АЛТЫНОРДА
Новости

Мерекелік дастарқанға үнем керек пе?

блюда

Енді санаулы күндерден соң 2014 жыл – жылқы жылы табалдырығымыздан атта­ғалы тұр. Әрбір келіп жеткен жаңа жылды елден қалыспай тойлау, аста-төк дастарқан жасау, шырша тойын қыздыру қазақтың қанына сіңгелі қашан? Бүгінде жылына бiр рет қауышатын Жаңа жыл мейрамын әркім өзіндік дәстүрімен ерекшеленіп қарсы алғысы келеді. Жай­на­ған дастарқан, атылған аққай­нар, тарту етер сый­лық­тар, арнайы шақырылатын Аязата мен Қаршақыз осы бір кештің ажарын аша түспесе, кемітпесі анық. Жыл өткен сайын насихаты күшейіп, барша қауым әбігерге түсіп қарсы алатын биылғы жаңа жылға дайындықты Алматы халқы бастап та кетті. Бұған біздің жаңажылдық дастар­қан «бухгалтериясын» жасай жүріп көзіміз жетті.

…Сонымен, шаттығы мол мереке – Жаңа жыл мейрамын қарсы алу үшін жаса­латын дастарқан мәзіріне қанша қаржы кетеді? Енді аз-кем осыған тоқталсақ… Мәселен, сіз Жаңа жыл кешіне ең алдымен тәтті тоқаштың бiрнеше түрiн әзiрлейсiз. Сонан соң қазақтың ұлттық тағамы — ет. Бұдан кейін дастарқанның көркін кіргізетін салаттың үш-төрт түрін міндетті түрде жасайсыз. Үстелді жайнату үшін жеміс-жидектің де бірнеше түрі қажет. Сусындар, арақ-шарап, аққайнар дегеніңіз тағы бар. Бұған тәтті кәмпиттер мен мерекелік кешке арналған тортты қосасыз. Ал енді есептеп көрелік… Біз сиыр етінің бір келісін 1200-1400 теңгеден деп алдық. Оған қазы-қартаны қосамыз. Бүгінде ет базарында қазының келісі 2500 теңгеге шарықтап кеткен. Ал салатқа қажетті жұмыртқаның бір данасы 30-35 теңге (бізге он шақты жұмырт­қа қажет), жүгері-бұршақ 200-220 теңге, қызылша 90 теңге, шұжықтың бір келiсi 1000 теңге, iрiмшiк 1000-1500 теңге, пiсiрiлген тауық етi 600-700 теңге­ден, тұздалған балық 200-400 теңге, көкөнiстен алма 250-300 теңге, мандарин 250-300 теңге, бананның бір данасы 50-60 теңге, ананас 700 теңге, қызанақ пен қияр 500-550 теңге, сусындарға келетiн болсақ, шырындар 120-300, iшiмдiктер 300-2000 теңге, бұған тағы әр келісі 700-800 теңге­ден кем емес кәмпиттi  қосыңыз. Бұдан соң 2500-3000 теңгенің тортын қосасыз. Міне, орташа айлық табысы бар бір отбасы үшін жаңажылдық дастарқан мәзіріне осынша ас-ауқат керек. Есептеп кеп жібер­сек, мұның барлығын алуға шамамен 40-50 мың теңгедей қаражат қажет. Бұдан әрісін байыптай беріңіз, мұны қалтаңыз көте­ре ме, әлде мерекелік дастарқанға үнем жасайсыз ба?

Жалпы, көптеген мамандар жаңа жылды шығыны мен шаттығы қоса жүретін мереке деп есептейді. Тіптен қайсыбір сарапшылар бір күндік мереке үшін шашы­лып, шығындалудың қажеті жоқ. Шамаға қарай көсіліп, мейлінше үнем жасауға тырысқан жөн деседі. Бұл ретте тәуелсіз сарапшы Айдана ТІЛЕУКИНА: 

– Менiң ойымша, қаласаң да, қала­масаң да кез келген мерекелiк дастарқан әдеттегiден артығырақ қаржы жаратуды қажет етедi. Өз отбасыңмен күнтiзбе бойынша жыл алмасқан күнi дастарқан басында жиналасың. Оның үстiне балалар тәттi тағамдар мен экзотикалық жемiс-жидектердi ұнатады. Қысқы соғым тағы бар. Қанша тырыссаң да, шығындалатының анық. Бірақ үнем қай кезде болсын қажет. Меніңше, бұзылмайтын, сақтау мерзiмi ұзақ азық-түлiк пен күнделiктi тауарларды желтоқсан айының басында жаңажылдық «бум» басталмай тұрып алған абзал. Бұл да қалтаңыздағы қаржыны үнемдеуге сеп болады. «Жаңа жылды қалай қарсы алса, солай өтедi» дегендi ескерiп, бүгінде жұрт шамадан тыс шығындалып жатады. Өз басым мұны құптамаймын, – дейді. 

Иә, «жаңа жылды қалай есіктен енгіз­сең, күнделікті тірлігің де солай өрбиді» деген оймен шығынға белшеден батып жататынымыз рас. Ал қайсыбір тарап мұны қалыпты деп те санайды. Қалай десек те, бүгінде біз жылан жылын шыға­рып салып, жылқы жылын қарсы алмақ­пыз. Айтпақшы, жұлдызшылар биылғы жаңа­жылдық дастарқанда жеміс-жидек­тер мен көкөніс түрлерінің молырақ бол­ғаны дұрыс дейді.

 

Қаперіңізде жүрсін 

Расында да, астрологтер «биыл дастарқанда жеміс-жидектер мен көкөніс түрлерінің, соның ішінде жасыл түстің көбірек болғаны жөн» деседі. Сондай-ақ жылқы ұнатып жейтін тағамдар қоюды ұсынады. Соның ішінде алма, қатқан қара нан, шақпақ қант сияқты тағамдар. Сусындардан өрік, шие, сәбіз, құлпынай шырындарын айтар едік. Ал сәбіз бен қызыл қызылшадан жасалған салаттар жаңажылдық дастарқанның негізгі тағамдарының бірі болмақ. Жалпы, жылқы – асырасілтеушілікті ұнатпайтын жануар, сондықтан да дастарқанның барынша қарапайым болғаны жөн дейді мамандар. Ал дастарқандағы ыдыстарыңыздың ішінде ағаштан жасалғаны көбірек болғаны дұрыс көрінеді. Міне, жаңажылдық дастарқан осылай айшықталуы тиіс.

Автор: Ләззат БИЛАН

 

http://alashainasy.kz/urk/48531/