АЛТЫНОРДА
Новости

Минскіде Украина келіссөзі өтіп жатыр

Сәрсенбі күні кешкісін Украина, Ресей, Германия және Франция жетекшілері шығыс Украинада он ай бойы жүріп жатқан қарулы қақтығысты тоқтату амалдарын талқылау үшін Беларусь астанасы Минскіде келіссөзге жиналды.

Кездесуге Петр Порошенко, Владимир Путин, Ангела Меркель мен Франсуа Олланд қатысып отыр.

Минскіге келу алдында барлық тараптар мәлімдеме жасаған. Халықаралық БАҚ Порошенконың бұл келіссөз қақтығысты тоқтатуға арналған соңғы келіссөз болуы мүмкін екендігі туралы сөзін таратқан. Бұған дейін осыған ұқсас сөз Меркель мен Олландтың аузынан шыққан.

Былтырғы көктемде Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Украинаның шығысында қарулы сепаратистер бас көтеріп, бүгінге дейін Донецк және Луганск облыстарында соғыс жүріп жатыр. Осы қақтығыс кезінде өлгендер саны 5 мыңнан асып кетті. Украина дағдарысы кезінде Батыс пен Ресейдің арасы Қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бері бірінші рет қатты нашарлап тұр.

Былтыр қыркүйекте Украина мен Ресей өкілдері Минскіде оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бірақ соңғы айларда жағдай ушыға түскесін өткен аптада Германия мен Франция Ресей мен Украинаға жанжалды реттеу бойынша жаңа ұсыныс жасаған. Бұл ұсыныстың БАҚ-қа мәлім болған аз бөлігінің бірі қақтығыс аймағында ені 70 шақырымдық оқ атылмайтын зона құру туралы болатын.

http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html