Алматыда өтіп жатқан ұстаздардың тамыз кеңесі барысында Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев күрделі экономикалық ахуал жағдайындағы оқытушылардың материалдық жағдайы жайлы айтты.– Өздеріңіз естігендей, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 1 қаңтарынан жалақы деңгейін көтеру туралы айтты. Енді инфляциялық таргеттеуінен соң Президент мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 2016 жылдың қаңтарынан көтеруге тапсырма берді. Жалақы оқытушының біліктілігіне байланысты шамамен 27 пайызға артады» деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетер бір жайт, Оңтүстік астананың ұстаздар қауымы аталған жаңалықты қуана қабылдады. Сондай-ақ шара барысында Премьер-министрдің орынбасары мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, жаңа балабақша нысандарының құрылысы туралы да тілге тиек етті.
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаладағы білім беру жүйесін дамытуда оң үрдістер байқалғанын атап өтті. Биыл Алматыда білім беру жүйесіне 54, 5 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 11%-ға артық. Оның ішінде оқулықтар алуға 2 млрд теңге бағытталды. Биыл Алматының басты тарихи орындарының бірі – Алматы оқушылар сарайы күрделі жөндеуден өтті. Биылдың өзінде мектептердің жанынан 16 балабақшаның құрылысы басталды. Жақында 648 балаға есептелген 2 балабақша пайдалануға беріледі, – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Қала басшысы мұғалімдердің бала тәрбиелеудегі маңызды үлесін айта отырып, ұстаздардың біліктілігін жетілдіру жүйесі туралы да тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір қалада Кембридж университетінің жүйесі бойынша 3 деңгейлі жетілдіру курстарынан 200 мұғалім өткен. Олардың жалақысына сәйкесінше 30, 70, 100 % көлемінде үстемақы қосылды. Сондай-ақ қала басшысы биыл да мұғалімдерді ынталандыру жалғасатынын жеткізді. 500 үздік мұғалім мен 1000 жас ұстаз 150 мыңнан 300 мыңға дейін көлемінде ынталандыру сыйлығын алатын болады, – деді ол.
Қалалық білім беру басқармасының басшысы Рахат Шимашева шаһарда 765 білім беру ұйымы бар. Онда 300 мыңнан астам оқушы білім алатынын айтты.
Басқарма басшысы қаладағы мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кеңейіп келе жатқандығын жеткізді.
– 2020 жылға дейін балабақшаларда 15 мың қосымша орын ашуымыз керек. Қазіргі таңда 1-6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 50%-ға жетіп отыр. Оған көші-қон процесінің оң сальдосы әсер етуде. Қазіргі таңда балабақшаға 38 мың бала кезекте тұр. Орта білім беру саласында 244 ұйым бар. Онда 200 мыңнан аса адам білім алып келеді, – деді Р.Шимашева.
Айта кетер бір жайт, Алматыда өтіп жатқан ұстаздардың Тамыз кеңесі барысында шаһардағы үздік білім беру ұйымы анықталды. Мұқағали Мақатаев атындағы дарынды балаларға арналған №140 мектеп үздік деп танылып, 17 млн 091 мың теңгеге ие болды. Аталған қаржы мектепті материалды-техникалық жабдықтауға жұмсалмақ.
Сондай-ақ жыл бойы білім беру саласында үздік нәтиже көрсеткен 32 орта білім беру ұйымы мен мектепалды дайындық ұйымының басшыларына «Алатау» шипажайына жолдама берілді.
Өз тілшімізден
http://aikyn.kz/