АЛТЫНОРДА
Новости

 Мен үшін қазақтан биік халық жоқ

Ерболат ТӨЛЕПБАЙ, суретші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

30.03.13

 

 

– Сіз өнерден өз жолын тапқан, осы саланың нағыз хас шеберісіз. Бұл құн­ды­лық сіз үшін қаншалықты маңыз­ды?

– Бұқаралық ақпарат құралдары тартқан хабарларға қарап отырсаң, шетелде өнерді керемет қадірлейтіндігін, сүйетіндігін, дәріптейтіндігін жиі сөз етеді. Сөз жоқ, солай. Оны мойындауы­мыз керек. Яғни барды бар, жоқты жоқ деп айтуға тиістіміз. Өкінішке қарай, өз еліміз жайында олай мақтана алмаймыз. Өнердің құндылығына терең мән бере бермейтін халықпыз. Неге? Осы сұраққа өзім де толық жауап бере алмаймын. «Неге?» деген сауал үнемі көкейімде тұра­ды. Жалпы, өмірде бәрі өткінші. Адам нәресте болып өмірге келді, өмір сүрді, қартайып өмірден өтті. Ал сен өмір сүріп кеткен заманды, кейін дүние­ге келген ұрпақтар қайдан біледі, қалай бағалайды? Мәселе сонда. Келер ұрпақ сен өмір сүрген дәуірді сенің қол жеткіз­ген жетістігіңмен бағалайды. Солай ғой. Сен салған сурет, қашаған мүсін, жаз­ған керемет ән не болмаса тұрғызған ға­жайып ғимарат сен өмір сүрген дәуір­ден мағұлмат береді. Ұрпақтың көңілі толса, онда «алтын ғасыр» болған екен деп дәріптейді. Көңілі толмаса «құлдырау дәуірі» деп тағы да бағасын береді. Мысалы, маған біреу «өткен ғасырдың құнды дүниесі не?» десе, бірден ол өткен ғасырдың басында дүниеден өткен ұлы ақынымыз, тамырын тереңге тартқан ойшыл Абайдың бір жапырақ қағазға сиямен жазып кеткен өлеңі дер едім. Өйткені оны Абай өз қолымен жазды. Сол дәуірде өмірге келген саяси қайрат­кер­лерді де, белгілі тұлғаларды да мен одан жоғары қоя алмаймын. Егер ғайып­тан Абайдың өз қолымен сия тамыза отырып жазған бір тал қағазы түссе, оны алтын рамкаға салып, төріме іліп қояр едім. Өйткені мен үшін өткен ғасырдың ең құнды дүниесі сол. Өзгелер де құнды дүниелерді осылайша сүюін, осылайша қадірлеуін қалар едім…

– Бүгінгі қоғамды қалай бейнелеп жүрсіз? Қандай бояумен, нені салар едіңіз?

– Мен өмір сүрген ортама, қоғамға өте үлкен сыни көзқараспен қарайтын адаммын. Мұны билікке қарсы, не бол­маса өзгеге қарсы оппозициялық көзқа­рас деп ұқпаған жөн. Егерде өнер адамы оппозициялық ниетке бейім тұрса, уақытша саясаттың сойылын соқса, онда адасқаны. Рас, қоғамдағы ақ пен қараны ажырат. Әділдігі қайсы, әлімжет­тігі қайсы, соны түсін. Таразыла. Тереңі­не үңіл. Өмір болған соң, түрлі жағдай болып тұрады. Бірақ соның бәріне қара көзілдірік киіп қарауға болмайды. Сондықтан «мына қоғамды қағазға қа­лай түсірер едіңіз?» десеңіз, жақсы рәуіш­те дер едім. Қалай десеңіз де біз – бақытты адамбыз. Адамзат кемеліне келіп, талай игілікті тірлік жасаған за­ман­да өмір сүрудеміз. Оны күңгірт бояу­мен бейнелеу мүмкін бе?

– Кезінде депутат болдыңыз. Бірақ «бұл менің қолым емес» деп мандатты өткі­зіп кетіп қалдыңыз. Шен-шекпен­нен гөрі, қылқалам сізге артық болды-ау деймін…

– Мен сонау 90-шы жылдары депу­тат болдым. Социализмнің әлі аяғынан тұрған кезі еді. Бірақ аз ұлттарды аяққа салып таптаған сол дәуірге наразы едім. Құдайға шүкір, аяқасты заман өзгерді. Қазақ халқы ғасырлап күткен тәуел­сіз­дік­ке қол жеткізді. Содан депутаттың крес­лосында отыра бермей, еліміздің өлмес өнеріне аралассам деген ой туды. Сосын мандатты қайырып, қылқаламды қолыма алдым. Бұған өкінбеймін. Әркім өз ісімен айналысуы керек. Жазушы жазуын жазсын, суретші суретін салсын, артист киносына түссін, сахнада кейіп­керлерін сомдасын. Осылай да елге игі­лік­ті қызмет жасауға болады. Өзім осы ұстанымды ту еткен адаммын.

– Сіз әлемнің 40-тан астам елінде бол­дыңыз, көрмелер ұйымдастыр­ды­ңыз. Жалпы, сыртта жүргенде көңі­ліңізге не түйдіңіз, не үйрендіңіз, неден жирендіңіз?

– Өнер – өте азапты жол. Оңай емес. Екінің бірі тәуекел ете бермейді. Егер де сәл ғана жетістікке жетіп, «бол­дым-толдым» десең – қателескенің. Өнер мәңгілік ізденісті қажет етеді. Ше­телде көрме өткізу біреулер үшін мақ­таныш болуы да мүмкін. Шындығы сол ғой. «Мен ана жерде, мына жерде өт­кіздім» деп есеп беріп, орталарда ауыз­­дыға сөз бермей, есіп отыратын жігіт­тер де бар. Бірақ мен ол топтан емес­пін. Қай жерде, қай елде көрме өткізбейін, кө­кейімде осы жұрт ұлтымды менің сурет­терім арқылы таныса екен, білсе екен, осындай керемет халық бар екенін мо­йын­дап сыйласа екен деген ой тұрады.

Әрине, біз өз елімізде, әр деңгейде өтіп жататын жиын-тойларда, бір-бірімізді «ой, сен кереметсің, ұлысың, ғұламасың» деген сияқты түрлі марапат-мақтаулар айтып жатамыз. Бірақ бұл – өз ішімізде. Сыртта сенің ұлтыңды сөй­тіп айту үшін, оны дәлелдеу керек. Қайтіп? Өз ұлтыңды өзгеге мойын­дату­дың түрлі жолы бар. Соның бірі мен үшін өнер арқылы, ішкерілей кірсек, салған суреттерім арқылы. Менің көр­ме­ме кіру үшін халық ұбақ-шұбақ кезек­ке тұрады деп айта алмаймын. Кем де­ген­де 4-5 мың адам келсе, соған шүкір деуге болады.

Рас, кез келген адам өзінің жасаған дүниесі арқылы алдымен өзін танытуға ұмтылады. Ол – заңдылық. Өзі арқылы халқын танытады. Мәселен, Шыңғыс Айтматов өлмес шығармалары арқылы, қырғыз деген халық әлемде бар екенін жалпақ жаһанға жария етті. Расул Ғам­затов өлеңдері арқылы тау ішінде өмір сүретін кішкентай Дағыстан деп атала­тын елін әлемге әйгіледі. Яғни бұлардың бойларында буырқанған дарын елін де, жерін де танытты. Менде де осындай ар­ман бар. Ақиқатын айтсақ, біз шыға­рып жатқан мұнай да, газ да, түрлі-түсті темір де Қазақстан деген мемлекетті әлем­ге әйгілей алмайды. «Иә, сондай бір табиғи байлыққа белшесінен батқан бай ел бар» дейді. Болды. Ол елде кім тұрып жатыр, дамуы қай деңгейде, мәдениеті қандай, тарихы қалай деген мәселенің байыбына ешкім бара алмайды. Әсілі бір елді екінші елге танытатын – елдің мәдениеті, өнері. Мәдениетің, өнерің, сал­ған суретің арқылы өзге жұрт хал­қың­ның қандай деңгейде екенін байқай­ды. Сезінеді. «Осындай ел бар екен, мә­де­ниеті бізбен деңгейлес екен, бұлар­ да керемет дарынды адамдар екен ғой» деген көкіректерінде бір ой туады. Менің арманым – осы. Ал не үйрендің дегенге келсем, көп нәрсе үйрендім, көңіл­ге түйдім. Бірақ солай бола тұрса да өз халқымды өзгелердің алдында түк­ке тұрғысыз ете алмаймын. Әр елдің даму жолы әртүрлі. Мен үшін қазақтан биік халық жоқ.

– Осыдан екі жыл бұрынғы бір сұх­батыңызда қазаққа көңіліңіз тол­май­тын­дығын айтыпсыз. Өркениеттен кеш қалған, өнерді түсінбейтін ұлт деп кінәлапсыз. Қазір сол пікіріңіз өзгерді ме?

– Енді не айтуға болады? «Мені тү­сін­бейді, бағаламайды» деп үнемі жы­лай беруге де болмас. Біз өзі сондай халық­пыз ғой. Кейде «қолда бар алтынның» қадірін сезіне бермейміз. Бәлкім, көш жүре түзелер. Біз де өнерді Еуропа хал­қын­дай қадірлейтін күнге де жетерміз. Үміт үзуге болмайды. Жалпы байқаға­ным, Үкімет мәдениет, өнер саласына аз қаржы бөліп жатқан жоқ. Құдайға шү­кір. Бірақ сол ақша өнер иелерінің қолы­на жетіп жатыр ма? Мәселе сонда болып тұр.

Меніңше, Үкімет мәдениет, әдбиет саласында арнайы бағдарлама қабылдап, соны жүзеге асыру керек сияқты. Мы­салы, алдағы 5-10 жылда, мынадай кітап жазылса, мынадай суреттер салынса деген­дей. Сонда біраз қозғалыс болар еді. Билік өнерге икемділік таныта бас­та­са, халық қайда барады? Осындай ар­найы бағдарлама, тапсырыс арқылы өнерді белгілі бір белеске көтеріп тас­тауға болар еді. Кезінде – өткен ғасыр­дың 50-ші, 60-шы, 70-ші жылдары мемлекет арнайы тапсырыс беріп, қо­мақты қаржы бөле отырып, мәдениетті, өнерді бір кө­теріп тастаған. Сондай бір қозғалыс тағы керек сияқты. Қазір бізде кино саласы жақсы дамып келеді. Өзге де сала соған ілессе жаман болмас еді. Мәселен, жақ­сы шығарманы дүниеге әкелу үшін кей­де екі-үш жылды сарп етуге тура келеді. Бірақ бір дүние жасай­мын деп сонша уақыт қалай отырасың? Отбасын немен асырайсың? Сондықтан жазушы бола ма, суретші бола ма, өзге бола ма оған сол екі-үш жыл тапжылмай отырып жұмыс істейтін қаржы беру керек. Сонда сең қозғалады.

– Әлемнің даңқты мұражайларында туындыларыңыз Ван Гог, Леонардо да Вин­чи, Микеланджело, Рафаэль, Пи­кассо еңбектерімен қатар тұрғанын бі­ле­міз. Кейде өзгені табындыратын дең­гейге көтерілдім деген ой келе ме?

– Соңғы көрмені Австрияда өткіздім. Оны осы ғасырдың атақты суретшісі Ромю Талибер келіп көрді. «Ерболат Төлепбай ұлы – суретшілер дәреже­сін­дегі адам» деді. Жылы сөз. Адамға қанат бітіреді. Ол мұндай пікірді кез келген суретшіге айта бермесе керек-ті. Сөйтіп, менің суреттеріме тұшынды. Риза бол­ды. Қара қазақтың қолынан сурет салу келетінін аңғарды. Бірақ «Ван Гог, Лео­нар­до да Винчи, Микеланджело, Ра­фа­эль, Пикассолардың деңгейіне жетіп қалып­пын» деген әзәзіл ой туындаса, онда менің біткенім.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Бірақ оған малдануға болмайды. Керісінше, «солардың деңгейіне неге жете алмай жүрмін?» деген сауал тууы керек. Сонда ғана адамға ізденіс, талпыныс бітеді. Жал­пы, суретшілердің өзі екі топқа бөлінеді. Бірі – атаққа, ақшаға жұмыс істей­тіндер. Олар үшін атақ алса, ақша тапса, мақталса болды. Екінші топ үшін атақ, қаржы басты мәселе емес. Қалай да өнердің түбіне жету, өлмейтін дүние қалдыру. Мен екінші топтың қатарына жатамын. Маған да атақ, жылы сөз, мақтау, қаржы керек. Бірақ бұл мен үшін екінші я болмаса үшінші кезекте тұрады. Бірінші мақсатым – өлмейтін картина жасау. Сонда атақ та, қаржы да өзі іздеп келеді. Шеберханамда отырсың ғой. Салған суреттеріме қарашы? Жар­қырап тұрған ешқайсысы жоқ. Сатып алып, төрге іліп қойып, рақаттана қарай­тын да дүниелер емес. Менің қаламымнан шыққан туындылардың кейіпкерлері көбі тағдырдан таяқ жеген, қасірет шеккен, қайғылы жандар. Олар кімге керек? Оны кім төріне әспеттеп іліп қой­мақ? Ешкім. Бірақ мен сондай образ­дар арқылы өзгелерді адамдардың ішкі жан дүниесіне үңілуге шақырамын. Сол үшін тер төгемін. Соны әлемдік деңгей­дегі тұлғалар түсініп, жылы шырай та­ны­тып жатса, жаман ба?

– Кейбір атақты суретшілердің кар­ти­наларында керемет бір тылсым дү­ние жатады. Адамға өзгеше әсер береді, жын­ды қылады, тіпті өлтіріп жібереді. Бұл суретшілердің қаламының аса құ­ді­реттілігі. Сізде осындай картина бар ма?

– Қызық сұрақ екен. Қанша жерде сұхбат бердім, дәл осындай сұрақ қойған ешкім болмады. Рас, мен сіз айтып отыр­ған сұраққа толық қосыламын. Ондай құдіретті туындылар бар. Өйткені аса ірі дарын иесі суретке бүкіл жан дүниесін салады. Бойындағы лапылдаған күш-қуатты картинаға құяды. Содан туынды жанды дүние болып шығады. Ал ол сурет өзгеге әсер етері сөзсіз. Бірақ бәріне бір­дей деп айта алмаймын. Кім суреттің ішкі дүниесіне үңіле алса, соған.

Эль Греко, Франциско Гоя бастаған мықты суретшілер бар. Ол суретшілердің картиналарын көргенде бойыңда белгісіз діріл пайда болады. Біртүрлі сезімге бой алдырасың. Картинаның құдіреті деген сол. Ал өзіме келсем… біл­медім… Мен емес, өзге жан сезіну керек қой, оны…

– Мықты суретшілер көп. Бірақ өзіңізге тым жақыны, өзіңіз құдіретіне бас иетін кім?

– Мен кем дегенде он жыл сайын сурет салу стилімді өзгертіп отыратын адам­мын. Тек бір бағытта, бір стильде сурет салу адамның ішін пыстырады. Сол он шақты жылдың көлемінде өзім таңдаған стильде сурет саламын. Оның ішкі-сыртқы сырына терең бойлай алдым, енді ол стиль мен үшін мәнін жоғалтты деген ойға келген кезде, сурет өрнегін өзгерте қоямын. Қашанда ізденіс керек. Бір орында тыпырлап тұра беруге бол­майды. Онда мәңгілік дүние тудыру мүм­кін емес.

Мені қатты қызықтыратыны – жал­пы саны он-он бес суретші бар. Эль Гре­ко, Гоя, Модильяни, Пикассо, т.б. Бұлар­дың бояуды түсінуі, оны қолдануы ға­жап. Қашанда солардың салу әдісін, бояуды жағу тәсілін тереңірек ұғынуға тырысамын. Бірақ солай бола тұрса да, салған картинамда қазақтың рухы, қа­зақтың ішкі жан дүниесі көрініп тұ­руы шарт. Мен үшін басты мәселе – осы.

– Қазақ сурет өнерінде өзіндік қол­таңба қалдырған дара дарындар жет­кі­лікті. Солардың бірі – «Ұлы көш» де­ген ғажап картина жазған Бексейіт Түлкиев, «Ақтабан шұбырынды» деген картиналар тізбегін жасаған – Мағауия Аманжолов. Өкіншіке қарай, екеуі де өмірден ерте озды. Бірі кісі қолынан мерт болса, бірі із-түссіз жоғалып кетті. Осы қос дарын жөнінде не айта ала­сыз?

– Дүниенің мәні адамның өмірден ерте не кеш кетуінде емес. Ең бастысы –өлмейтін, жоғалмайтын із қалдыра білуінде. Бұл екі талантты жігіт те соңы­на ел тамсана қарайтын ғажайып туынды тастаған жандар. Бексейіт «Ұлы көшті» жазды. Қазір бізде одан үлкен картина жоқ. Мағауия «Ақтабан шұбырындыны» салды. Бәлкім, бұл жігіттер аман болып, қатарда жүргенде бұдан да зор еңбектер дүниеге әкелер ме еді? Туғанда хақ та­ғал­ла маңдайына не жазды, соны көрді. Өкін, өкінбе, жазмыштан озмыш жоқ. Менің ағам – Тоқболат Тоғысбаев со­лар­дың бірі. Көп туындыны бастады. Бірақ аяқсыз қалды. Өкінішті. Өнерге жақын жүрген жұрт бұл қылқалам иелерін ұмытады деп ойламаймын.

– Қазақстанда керемет бір сурет мұ­ра­жайын салғым келеді. Оның қоры бай болса деп армандаймын деп едіңіз? Ар­ма­ныңыз іске асатын уақытты дәл ай­та аласыз ба?

– Мұражай салу мүмкін емес шығар. Ондай іргелі дүниемен жеке суретші емес, мемлекет айналысуы тиіс. Кезінде сондай бір ой болып еді. Ерте ме, кеш пе, өтпелі заман ғой, пәнимен қош айтысып, біз де бақиға озарымыз анық. Сол кезде салған картиналарым шеберхананың бір бұрышында шаң басып жатпай, ел көретін көрікті жерде тұрса деген ой ғой. Ол жерде тек менің дүниелерім ем­ес, өзге де жұрттың жауһарлары тұрса де­ген ізгі мақсаттан туған арман еді. Ертең жұрт іздей қалса, «мынадай-мы­надай дүниелері болған екен» деп, аты-жөнімізді еске алып жатса, ол да бір ба­қыт. Елеусіз, іздеусіз қалғаннан артық қасірет бар ма?

Қазақта тума таланттар көп болған ғой. Ол жазушы ма, ақын ба, жырау ма, суретші ме, әлде артист пе… бәрібір. Бі­рақ солардың қайсысына керемет мұра­жай аштық? Ары кетсе тұрған үйін, соның бір бөлмесін ғана мұражай етіп жасай алдық. Бұл аз. Бұл – өнерге деген кем көңілдің тірлігі. Егер мемлекет өз арыс­тарын, арда ұлдарын өзгеге үлгі еткісі келсе, сыңғырлаған мұражай ашып қоюы тиіс. Оған еліміздің әлеуеті жетеді. Тек ниет керек.

– Тапсырыспен сурет салып көрдіңіз бе?

– Салмадым десем, өтірік айтқаным. Ондай жағдайлар болып тұрады. Мә­селен, мемлекет тарапынан ұсыныс ай­ты­лып жатады. Өйткені еліміздің идеологиясын қалыптастыру үшін де түрлі жанрда сурет салуға тура келеді. Онсыз болмайды. Басында айтып кеткен Бексейіттің, Мағауияның бастап кеткен, бірақ жалғастыра алмаған дүниелері көп. Солардың жалғасы іспетті шығар­малар жазу дегендей. «Күнкөріс үшін тапсырыспен саласыз ба?» дейсіз. Неге салмасқа?! Күнкөріс керек қой. Менің салғандарымның бағасы арзан емес, қымбат.

– Шамамен қанша тұрады?

– Бағасын айту міндет емес болар. Бір жылда төрт-бес картинам сатылып кетсе, мен үшін жаман емес. Жүріс-тұ­рысымды, отбасымды асырауға жетеді. Кезінде көп суреттерім Мәскеуде сатыл­ды. Қысқасы, сол заманда қолымнан шыққан үш жүзге жуық картиналарым қызыл империяның құрамындағы он бес республикаға шашырап кетті. Са­тыл­ды, мұражайларға қойылды деген­дей…

Қазір өкінемін. Үлкен бір көрме өткізейін десем, қолымда солардың бірі де жоқ. Суретші атағын шығару үшін салғандарын бір жерге жинап, көрме өткізсе ғана танылады. Ал түгі жоқ су­рет­ші кім болғаны? Қазір мен өте сәтті салынған, мықты дүниелерімді шетел­дік­терге сатпауға тырысамын. Неде болса, елімізде қалса екен деймін. Ерте ме, кеш пе ол қазақтың байлығы болып саналары хақ. Оның бағасын мен дүниеден өткен соң, халықтың өзі белгілері анық.

– Жалаңаш әйелдердің, сымбатты қыздардың суреттерін салу бәлкім, қазір тиімді шығар. Себебі олар тез са­ты­лады, пайдасы молырақ. Сіздің мы­нау тер төгіп, салған ғажап дүние­ле­ріңіздің орнында төсекте жартылай жа­лаңаш мекірелене күліп жатқан арудың бейнесі тұрса, қолдан-қолға тимей кетер ме еді?

– Уақытында жалаңаш қыздардың суретін көп салдық. Бірақ қазір мен үшін ол қызық емес. Мен еңбек жасасам, са­туға емес, халық үшін жасаймын. Ба­сында айтып кеттім ғой, базбір сурет­ші­лер, картина салып, соны сату, пайда көру үшін еңбектенеді деп, мен таза өнер үшін тер төккенді жөн көремін. Кейбір адамдар менің салғандарымды қа­былдай алмайды. «Сүйкей-сүйкей сал­ған, не басы жоқ, не аяғы жоқ, осы да сурет пе?» деген көзқарастарды қара­пай­ым адамдардың да, өзің секілді журналистердің де бет пішінінен байқап қаламын.

Рас, менің сурет салу стилім өзгеше. Көбі түсіне бермейді. Бірақ түбі мойын­дайтыны хақ. Менің суреттерім бүгінгі өмірдің ұранына сай келмейді. Халықтың рухын көтеретін де дүние емес. Үлкен идея да жоқ. Керемет бір тақырып та жоқ. Бірақ – сурет. Адам үшін салынған. Бірақ қандай адам үшін, оны өзім де білмеймін. Мәселен, менің кішкентай ғана картинам бар. Онда он-он екі жасар қазақ қызы ауыл шетінде скакалка ой­нап жатыр. Алыс ауыл. Жұпыны тірлік. Кішкентай қыз. Өз-өзімен мәз. Соған разы. Ол үлкен шаһарларда өмір қыз-қыз қайнап жатқанынан бейхабар. Бұл – тағдыр. Оның жаны таза, арманы мөл­дір, оның жаны мынау табиғатпен астасып жатыр. Мұны мен Кеген жаққа барғанда бір ауыл сыртынан көріп қалып едім. Сол жерде нобайын түсіріп алып, артынан соған жеті-сегіз картина арнадым. «Жетінші аспан» деп қойдым суреттің атын. Бір қарасаң, әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ. Тек алыс ауылда, жұпыны тірлік кешіп жатқан кішкентай қыздың бар болмысы, жан дүниесі жа­тыр. Ол секіріп жатыр. Үңілсең, секіріс­те де мән бар. Мен соны көрсеткім келді. Ол қыз Алматыға да келмес, Парижге де бармас. Бірақ сол менің суретімде қалған бейнесі арқылы жарты әлемді аралады. Жұрт көрді.

Міне, көрдіңіз бе, мұндай суреттер са­тылу үшін емес, таза өнер үшін салынған.

– Қазір не салып жатырсыз?

– Мен бір суретті салып бітіріп, ол картинаны теріс қаратып қоятын суретшілердің қатарынан емеспін. Бірін біттің бе, соған үндес, жалғасы ретінде табылатын, бірін-бірі толықтырып тұра­тын бірнеше сурет салу керек. Сонда ғана суретші алға қойған мақсатына жетеді. Қазір «Етек» деген сериялы дүние жасаудамын. Бұл тақырыпты бұрын-соңды ешкім қозғамаған. Етек, яғни орыстар «юбка» деп жатады ғой. Сол жөнінде. Әйелдің, қыз баланың етегінде аңғара білсең көп нәрсе жатыр. Әсіресе – етектің асты. Етектің төңірегі. Сол етекке байланысты болған не бір та­рихи оқиғалар бар. Сол етек үшін болған талай тартыс бар. Мен соны қоз­ға­дым. Жұрт елең етсін дегім келеді. Дүние­жүзілік мәдениетте бұрын болмаған жаңа тақырып. Соны мен қоз­ғап отырмын. Бәлкім, бұл қырық түрлі суретке жүк болатын шығар. Екінші бір жасап жатқан үлкен еңбегім – «Үш апа» деп аталады. Алыс сапардан оралған түйенің үстінде ақ жамылғы тартқан ана отыр. Бұл да сол қырық шақты картина болмақ. Мұнда да үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Бәлкім, туындылар салына келе «қырық апа» бола ма, әлде «қырық келіншек» бола ма, білмеймін.

Қазақта мынадай бір аңыз бар ғой, баяғы жоңғар шапқыншылығы кезінде үлкендер халық түгел қырылып қалмас үшін «тұяқсыз қалмайық, дүниеге ұрпақ әкелсін» деп қырық қызды тауға жасыр­мақ болады ғой. Бірақ іздеген жау олар­дың үстінен түседі. Сол кезде қырық қыз жаудың қорлығына, зорлығына ұшы­рамас үшін Алладан өздерін тасқа айналдыруды жалбарынған ғой. Сөйтіп, қырық қыз тасқа айналып жүре берген. Менің түпкі ойым сол. Сол аңызды қайта тірілтсем деген мақсат. Онда да жаудан қорыққан қырық қызды емес, жаудан мерейі үстем түскен қырық келіншектің я болмаса қырық апаның бейнесін сомдау еді.

Бүгінге дейін мыңға тарта картина жаздым. Бұл соңғы дүниелерім солардың ішіндегі шоқтығы биік туындылардың бірі болмақ.

– Бір картина салу үшін қанша уақытты сарп етесіз?

– Саябақ аралап келе жатқан бір миллионер сурет салып отырған жігітке: «Кәне, мені салып жіберші» деген ғой. Жігіт болса, миллионерді қарсы алдына отырғызып қойып, 20-30 минутта салып шығыпты.

– Не деген тез саласың, кешке дейін алдыңда отырып, іші пысар деп ойлап едім, – депті қалталы азамат.

«Мен суретті тез салу үшін өмір бойы еңбектеніп келемін, бұл соның арқасы» деген екен суретші.

Бұл енді мысал ғой. Жалпы, салған су­реттерім кейбірі бір апта, кейбірі төрт жыл, бес жыл уақытымды алады. Салып болып, теріс қаратып қоясың. Біраз уақыт өткізіп, «суытып» алып қарасаң, кем-кетікті аңғарасың, кейде қайта салу­ға тура келеді дегендей…

Тағы бір қасиетім аздап қағаз «ши­майлайтын» әдетім бар. Жақсы бір оқыған кітабымнан алған әсерді, не болмаса белгілі бір тұлғалар айтқан сөздерді, мемлекетте болған ірі оқиғалар жөніндегі өзімнің көзқарасымды тағы басқа дүниелерді қағазға түсіріп оты­рамын. Бәрі керек, Тарих үшін. Кейін бір реті келгенде жарық көре жатар. Бір қызығы, мен оның бәрін реттеп түсіріп жүрген адам емеспін. Бірі – газеттің бір жеріне, екіншісі – жартылай жыртылған ақ қағазға, үшінші – бір ойым тағы бір кітаптың ашықтау тұсына, тіпті сал­феткаға да жазылған. Бәрін жинақ­таса кәдімгідей бір дүние шығары анық.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz