Қазiргi мектеп директорлары өзi би, өзi қожайын. Тап бiр оларға ерекше мәртебе берiлiп қойғандай. Iлгерiде мұғалiмдердi қалалық, аудандық бiлiм бөлiмiнен сараптамадан өткiзiп, соның iшiнен бала тәрбиесiне толықтай жауапкершiлiгi бар бiлiмдiлерiн бөлiп жiберiп отыратын мектептерге. Қазiр ол заман өтiп кеткендей. Директор өзi бiледi. Мектепке жас маманды қабылдайтын да өзi (әрине тегiннен-тегiн еместiгi екiбастан аян), “көңiлiнен шықпай” жатса, кез келген мұғалiмдi шығарып та жiберетiн өзi. Ұжымдық талқыға салу, олардың ойымен бөлiсу атымен жоқ.
Ұжым демекшi, жақында қаламыздағы бiр мектептен “шу” шыққан. Мектеп ұжымы өздерiнiң мектеп директорына қарсы шығып, ол кiсiмен бiрге жұмыс iстеу мүмкiн еместiгiн бiрталай қала басшыларының алдында дәлелдеп шықты. Мақтарлық, құптарлық-ақ iс. Алайда әлгi мектеп директоры “алысқа” ұзамай, тағы да бiр мектеп басқару тiзгiнiн қолға алып шыға келдi. Түсiнiксiз жайт. “Келешекте түзелiп кетер” дейтiн емес, жасы дап-дардай-ақ адам. Сонда бiлiм, қала басшылары әр мектеп ұжымын әрқалай санай ма екен деген ойға қалады екенсiң. Әлде сол баяғы тамыр-таныстық па?
Егер бiр мектепте штат бойынша 100 мұғалiм болса, әлгi “өзi би, өзi қожа” мектеп директоры мұғалiмдер санын 120 адамға дейiн “көбейте” алады екен. “Жарты ставкамен” жұмыс iстейтiн мұғалiмдер де жеткiлiктi болып шығады мектеп ұжымында. Тiптi онан да төмен ставкамен мектепте жұмыс iстегенiмен, басқа жерде басқалай тiрлiгi бар мұғалiмдердiң бар екенiн естiгенiңде, жағаңды ұстарың анық. Осындай “мұғалiмдерден” жас ұрпақ қалай бiлiм алмақ? Олардың жауапкершiлiгi де “жарым-жартылай” болады емес пе? Мiне, содан “жартыкеш” ұрпақ өсiп-өнедi.
Рас, мектеп мұғалiмдерiнiң арасында өз жауапкершiлiгiн терең түсiнетiн мұғалiмдер аз емес. Алайда сол мұғалiмдер қағазбастылықтан әбден шаршағандықтарын мойындайды. Оның үстiне, мектепке келер тексерушiлерден де зәрезап болатындарын айтады. Өзiнiң жөндi демалысы жоқ, әлеуметтiк жағдайы толық емес, “кредиттен көз ашпайтын” мұғалiм жасұланға қандай тәрбие бередi?
Мұғалiмдерге дұрыс көңiл бөле алмасақ, дұрыс ұрпақ өсiруiмiз екiталай.
Әуелхан ШОНЖАН,
Арыс қаласы,
Жас Алаш газетiнен алынды