АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Моңғолдар Сайран Қадырұлын «шпион» деп жатыр.

Кешеден бері моңғолиялық ақпарат құралдарында осы елдің Кувейттегі елшісі, Моңғолия  Ұлы хуралының депутаты болған қандасымыз Сайран Қадырұлының үстінен іс қозғалып жатқандығы туралы  ақпараттар тарады. Оған «отанын сатты, Қазақстанның  пайдасына шпиондық жасады» деген айып тағылуы мүмкін.

Моңғолияның Барлау бас басқармасы Сайран Қадырұлын тергеуге ниетті екендігі анықталып отыр. Қандасымызға қатысты өткен жылы да біраз қауесет тараған еді. Ол кезде Кувейттегі Моңғолияның  төтенше және өкілетті елшісі қызметінде болған С.Қадырұлы  айыптауларды жоққа шығарған-ды. Ал,  кешелі-бері моңғолдар Сайран Қадырұлының  «ісін май шаммен қарап» жатыр.  Кешегі ақпараттарда  С.Қадырұлының Моңғолиядан тыс жерлерде жүргендігі айтылса,  бүгін оның Моңғолияға барғандығы туралы  мәліметтер шықты. Демек, әңгіме рас болса, Сайран Қадырұлы тергеушілерге жауап береді деген сөз. Ең  сорақысы, моңғол барлаушылары  ақпараттарды  өзімізден алғанға ұқсайды. Дәлірек айтқанда  ақпарат тарататын  сайттардан алған. Мәселен,    www.wikimon.mn сайты өткен жылы  today.kz  сайтында орыс тілінде қазақстандық сыртқы барлау қызметіне қатысты материал жарық көргендігін жазады. Дәлірек айтқанда  Қазақстан үшін жұмыс жасап жүрген  тыңшылардың тізімі көрсетіліпті.  Онда  Қазақстан үшін  жұмыс істеп   жүрген барлау қызметкерлерінің  аты-жөні,  қай елдің азаматы екендігі, қай бағытта ақпарат жинайтындығы жазылған-мыс. Әрине,  моңғолдық ақпарат құралдарына  бұл деректі ол елдің Барлау бас басқармасы ұсынған болуы мүмкін. Айтпақшы,  әлгі тізімге  Қазақстан ҰҚК «Барлау» қызметі «В» басқармасы бастығының орынбасары,  подполковник Е.Тастанбеков деген адам қол қойғандығын жазыпты. Онда Қазақстанның Кувейт жерінде жүрген төрт тыңшысының бірі  моңғолиялық қазақ екендігі айтылыпты-мыс.  «Құпия  есімі-Алтай. Нағыз аты-жөні Сайран Қадыр. 1955 жылы туған, Моңғолия азаматы,  қазақ, Кувейттегі Моңғолияның елшісі. Жан-жақты байланыстары бар» деген сипаттама беріліпті. Сайран Қадырұлының  басына бұлт үйірілуінің тағы бір себебі ол елшілік  қызметтен кеткен соң, Моңғолияға оралмай қойған.  Моңғолия сыртқы істер  министрлігі  оны бірнеше мәрте елге шақырған-мыс. Алайда,  ол Германияда  емделіп жатқандығын алға тартып, Моңғолияға бармған көрінеді.
Қалай болғанда да Моңғолияда жоғары қызметтер атқарған қазақтардың бірі қуғынға ұшырай бастады. Әлгі today.kz  сайтында жарияланған  тізімді әзірге таппадық. Ал, ҰҚК  «Барлау» қызметі 2009 жылы  жойылған  болатын.  Орынына тек Президентке бағынатын  «Сырбар» жұмыс істеп жатыр. Сонда  моңғол ақпарат құралдары айтып жүрген тізім қайдан шықты, ол жағы әзірге белгісіз.. Өткен жылы да моңғолдар   оған «тыңшы» деген  айып таққан еді. Тіпті, «қамауға алыныпты» деген. Ол кезде Сайран Қадырұлына «Қазақстанның пайдасына тыңшылық жасады, қазақтарды Моңғолиядан көшірудің жобасын жасап, оны өзге елдің басшысына бекіттіріп алды» деген бірқатар айтып таққан. Кейін С.Қадырұлы ақпарат құралдарына сұхбат беріп еді. Енді міне, бұл әңгіме қайта өршіді. Әзірге, Сайран Қадырұлының қайда екендігі нақты белгісіз. Дегенмен, Сайран Қадырұлын  «тыңшы» етіп көрсетуде  бір мән бар сияқты. Тіпті, моңғолия қазақтарына қысым көрсетудің бір көрінісі болуы мүмкін. Моңғолия қазақтары  елдің қазіргі  президенті Цахиагийн Элбэгдоржны ұлтшыл, қазақтарды ұнатпайтын саясаткер ретінде  көреді. Біз «қаймағы бұзылмаған» деп мақтайтын Баян-Өлгей аймағына  жүздеген моңғолды көшіріп әкелу жоспары бар екендігін де айтады ел-жұрт. Осыдан екі жыл бұрын аса қажет болмаса да  аймаққа әскери бөлімдер әкеліп, орналастырып қойған көрінеді. Демек,  Моңғолия қазақтарының арасынан шыққан  беделді азаматтарды қудалаудың  өзіндік  сыры  бар сияқты.
Жебе-ақпарат