АЛТЫНОРДА
Новости

Молдоваға Шығыс пен Батыстың бірін таңдайтын сәт туды

Гагаузия аймағындағы Гонгаз елдімекені. Молдова, 11 қараша 2014 жыл.Қарашаның 30-ы күні сайлаушылар Молдова 2009 жылдан бері ұмтылып келе жатқан бағыт — еуроинтеграцияға қатысты көзқарасын білдіреді.

Бірақ елде бұл мәселеге қатысты пікір әрқилы. Мәскеу мен ол басқаратын Кедендік одақпен жақындасуды қолдайтын күштер өз идеяларын табанды түрде жарнамалайды.

Қарашаның 30-ы күні Молдовада өтетін парламенттік сайлау құқықтық проблемаларға, тіпті наразылық акцияларына ұласуы мүмкін деген қауіп күшейді.

Қарашаның 27-сі күні елдің апелляциялық палатасы ресейшіл Patria («Отан») партиясын сайлау тізімінен алып тастады. Сот шешімі орталық сайлау комиссиясы партияны сайлау науқанын «шетел қаражатына» заңсыз қаржыландырды деп айыптап, оны дауыс беру тізімінен алып тастауды талап еткен күннің ертеңінде шықты. Орталық сайлау комиссиясы партияның есеп-шотын бұғаттап тастады.

Бұл шешімге қатысты жоғарғы сотқа қарашаның 28-і күні кешке дейін шағымдануға болатын хабарланды.

Оның үстіне, қарашаның 26-сі күні молдовалық сайтта «Patria» партиясының жетекшісі Ренато Усатыйдың сөздері жазылған видео жарияланды. Бұл жазбада Усатый партия Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) бақылауында екенін мойындаған.

САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТҰТҚЫНДАУ

Молдова қауіпсіздік қызметі «тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» деген күдікпен бес адамды тұтқындады. Полицияның дерегінше, ұсталғандардан тапанша, гранатомет және сомасы аталмаған ақша тәркіленген. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, астыртын әрекетке 15 шақты адамның қатысы бар, олар қызметіне тыйым салынған ресейшіл ұйымның мүшелері деген болжам бар.

Молдованың еуропалық бағытты ұстанатын билік коалициясы мен тәуелсіз бақылаушылар «сайлаудан кейін қарсылық шаралары өтуі мүмкін» деп соңғы оқиғалардан бұрын ескерткен болатын.

Варшава қаласындағы Шығыс зерттеулері орталығының жуырда жарияланған есебінде «Ресейшіл күштер жеңілген жағдайда сайлау нәтижелерін қайта қарауды талап етуі мүмкін. Кишинев, Бельцы қалалары мен Гагаузия аймағында жаппай шерулер немесе тіпті ұзаққа созылатын наразылық шаралары болуы мүмкін»деп жазылған.

Румыния президенті Румынии Клаус Йоханис (сол жақта) пен Молдова президенті Николае Тимофти. Кишинев, 28 қараша 2014 жыл.Румыния президенті Румынии Клаус Йоханис (сол жақта) пен Молдова президенті Николае Тимофти. Кишинев, 28 қараша 2014 жыл.

Молдова үкіметі мұндай қарсылық таныту үшін оппозицияға мықты сылтау тауып та берді. Ресейде Молдованың бір миллиондай азаматы тұрып жатқанына қарамастан, үкімет Ресей территориясында бес сайлау учаскесін ғана ашуды ұйғарған. Ресейлік БАҚ бұл «сайлау нәтижелерін бұрмалаудың заңды жолын қамтамасыз ету үшін жасалған» деп мәлімдеп үлгерді.

Вашингтондағы Джеймстаун қорының сарапшысы Владимир Сокор «Молдовадағы жағдайды ушықтыруға мүдделі жалғыз ел — Ресей екеніне күмән жоқ. Ресейдің көксегені — Молдовада жалған майданның пайда болғаны» деп санайды.

Қарашаның 30-ы күні өтетін сайлау еуропалық бағытты ұстанатын билік коалициясы үшін ауыр сынақ болмақ. Сайлау елдің болашақтағы бағыт-бағдары — геосаяси курсын анықтауы мүмкін.

Сайлаушылардың Шығыс пен Батыстың бірін таңдауына тура келіп тұр.

Румынияның бұрынғы сыртқы істер министрі Теодор Баконски «Егер бұрын жұрт «ыңғайын тауып, Шығыс пен Батыстың ортасында тепе-теңдікті ұстауға болады» деп ойласа, қазір, сайлаушылардың Шығыс пен Батыстың бірін таңдауына тура келіп тұр. Өйткені Вашингтон мен Мәскеудің арасы «жылымай» отыр әрі қазіргі кезде аймақта болып жатқан процестердің Молдовада қайталануын ешкім қаламайды. Сондықтан бұл сайлау — жай сайлау емес, ұзақ мерзімді бағытты таңдау сайлауы» дейді.

САЯСИ БӘСЕКЕЛЕСТЕР

Мұны қоғамдық пікірге қатысты жүргізілген сауалнама нәтижелері де көрсетеді. Алдағы сайлауда билік басына қандай коалиция келетінін қоғамдық пікірге сүйеніп алдын ала болжау қиын. Әзірше еуропалық бағытты қолдайтын либерал-демократиялық партия мен Мәскеумен жақындасуды қалайтын Коммунистік партия жеңістен үміткер саналады. Сауалнама екеуінің әрқайсысы 21 пайыздай дауыс жинағанын көрсеткен. Екеуінен кейінгі орында — демократиялық партия (18 пайыз), сосын либералдық партия мен социалистік партия (әрқайсысы 10 пайыздан).

Ресейшіл «Patria» партиясы 12 пайызға жуық дауыс жинаған. Парламентке өту үшін партия кемінде алты пайыз дауыс жинауы тиіс.

Қоғамдық пікір сауалнамасының деректеріне сәйкес, қазіргі еуропашыл билік коалициясының құрамындағы барлық партиялар коалициядан 2013 жылдың ақпанында шығып кеткен, бірақ елдің Еуропаға ұмтылысын қолдап отырған либералдар партиясымен бірлесіп 49 пайызға жуық дауыс жинаған.

Молдовадағы ресейшіл партиялардың сайлауалды шаралары. Кишинев, 10 қараша 2014 жыл.Молдовадағы ресейшіл партиялардың сайлауалды шаралары. Кишинев, 10 қараша 2014 жыл.

Кедендік одаққа қосылуды табандылықпен жақтайтын социалистік партия мен қазір сайлау тізімінен алынып тасталған «Patria» партиясы екеуі бірігіп 22 пайыздай дауыс жинаған. Мәскеушіл бағытынан жаңылмайтын, бірақ қазір ішкі алауыздықтың кесірінен әлсіреген коммунистік партияның үлесі — 21 пайыз.

Коммунистер әлдебір партиямен, әсіресе 2011 жылы коммунистік партиядан шығып кеткен Игорь Додон басқаратын социалистік партиямен бірлесіп коалиция құрғысы келе ме, бұл жағы әзірше белгісіз. Коммунистер парламенттің бұрынғы спикері, демократиялық партияны басқаратын Мариан Лупумен оңай одақтасуы мүмкін деген де болжамдар бар.

Сайлау бюллетеніне енген партияның көптігіне қарамастан, іс жүзінде еуроинтеграциялық бағытты немесе Ресей басқаратын Кедендік одақпен жақындасып, Шығысқа бет бұруды таңдауға тура келеді.

Сарапшы Сокор «Бұл — Молдованың болашағын шешетін сайлау екені даусыз. Тәуелсіздік алған 23 жылда Молдова Ресейден қол үзіп, Батысқа табандылықпен біржола бет бұру мүмкіндігін тұңғыш рет алып отыр» дейді.

Тәуелсіздік алған 23 жылда Молдова Ресейден қол үзіп, Батысқа табандылықпен біржола бет бұру мүмкіндігін тұңғыш рет алып отыр

Бірақ Парижде жұмыс істейтін сарапшы Нику Попескудің айтуынша, сайлау нәтижелері, яғни елдің болашақ саясаты белгісіз болып қалуы да мүмкін.

Ол «Бұл сайлауды Батыс пен Шығыстың бірін таңдаудан гөрі, еуропашыл үкіметтің басшылығымен «шапшаң еуропалану» мен Кишиневтің Ресей мен Еуропа ортасында тепе-теңдікті ұстап тұруға тырысатын «көпвекторлы саясатына» қайта оралуының бірін таңдайтын сайлау болмақ» деп есептейді. Бұрынғы президент әрі коммунист Владимир Ворониннің тұсында Молдова 2009 жылға дейін дәл осындай саясат ұстанған.

РЕСЕЙДІҢ ҚЫСЫМЫ

Еуропалық бағытты қолдайтын партиялар коалициясы Молдованы 2009 жылдан бері басқарып келеді. Еуропа одағының «Шығыс серіктестігі» бағдарламасы аясында үкімет айтулы жетістіктерге жетті. Мысалы, ЕО-мен ассоциация туралы келісімге қол қою, ЕО елдерімен визасыз режим енгізу сияқты елеулі қадамдар жасалды. Еуроодақ — Молдованың ең ірі коммерциялық әріптесі (45 пайыз). Одан кейін Ресей (25 пайыз).

Бірақ, елді жайлаған жемқорлық жойылмай отыр деген пікір үкіметке көп зиян келтіріп отыр. Молдова азаматтарының көбі «2009 жылғы үмітіміз ақталмады» деп есептейді.

Тираспольдегі жиынға қатысушылар Ресей туы мен Ресей президенті Владимир Путиннің суретін ұстап тұр. Приднестровье аймағы. 9 мамыр 2014 жыл.Тираспольдегі жиынға қатысушылар Ресей туы мен Ресей президенті Владимир Путиннің суретін ұстап тұр. Приднестровье аймағы. 9 мамыр 2014 жыл.

Әйткенмен Молдова үкіметінің еуроинтеграциядағы табыстары Ресейдің шамына біраз тигені байқалады. Мәскеу Молдованың бейтарап ел мәртебесін өзгертумен келіспейтінін мәлімдеді.

Ресей мен Кедендік одаққа қосылуды қалайтын партиялардың күшін арттыру мақсатында Ресей Молдоваға өзіне тән әдіспен қысым жасай бастады. Мысалы, табиғи газдың бағасына қатысты қысым жасады. Ресей өз территориясында жұмыс істейтін Молдова еңбек мигранттарына қатысты Кишиневтің тәуелділігін де пайдаланады. Ол сепаратистік аймақ — Приднестровьедегі шиеленісті ушықтырды. Егер Кишинев елдің геосаяси ойынан айныса, Ресей молдован шарабы мен өзге тауарларына салған эмбаргоны алып тастау ниетін білдірді.

Осы айда Ресей президенті Владимир Путин социалистік партия жетекшісі Додонмен жұрт назарын аударатын келіссөз жүргізді. Бұл кездесуден түсірілген фотосуреттер «Ресеймен бірге» деген ұранмен партияның сайлауалды науқанына арналған жарнамасында бейнеленген.

Еуропарламенттің халықаралық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Эльмар Брок «Ресей «еңбек мигранттарыңды елден шығарып жіберемін» деп Молдоваға қысым көрсетуге тырысары сөзсіз. Молдова саясатына араласу — Украина сияқты Молдованың да Еуропамен жақындасу туралы тәуелсіз шешім қабылдауына Ресейдің бөгет жасауының бір амалы» дейді.

«PATRIA» ЖАЙЛЫ ДАУ

36 жастағы бизнесмен Ренато Усатый басқаратын «Patria» партиясы — Молдованың саяси сахнасында жуырда пайда болған. Әу бастан «ресейлік жоба» аталған партия қыркүйекте ғана тіркелген.

Капиталын Ресейде жинап, байыған Ренато Усатый Молдоваға сәуір айында оралған. Оның жақсы қаржыландырылған сайлауалды науқанында коррупция проблемасына көп көңіл бөлінді.

Молдовадағы ресейшіл «Родина» партиясының жетекшісі Ренато Усатый.Молдовадағы ресейшіл «Родина» партиясының жетекшісі Ренато Усатый.

Қыркүйек айында Усатый журналистерге «Ең әуелі олигархтарды түрмеге жабудан бастаймыз әрі Филат мырза (бұрынғы премьер-министр әрі либерал-демократиялық партия басшысы) мұндай бірінші тұтқын болады. Біз парламентке келген бетте Филат олигархтарға пана қалқа болудан қалатынын ашық айтамын» деп мәлімдеген.

Молдова эфирінде басымдыққа ие Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары Усатыйды қатты қолдайды. Ресейдің эстрадалық әншісі, мемлекеттік дума депутаты Иосиф Кобзон оны қолдап, бірнеше концерт өткізген.

Бірақ Мәскеудің бұрынғы қысымы мен көрші Украинадағы әлі жалғасып жатқан шиеленіс Молдова тұрғындарының көбін алаңдатады. Мәскеушіл екенін жасырмайтын социалистік партия әдетте коммунистік партияны қолдайтын электоратты өз жағына тарта алмады. Кремльдің Кедендік одағын қолдағанына қарамастан, «Patria» партиясының сайлауалды науқаны жемқорлыққа қатысты популистік мәселеден аспады.

Бірақ «Молдова» қорының директоры Влад Спанудың пікірінше, қазір Молдованың тағдыры елдің саяси қайраткерлері әдетте көңіл бөлмейтін сайлаушылардың қолында.

Спану «Молдовада сайлаушы – сайлау науқаны кезінде ғана пайдаланатын кішкентай «пешкі». Оны түрлі концерт, сыйлықпен алдап-сулап пайдаланып алады да, дауысы тағы керек болғанға дейін — төрт жылға ұмытады» дейді.

(Валентина Урсу мен Роберт Коалсонның мақаласын орысшадан аударған — Айжан Оралғазы.)

http://www.azattyq.org/content/parliament_election_in_moldova/26716585.html