотқа біз де қатыстық. Сотта Ақтолқынның өзінің азаматтық, конституциялық құқығының тапталғаны, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның бұрмаланғаны туралы айтқандарының барлығы да судья А.Айтқожинов тарапынан қаперге алынған жоқ. Осы іске қатысқан қалалық прокурордың көмекшісі С.Әділкенұлының түсіндіргеніндей, әкімшілік сотта тек әкімшілік мәселелер қаралады. Сотта Жәнібекованың мемлекеттік тілге қатысты сержант үстінен жазған шағымында айтылған мәселелердің барлығы да қағаз бетінде ғана қалды, шағымы қанағаттандырылған жоқ. Судьяның қазақ тілінде ежелеп оқып берген шешімінде Қостанай облысы ішкі істер департаменті жол-патрульдік полициясы батальонының Жәнібекованы әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулысы өз күшінде қалдырылды, яғни Жәнібекова айыппұл төлеуі тиіс деген қорытындыға келді. Ал Ақтолқын сотта: «Мен жол ережесін бұзғанымды, айыппұл төлеуге тиісті екенімді мойындамай тұрғаным жоқ, әңгіме мен сол үшін хаттаманы неге өз ана тілімде, мемлекеттік тілде толтыра алмаймын?», – деді. Сот, әрине, сержант Д.Досмайыловты да тыңдады. Сержант Д.Досмайылов Ақтолқын айтқан жайларды мойындаған жоқ, оның хаттаманы өз еркімен орыс тілінде толтырғанын, өзімен орыс тілінде сөйлескенін айтты. Ол сөзін: «Герцен көшесінде светофор тұр, қызылмен өткен осы адам», деп бастады да, әрі қарай ойын орысша айта жөнелді. Судьяның «Іс қазақ тілінде жүріп жатыр, егер ойыңызды қазақ тілінде айта алмасаңыз, аудармашы сұрайық», деген ескертпесіне бір ауық үнсіз қалды да, сөзін былдырықтап қайта бастады. Бірақ, Д.Досмайыловтың жүзінен алдымен ана тілін, сосын мемлекеттік тілді білмегеніне, үйренбегеніне қызарған кейіп байқалмады, жүрекке, санаға жол жабылып қалғандай. Осылай сот аяқталды. Сот мәжілісінде Д.Досмайыловтың қазақ тілінде еркін сөйлей алмауы қанаты сынған торғайдың халін еске салғандай болды. Қазақтың ана тілінен мақұрым ұлы мен ана тілі үшін шырылдаған қызының бетпе-бет кездесуі қазақ тілінің – мемлекеттік тілдің болашағын ойлаған әркімнің де көңілін толқытқандай еді. Д.Досмайылов бұл жерде тек қазақтың ұлы ғана емес, ол – мемлекеттік қызметші, халық қызметшісі. Ана тілін өгейсіген жігіттің әрекетінен Қазақстанның қарапайым азаматының конституциялық құқы, еліміздің «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бұрмаланды. Полицей өздерінің жұмысын реттейтін Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Жарлығын елемеген сыңайлы. Бұл нені көрсетеді? Ақтолқын Жәнібекованың шақшадай басын шарадай еткен осы оқиға Қостанай облыстық ішкі істер департаментінде, Қостанай қалалық ішкі істер басқармасында мемлекеттік тіл, мемлекеттік рәміздер туралы жұмыстың ақсап тұрғанын айнадағыдай көрсетпей ме? Тек бұл емес, ішкі істер департаменті ғимараты алдындағы көлік қоятын орындарда сілтеме жазулардың ешқайсысында қазақ тілінде бір сөз жазылмаған. Барлығы да тек орыс тілінде. Тіпті, жол полициясының ғимаратында маңдайша алдымен орыс тілінде, содан соң қазақ тілінде ілінген. Олар сонда «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талабына пысқырып та қарамайтын секілді. Біз болған Қостанай қалалық ішкі істер басқармасы, оның солтүстік, оңтүстік бөлімшелері, Жол полициясы ғимараттарының ешқайсысында Қазақстан Республикасының Туы ілінбеген. Мұны қалай түсінуге болады? Бұлар мемлекеттік мекемеге жатпай ма? Театрдың киімілгіштен басталатыны секілді, қоғамдық тәртіпті күзететін мекеме, органның жұмысы да мемлекеттік рәміздерді дұрыс, орнымен пайдаланудан басталмай ма? Мұндай берекесіздік орын алып отырған қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерінің жасаған оспадарлығы көп нәрседен хабар бергендей. Қазір Ақтолқын өзінің құқын, аяқасты болған мемлекеттік тілді қорғау мақсатымен соттың жоғары сатыларына арыздануды ойлап отыр. Ана тілі үшін шырылдаған қыздың жанайқайын естір құлақ болса, кәнекей…
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай.