Қазақстанда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға дайындық ясында ардагерлер бірлестіктерінің «Міндет» атты республикалық ұйымдастыру комитеті құрылды. Бұл туралы «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы Рустем Қайдаров хабарлады.
«13 шілдеде «Генералдар кеңесі», Ұлы Отан соғысының ардагерлер кеңесі, ауған соғысының ардагерлер кеңесі, чернобыльдықтар, күш құрылымдарының — қорғаныс министрлігі, ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің -ардагерлер ұйымдарының жетекшілері жиналып, Жеңістің 70 жылдығын лайықты қарсы алу үшін ардагерлер бірлестіктерінің республикалық ұйымдастыру комитетін құрдық. Біз ол бірлестіктің атын «Міндет» деп атадық», — деді Р. Қайдаров «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын лайықты қарсы алу үшін» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде Ауған соғысы және локалдық соғыстарының ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров ұйымдастыру комитетінің мақсаты Жеңістің 70 жылдығын лайықты тойлау үшін барша Қазақстан азаматтарының күш жігерін жұмылдыру екенін жеткізді.