АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

МИНСК КЕҢЕСІНДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

минскАпта соңында Беларусь астанасы Минскде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Мемлекет басшылары жиылған аталмыш кеңесте бүгінгі күннің өзекті мәселелері көтерілді.
Талқыға салынды. Сындарлы  сында, оңтайлы  бастамаларда көтерілді. Қазақстан  Елбасы  жиын барысында  көптеген  шетін  мәселелер  төңірегінде  сөз қозғады. Әсіресе, экономикалық интеграция  мәселесі жөнінде кеңінен  тоқталды. Бұл  жөнінде Нұрсұлтан  Назарбаев: «Біз бірлестігіміздің оң қорытындыларын қазірдің өзінде айттық: негізгі экспорттық тауарымызға әлемдік бағаның төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасында тауар айналымы артуда. Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сыртқы сауда айналымындағы үлесі жалпы көлемнің 18%-ына жетті. Бірақ біз оның түзетілуі қажет кемшіліктері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия туралы да ашық айтуға тиіспіз. Тауарлардың еркін айналымы қазақстандық өндірушілер үшін Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдері кәсіпорындарымен арадағы бәсекелестіктің жағдайын қатайтып жіберді. Сыртқы саудадағы үйлесімсіздік артуда. Кеден одағы елдерінен әкелінген өңделген тауарлар импорты 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе өскені байқалды. Бұл жағдайды түзету үшін бірқатар ірі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру қажет болуы мүмкін» деді. Сондай-ақ Елбасы Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінен импортының үлесі оның 2009 жылғы жалпы көлемінің 32%-ынан 2012 жылы 40%-ына дейін артқанына назар аударды. Сондай-ақ Қазақстан өнімдерін Ресей мен Беларусь нарығына жеткізуде едәуір қиыншылықтар бар. Себебі тарифтік емес және техникалық кедергілер, шамадан артық санитарлық және фитосанитарлық нормалар, сертификаттау, лицензиялау және үлес жөніндегі шаралар, техникалық регламентті бірізділендіру жөнінде талаптар қолданылуда. Қазақстанның ет өнімдері әдейі «өткізілмейтін» жағдайда тұр, өйткені Ресейде оларға Қазақстан Республикасы санитарлық сертификаттарында жоқ нормалар қолданылуда. Сондай-ақ Беларусь азық-түлік тауарларын бұл саладағы бірқатар жаңа техникалық регламенттің енгізілуіне байланысты Ресей нарығына тасымалдау деңгейінің төмендегені байқалып отыр. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі техникалық регламент саласын кеңейту Қазақстанның бизнес ортаны жақсарту жөніндегі саясатына қайшы келуде. Бірыңғай экономикалық кеңістік келісімінің қорытындысына сәйкес Ресей электр-энергетика жүйесі үшін ерекше режим қарастырылғандықтан, электр-энергетика саласында түйткілдер бар. Соның салдарынан электр энергиясын тұтынушылар мен тасымалдаушыларға еркін қолжетімділік болмай отыр. Қазақстан электр энергиясын Беларусьқа Ресей Федерациясының аумағы арқылы, транзит арқылы сата алмайды деді Мемлекет басшысы. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан Кеден одағының Кеден кодексіне үлкен сын айтылып жатқанын, оны ырықтандыру және сыртқы шекараларда кедендік рәсімдерді барынша оңайлату қажеттігіне көңіл бөлініп отырғанын айтты. «Сондықтан Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі Кеден одағына мүше елдердің өзара тиімді саудасында жоғарыда айтылған үйлесімсіздіктер мен кедергілерді болдырмауға бағытталуы тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жағдайын қамтамасыз ету үшін құрылған, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлейтін ұлтүстілік орган. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары алға қойған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру аясында шешілмеген мәселелердің бар екеніне қарамастан, комисия жұмысында интеграциялық үдерістерді тереңдетуге арналған қаражат пен күшті ыдырату, жұмысты анық саясиландыру байқалуда. Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан комиссия жұмысының қағидаттары мен регламентінің бұзылуына жол беруге болмайды. Комиссия туралы шартқа сәйкес, алқа мүшелері ұлттық үкіметке есеп бермейді және бағынышты емес, соған қарамастан Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының ресейлік мүшелері Ресей Федерациясы Үкіметінің отырыстарына қатысады, тиісті нұсқаулар алады, – деп  атап  өтті. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі туралы екі бөлімнен – институттық және салалық бөлімдерден тұратын шартқа қатысты барлық мәселенің 2014 жылғы мамырда келісілуі тиістігін де  тілге  тиек  етті.  Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясын кеңейту барлық тарап үшін ортақ ережелер бойынша жүзеге асырылу тиістігіне тоқталды. Мысалы, Қазақстан Қырғызстан мен Арменияның ниетін қолдайды, бірақ олардың бұған кіруі шартта келісілген және көрсетілген ортақ рәсімдер бойынша жүзеге асырылуы тиіс. «Маған, мысалы, премьер-министр Ердоған Түркияның Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылу перспективасын қарастыру туралы өтінішпен хабарласты. Мен оған дәл осы ұстанымды жеткіздім, деді Қазақстан Президенті. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесін сөз етті, бұл үшін ДСҰ-ға мүше-елдер алдында Қазақстан мен Ресейдің міндеттемелері деңгейінің үйлесімділігі қажет. «Қазақстан ДСҰ-ға Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанға дейін кіру ниетінде. Әйтпесе, ДСҰ-ға мүшеелдер бұдан бұрын қол жеткізілген келісімдерді қайта қарауы мүмкін, бұл біздің ол ұйымға мүше болуымызды бірнеше жылға созып жібереді. Бүгін біз Ресей тарапының қолдауына сенім артып отырмыз. Бұл мәселе жөніндегі сындарлы ұстаным Қазақстанның ДСҰ-ға тезірек кіруіне ықпал етіп, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің үздіксіз қызметіне септігін тигізген болар еді» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен  қатар отырыс барысында Мемлекет  басшысы Ресейдің қазақстандық тауарларға жасап отырған кедергілері және КО-дағы өзара сауда бойынша теңсіздіктер туралы мәселе көтерді. «Біз ашық түрде, достық ниетпен біздің барлығымыз, әсіресе, Еуразиялық экономикалық комиссия жұмыс жасауы тиіс минустар туралы айтуымыз қажет Тауарлардың еркін жылжуын бәсекелестік жағдайы қатайтты Қазақстанның КО елдерімен сыртқы саудада теңсіздігі арта түсуде. Осы жылдың 7 айында ғана Ресейден Қазақстанға импортталғаннан 3 есе көп тауар жеткізілді, ал Беларусьпен бұл алшақтық 8 есе ұлғайды.  КО Кедендік кодексі кәсіпкерлер мен басқа да қатысушылардың тарапынан үлкен сынға ұшырауда. Кодексті ырықтандыру және шекарадағы кедендік рәсімдерді барыша оңайлату қажеттігіне назар аударғым келеді. Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі бұл теңсіздіктер мен кедергілерді жоюға бағытталуы тиіс» деп қосты Президент.  Сондай-ақ  басқа елдерді Кедендік одаққа тек жалпыға ортақ шарттар негізінде қабылдау қажет» деп мәлімдеді Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. «Қазірде мен Сирия Кеден Одағына кіргісі келетін көрінеді деген көптеген әңгімелерді естіп жүрмін… Түркия премьер-министрі Ердоған Түркияны Кеден Одағына қабылдауға бола ма деп өтініш жасады… Түркия үлкен ел, біздің ортақ шекарамыз бар, сонда Батыстың қайда барсаң да «Сіздер Кеңес Одағын құрып жатырсыздар ма, әлде Ресейге қажетті нәрсені ұйымдастырып жатырсыздар ма?» деген сұрағы жайына қалар еді. Оларға мұндай ештеңе болып жатпағанын түсіндіруге тура келеді. Мүмкін Түркияны алу керек шығар, сонда сұрақтар да тыйылады. Ірі ел, ірі экономика» деп көзқарасын білдірді  қазақ  басшысы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында сөз сөйлеп, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ қызметін қамтамасыз ету қажеттігіне тағы да назар аударды.  «Бұл үшін алда әлі де орасан зор жұмыстар атқарып, 2014 жылғы мамырға қарай Одақ туралы шартты әзірлеуді аяқтау міндеті тұр. Елдеріміздің парламенттері бұл құжатты ратификациялауы қажет. Сондай-ақ біз елдеріміз арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға кедергі келтіретін түрлі шектеулерді жою жөнінде шаралар қабылдау туралы келістік. Еуразиялық экономикалық комиссия бұл бағыттағы өз жұмысын жалғастырады деді. Бұған қоса Мемлекет басшысы қазіргі кезде өзара тиімді сауда үшін барлық кедергіні жою туралы, атап айтқанда, түрлі тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету жайлы келісімге қол жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті интеграциялық бірлестікке жаңа мүшелерді қабылдауда экономикасы Кеден одағы елдерінің даму деңгейімен сәйкес келуге тиістігі жөнінде жіті көзқарас болу қажеттігін атап өтті. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды.

  Айқын-ақпарат