АЛТЫНОРДА
Новости

МҮГЕДЕК ЖАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚОРҒАЛҒАН?

Мүгедек жандардың құқығы қаншалықты қорғалған? 

Қайрат ИМАНӘЛИЕВ, «Намыс» жоғары білім­ді мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төраға­сы: 

– Егер бүгінгі заң мен 20 жыл бұрынғы заң­наманы салыстырсақ, кейінгінің жақсы жағы көп. Мұнда алдымен, заманауи үрдістер ескерілген. Соңғы заңнан соң Үкімет мүмкіндіктері шектеулі адамдарға құрметпен қарай бастады. Елбасы мү­гедектер мәселесін алқалы жиында шегелеп айтқан соң, олар тілек-шағымға назар аудара бастады. Мүгедектерге көр­сетілетін әлеу­меттік көмектің сан түрі заңдық тұрғыдан бекітілген. Өкініштісі сол, мүгедектер туралы заң көп жағдайда қағаз жүзінде ғана орындалады. Мысалы, мүгедектерге арналған пандустың дұрыс жасалмағаны үшін жауапкершілік нормасы қарастырылған. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы норманың орындалуын қатаң қадағалауға міндетті және заңдық норма бұзылған жағдайда оларға 40-тан 600 мың теңгеге дейін айыппұл салуы тиіс. Алайда меморган қызметкерлері «мұнымен айналысуға уақытымыз жоқ» деп, бұл функцияны міндетті іс санамайды. Сөйтіп, толыққанды пан­дустың орнына, қысқа немесе тіп-тік еңіс тепкішек жасалады. Ды­быстық бағдаршамдарға қатысты жағдай да осындай. Ең алдымен дыбыстық бағдаршамдарды зағип жандар көп жүретін жолдарға, халыққа қызмет көрсету орындарының, әкімдіктердің, емхана­лардың, оңалту орталықтарының маңына орнатқан жөн. Себебі мұндай құрал алдымен мүгедектер, яғни көз жанарынан айырылған жандар үшін ауадай қажет.

Ләззат ҚАЛТАЕВА, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының жетекшісі: 

 

– Жалпы, мүгедек азаматтардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі әйелдердің көп жағдайда құқықтарының қорғалмауы ең алдымен олардың өздеріне байланысты. Өйткені олардың басым көпшілігі заңды білмейді және өз күштеріне сен­бейді. Тіпті жеке бастарының азаматтық құқығынан да бейхабар. Заңды білетіндері бар, бірақ олар саусақпен санар­лықтай. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі әрбір азамат өздерінің Қазақстанның тең құқықты азаматы екендігін түйсінуі қажет. Ал заң білмейтін адам құқығын қорғай алмайды. Қазақстанда орта есеппен 250 мың мүгедек әйел болса, олардың тек 30 пайызының ғана құқығы заңдық тұрғыдан қорғалған. Ал басқалары – заңды білмеуі салдары­нан қоғамнан еріксіз шеттетіліп қалғандар. Мү­гедектер арасында ең алдымен заңды үйрететін курстар ашылғаны жөн.

Жанділда ЖАҚЫПОВ, заңгер: 

 

– Алматыдағы әлеу­меттік зерттеу орталығының бірінің қызмет­керлері таяуда осында тұратын 252 мүгедек әйелге «Құқығыңыз қай жерде көп бұзы­лады?» деген сауал тастаған-ды. Сонда жауап беру­шілердің 59 пайызы – ауруханада, 44 пайызы – көшеде, 36 пайызы – білім беру саласында, ал 24 пайызы әлеуметтік қорғау мекемелерінде заңды құ­қық­тарының өрескел бұзылатынын білдірді. Бар бол­ғаны әлгі әйелдердің тек 3 пайызы ғана еш жерде құқықтары бұ­зылмағанын жеткізді. Міне, мұның өзі Қазақстанда мүмкіндігі шект­еулі жандар­дың заңды құқықтарының қаншалықты қорғалғанын аңғартса ке­рек. Ал менің айтарым, тиісті мемлекеттік органдар мүгедектер құ­қығының бұзылмауын қатаң түрде бақылауға алғаны жөн. Өйткені олар да – қоғамның бір мүшесі!

Сауалнаманы жүргізген – Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, Айтжан МҰРЗАНОВ (фото)

http://www.aikyn.kz/articles/view/47559