АЛТЫНОРДА
Новости

Минскіде «норманд форматындағы» кездесу өтуі мүмкін

Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеу жөніндегі келіссөздер Германия, Франция, Украина және Ресей басшыларының қатысуымен ақпанның 11-і күні Минскіде өтуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Зайберт хабарлады.

Жексенбі күні Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд, Украина президенті Петр Порошенко және Ресей президенті Владимир Путиннің өзара телефон арқылы әңгімелесуінен соң төрт басшының «норманд форматындағы» кездесу өткізетіні туралы келіскені белгілі болды.

Зайберттің айтуынша, телефон әңгімесі кезінде тараптар Украинаның шығысындағы дағдарысты біржола шешуге бағытталған шараларды талқылаған.

Украина президентінің баспасөз қызметі «норманд форматындағы» кездесу өткізу жайлы келісім болғанын растады. Президент Петр Порошенконың ресми сайтында жарияланған ақпаратта бүгінгі телефон әңгімесі барысында тараптар алдағы сәрсенбіге дейін Берлинде сыртқы істер министрліктері өкілдерінің сараптамалық кеңесулері мен үшжақты байланыс тобының кездесуін өткізуге уағдаласқаны айтылған.

Бүгін Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Минскідегі кездесу бірқатар позициялар бойынша келісімге қол жеткен жағдайда өтетіндігін айтқан. «Егер оған дейін біз соңғы уақытта қарқынмен талқылаған позициялар бойынша келісімге келе алсақ, онда сәрсенбіге белгілейміз» деген ол.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150208/330/330.html?id=26836301