Адам психологиясы, оның мінезі, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы – жас демей, кәрі демей, жұрттың бәрін қызықтыратыны анық. Дегенмен «қой аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» дегендей, адам табиғатын тап басып тану оңай шаруа емес. «Өмір – сахна, бәріміз – актерміз» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Сондықтан да кейде жанымызда жүрген адамның шын бейнесін оның түрлі маска астына жасырылған рөлімен жиі шатастырып жатамыз.
Жалпы, психология ғылымында адамдар табиғатына қарай циклотимик, эпилептоид, шизоид, истероид, астеник болып негізгі бес түрге бөлінетіні белгілі. Сондықтан да әркім өзінше өмір сүреді, өзінше қарым-қатынас жасайды, өзінше сүйеді, түрлі күйзелістен өзінше жол тауып шығады. Алдымен «циклотимик» деген қандай адам дегеннен бастайық. Олар көңіл күйі өте тез құбылып отыратындар. Былайша айтқанда, көңілді адамдар. Өмірді барынша сүйетін, қуаныш-қызығын шын сезініп, рақатын бастарынан өткере алатындар. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің мінезі осындай болған. Ақынның өміріндегі шарықтау кезеңі мен құлдырау кезеңі туралы жақсы білеміз. Шарықтау кезеңінде табиғат тарту еткен мінезі Пушкинді жарқыраған шыңның басына бір-ақ шығарған. Құлдырау кезеңі мұндай мінездегі адамдар үшін өте ауыр және қауіпті саналады. Күйзелісті көтере алмай, бірден сынып түседі.
Ал енді «эпилептоид» адамдар жиі-жиі ашуланшақ келеді. Айналасындағы жандарға, қоршаған ортаға көңілі толмайды. Олар билікті сүйеді, жұрттың бәрін билеп-төстегісі келеді, өмірлік оқиғалардың барлығын өз бақылауында ұстағанды қалайды. Уысында ұстай алмаса, міндетті түрде уын шашады. Әрине, пенде болған соң олар да жиі-жиі маска киіп, керек кезде жұртқа мейірімді нәзік жан болып көрініп, биліктің жолында өлуге бар шын бейнесін жасырады.
«Шизоид» тектестер – екі әлемде өмір сүретіндер. Біреуі – біз көретін, еститін, қолмен ұстап көретін әлем де, екіншісі – оның көрінбейтін ішкі әлемі. Олар өмірінің көп бөлігін осы ішкі әлемінде өткізеді. Жалғыздықты сүйетіндер, шын өмірден алыстап, өз ішкі әлемін қызықтап жүретіндер – осы шизоидтар. Тұрақты және жауапты болады. Өзі туралы айтқанды дұрыс көрмейді, адамдармен белгілі бір арақашықтық ұстанады. Моданы қумайды, өзіне ыңғайлы киім киеді. Дауысы бәсең, сөйлегенде қолын, бетін қимылдатпайды. Кейде олар тәулігіне 20 сағат тер төгіп, еңбекқорлығымен таңғалдырады. Аз ұйықтайды. Мұндай мінезді адамдарға өркениеттің дамуын қозғалысқа келтіретін Эйнштейн секілді ірі оқымыстылар, атақты шахматшылар жатады. Бас құраулары қиын. Сүрбойдақтар мен кәрі қыздардың көбісі шизоидтар болып келетіні ғылыми түрде дәлелденген.
Төртінші тип – «астеник» – бұлар өмірлік күші аз, әлсіз, өте нәзік, ұялшақ адамдар. Өздерін төмен бағалайтындар. Олар өмір шындығын ауыр түйсінеді, кез келген сөзді өзіне қабылдайды, ұсақ-түйекке мән береді. Мінездері жұмсақ болғандықтан, «жоқ» деген сөзді айта алмайды, бәріне көмектескісі келіп, қалай уәде беріп қойғанын білмей қалады. Әдетте олар бастама көтергенді қаламайды. Тез басқарылады, нағыз орындаушылыққа таптырмайтын адам. Дауысы бәсең, анық шықпайды. Қарапайым киінеді. Сөзжұмбақ шешкенді, шахмат ойнағанды тәуір көреді. Достары үшін өздерін құрбандыққа беруге бар. Көптеген адамдар өте сенімді болғандықтан да достарын астениктерден таңдағанды құп көреді. Бір қарағанда олар әлсіз секілді көрінгенмен, өзі сүйетін жандары үшін бәріне төтеп бере алады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүретіндер – нағыз осылар.
Бесінші тип – истероидтар – шәт-шәлекейге, көкбеттікке бейім адамдар. Олар бәрінен де бұрын өздерін сүйетіндер. Жұртқа ұнағысы келіп, соның жолында тонын шешіп беруге бар. Байланысқа түсуге құмар, кімнің болсын бірден ішіне кіріп кетеді, өзгелердің әлсіздігін өз қажетіне пайдалана қояды. Көптің көзіне түскенді өте-мөте жақсы көретіндіктен жарқырап киінеді. Қолын сілтеп, бет-жүзін әманда қимылдатып сөйлейді. Егер өзіне еш қатысты болмаса, айналасындағы адамдар өртеніп жатса да оларға салқын, немқұрайлы қарайды. Жақсы ма, жаман ба, аш па, тоқ па, ол үшін ол түк те қызық емес. Олар үшін ең бастысы – таңғалдыру. Қалған адамдар оны тамашалау үшін театрға келген көрермендер секілді.
Қазақ «сүтпен кірген мінез сүйекпен кетеді» дейді. Рас айтады. Мінез өмір бойына өзгермейді, оның негізінде белгілі бір генотип жатыр. Біздің басты қателігіміз, басқа адамдарды тұп-тура өзіміз сияқты жаратылғандай, өзіміз секілді ойлап, өзіміз секілді тірлік кешуге тиісті деп ойлайтындығымызда. Бұл өте-мөте адасушылық. Өмірді әр адамның қабылдауы әрқалай. Әртүрлілігі соншалық, кейде ақиқаттың бар-жоғына да күмән туғызады. Отбасындағы, жұмыстағы кикілжің де негізінен, қасыңдағы жандардың мінез ерекшелігін түсінбеуден барып туады. Мінезіне бойласаң, міні бадырайып тұрмайды.
Мәселен, циклотимиктер – өмір ләззатына рақаттана жарқырап жүретін, энергияға бай жандар. Көпшіл, адамдармен тез тіл табысатындар. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жақсы. Бірақ осындай адаммен бір шаңырақ астында тұру оңай ма? Мұндай мінезді адамдар заттарын шашып тастағанды жақсы көреді. Ашуланасыз ба, жоқ па? Мұны олар сізге қиындық тудыруы үшін әдейі істемейді, бір мезетте бірнеше мақсатты көздеп, бірнеше істі қатар атқарғанды қалап тұратындықтан да осылай істейді. Сіз сияқты бір затқа қадалып қалмайды. Мінездері солай. Оларға бәрінен де уақыт тапшы, үнемі кешігіп жүреді, ақша ұстауды білмейді, желге шашып жібереді.
Ал енді қызмет үстелін қашан болсын тәртіпке келтіріп, жинақы ұстайтын әріптесіңіз астеник болып шығуы мүмкін. Олар өзін қоршаған кішкентай әлемде тәртіп орнатқанды жаны сүйеді, бұл олардың бір жағынан ішкі әлсіздігін бүркемелегендігін білдіреді. Сол секілді шизоидтар жұмыс үстеліне ерекше бір зат, қандай да бір статуэтка қойып қойғанды жақсы көреді. Бірақ оны баттасқан шаң басып тұруы мүмкін, ол оны байқамайды. Өйткені шаң – біз өмір сүріп отырған шындық өмірдің бір бөлшегі, ал сирек статуэтка оның ішкі әлемінің сыртқа шыққан көрінісі. Эпилептоидтар – казармалық қатаң тәртіпті сүйетіндер. Еңбексүйгіш, ұқыпты, есепшіл, тиянақты, бірқалыпты болып келеді. Бет-жүзінен ешқандай эмоция білінбесе, сіздің алдыңызда әлгі тектес адам тұр деп біліңіз. Өздерін асыра бағалайды. Жұрт білмегенді тек өзі білетін секілденеді. Бастық болатын болса, қабылдауында ешкім болмаса да, сізді кемінде 20 минут күттіріп қояды. Бөтен адамды төмендетуден рақат алады. Қайтесіз, табиғаты солай. Бұл үшін оған өкпелеудің қажеті жоқ. Бір жағынан билікқұмар бұлар қоғам үшін өте пайдалы адамдар. Олар болмаса, полицияда, қарулы күштерде, қарсы барлау қызметінде кім қызмет істейді?
Истероид-әйелдерді тану оп-оңай: қызыл түсті жарқырауық киім, дәу шляфа… Оның эмоцияға беріліп айтқан әңгімесі сізге деген қандай да бір ықылас-пейілін, көңілін, жылылығын білдірмейді. Оның басты мақсаты – сіздің көзіңізге бір түсіп қалу арқылы таңғалдыру ғана, аузы-ңыз аңқайып соңынан үзіле қарап қалсаңыз – мақсатының орындалғаны.
Адамдар табиғатына қарай негізгі бес түрге бөлінгенмен, осы бес түрмен қатаң шектеліп қалған деуге келмейді, әрине. Таза бір түрдегі адамдар көп емес. Көбінесе адамдар қос мінезді қатар алып жүреді. Таза бір мінезділер – 50 пайыз десек, қалғаны – аралас мінезділер. Алғашқы елу пайыздан бастайық. Оқымыстылардың бөлуінше, циклотимиктер аталмыш елу пайыздан шамамен 11 пайызды, эпилептоидтар шамамен 13 пайызды, шизоидтар шамамен 8 пайызды, астениктер шамамен 8 пайызды, истероидтар шамамен 6 пайызды құрайды. Қалған 50 пайызы – аралас мінезділер. Өмірде көздеген мақсатына адаспай жететіндердің көбісін керек кезінде шегіне білетін осы аралас мінезділер құрайды екен. Қаржы әлеміндегі миллионерлердің басым көпшілігін осы тектестер құрайды.
Әртүрлі мінезді адамдардың бас құрауына мән бермесек болмайды. Бірге бас құрау оңай шаруа емес. Ең ауыры – эпилептоид, яғни билікқұмар адам мен жол бергіш жұмсақ астениктің жұбайлық одағы. Бұл жұбайлық одақта эпилептоидтың адам төзе алатындай психологиялық норманың шекарасынан аттап кетуі әбден мүмкін. Өзі жұмсақ астеник шегіне-шегіне ақыры шегінер жер таппай, ол да шектен шығып кетуі мүмкін. Шаңырақ содан бұзылады.
Циклотимик пен шизоидтің жұбайлық одағы берік бола ала-ды және бұл екеуінің астеникпен жұбайлық одағы да оңайлықпен шытынамайды.
Шизоид пен эпилептоидтың жұбайлық одағына келейік. Шизоид компьютердің тіліне жетік болғанмен, басқа адамның жан дүниесін түсінуге қабілетсіз. Шизоид банктен алған кредитін дәл уақытында төлемейді, айлықтан айлыққа дейін ақшаны үнемдей алмайды, ал эпилептоид ақшаны жақсы көреді және сараң, сондықтан үйдегі ақшаны соның ұстағанын шизоидтің өзі де құп көреді. Отбасылық міндетті олар осылайша бөлісіп, бірінің кемшілігін бірі жабады.
Сондай-ақ – шизоид – нашар ата-ана, баланың жан дүниесін жете түсінбейді. Эпилептоид билік құрғанды, бұйрық бергенді жақсы көретіндіктен де үйдегі бала тәрбиесін қолға алғанды, керек кезінде көршімен ұрысқанды, баланың мектепке қатысты шаруасын атқарғанды қолай көреді. Адам табиғатын тану үшін алдымен өзіңнің, сосын айналамызда жүрген басқалардың қай типке жататынын білу аса маңызды. Бұл – тек жақсылыққа, бақытқа бастайтын жол. Басқаларды танудан бұрын өзіңді таны, сонда ғана табиғатпен, қоғаммен үйлесімде өмір сүресің.
Төреғали ТӘШЕНОВ