«Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» дейді қазақ. Расымен де туған жердің түтінінің иісі де ем ғой пенде үшін. Өмір сүру қамымен жастардың көбі жан-жаққа қоныс аударып кетсе де олардың барлығы да туған Аягөзін, кіндік қаны тамған жерін сағынады, ара-тұра бас сұғып та тұрады. Ескере кетейік, Тәуелсіздік алған жылдары бұрынғы Семей облысы тарап, аудандар біріккен уақытта Аягөздің жағдайы да мүшкіл-тұғын, халқы да есеңгіреп қалған еді. Бүгінде Аягөз қаласының кейпі мүлде басқа.
Менің туған қалам тарихы тереңде жатқан, талай алыптар мен ақындардың мекені. Кіші Отанымды ерекше жақсы көремін. Туған-туыстарым, отбасым төл қаламда тұрғандықтан жол түсіп, жиірек барып тұруға тырысамын. Бүгінде көз тартар ескерткіштермен, демалыс саябақтарымен толыққан Аягөз ауданының орталығында 40 мыңға жуық халық қоныстанған. Қаланың іргетасы 1930 жылы қаланған. Аягөз қаласында барлығы 101 көше бар. Көшелердің ұзындығы 91 шақырым.
Жаңарып, жасарып келе жатқан төл қаламда болып қалып жатқан бірқатар келеңсіздіктерге көз жұма да қарай алмайсың. Ол жайлы айтылса, жазылса, бәлкім болашақта олқылықтардың орны толар. Бұрындары сыра зауытымен әйгіленген №3 шақырым атты көшенің дәл бүгінгі халі алаңдатарлық. «Қыс шанаңды жаз сайла» деген қағидамен толық келісетін тұрғындар қолдарынан келгенді жасап бағады. Алайда, жыл сайын тазаланбаған қардың зардабын көріп келеді. Көше түтінін түтетіп отырған халық көп. №3 шақырымдағы үйлердің арасын трансформатор будкасы бөліп тұрғаны белгілі.
Осы трансформатордың айналасындағы тұрғындар қысты әр түрліше өткереді. Қалай дейсіз ғой? Тұрғын үйлері жеткілікті-ақ болғанымен маңайы ашық бұл көшеге қар ерекше түседі. Қалалық қар тазалаушылар да қулыққа басып сол электр құрылғысының сол жағын ғана тазалап, оң жағын не болса о болсын деп қалдырып кете барады. Тұрғындар билікке сан мәрте хат жолдап, шағымдарын жеткізген бірақ нәтижесіз.
Былтыр ғана М. Нұрқамбаев пен Қ. Қияқбаева сынды тұрғындардың үйіне су кіріп, төтенше жағдай қызметіне бір емес, бірнеше рет жүгінген еді. Едәуір көлеммен басып қалған қалың қарды қарапайым халық өз күшімен тазалай да алмайды, себебі бұл маңда қоныстанғандардың дені зейнет жасындағы азаматтар.
— Жылда осы. Алда-жалда біреуіміз науқастанып қалып жатсақ, қалаға қалай жетеміз, жедел жәрдемді қалай шақырамыз. Немерелеріміз оқушылар, боранды күндері бір өздерін сабаққа шығаруға қорқамыз. Жолды ашса екен, бір үрейдің үстіне бір үрей. Табиғаттың тосын мінезін болжай алмаймыз ғой. Ертең күн жылынып кетсе, тағы да судың астында қаламыз ба деп қорқамыз. – деуде олар.
Расында да биыл қардың ерекше жауғаны бәрімізге мәлім. Ақ ұлпаға оранып жатқан көше тұрғындарының шырылы тегін емес. «Апат айтып келмейді» деп жанталасқан тұрғындар өз қаражаттарын жинап, жалданған арнайы техникамен қарды тазалауға тырысқан. Дегенмен, қызметтерін тым қымбатқа бағалап отырған ол адамдар халықтың жағдайына түсіністікпен қараудың орнына, ыңғайлы сәтті пайдаланып, қалталарын қампайтуды ғана ойлап жүргендей.
Аталмыш көшенің мұңы мұнымен таусылмайды. Ауыз су мәселесі шешімін таппай келе жатқанына сан жылдардың жүзі болды. Қысы-жазы белгілі уақыт аралығында берілетін суды кей тұрғындар алып үлгермейді де. Үлкендер жұмыста, оқушылар сабақта болатын мерзімде берілетін судың аяздарда қатып сала беретініне не дерсің? Көпшілік тұрғындардың үйінен қашықта орналасқан су құдығына бағанағы айтқан омбы қардан жол тауып жету қиямет қайым.
Тұрғындар телміріп баратын қос су құдығының бірінде су жылдам ақса, екіншісінде тамшылап ағады. Осындай көрсетілген ерекше қызметі үшін су беруші тарап уақытылы ақы жинап тұруды ұмытпайды. Көбінесе, қала орталығынан су таситындар үшін бұл талап қолайсыз көрінетіні анық. «Таза суға қол жеткізіп, жайлы ғұмыр кешсек, еселі ақыны төлеуден ешкім де жалтара қоймайды. Тек қызмет көрсетушілер соған лайық жұмыс жасаса екен» дейді көше тұрғындары.
Көше тұрғындарын толғандырар мәселе көп, тұрғындарға қызмет көрсетіп тұрған бір ғана дүкен бар, аялдама атымен жоқ, мұндағы халық қоғамдық көлікке отыру үшін оңтүстік жанар-жағар май стансасы аялдамасына жетіп алу керек. Аталған аялдама орналасқан көшеге дейін көше жарықтандырылған, ал №3 шақырымға бұл жарықтың сәулесі де түспейді. Былайша айтқанда ен далада отырғандай мұндағы халық. Мені ойландырғаны, кез-келген көшеге үй салу үшін ең бірінші су тартылып, жарықпен жабдықталуы тиіс-тін.
Ал қала тарихымен бірге жасасып келе жатқан бұл көшенің жайы уақыт өткен сайын нашарлап барады. «Өз үйім — өлең төсегім» деп отырған халықтың мұңы мұң-ақ. Жергілікті баспасөздің бірінде қар тазалау көліктерінің жоспары жарияланыпты, ол тізімнің арасында №3 шақырым аталмаған. Ешкімге соқтықпай тыныш отырған олар үнемі елеусіз, ескерусіз қалып келе жатқандарына налиды. Айтылған дүниелер қала билігінің назарына ілігер деген ойдамыз.
Мерей МҰРАТХАНҚЫЗЫ
http://ult.kz/kz/article/view?id=1158