Қарағанды облысындағы Саран қаласындағы телекоммуникация және электротехника бұйымдарын шығаратын отандық кәсіпорын желтоқсан айында жаңа желіні іске қоспақшы. Онда еліміздің мұнай-газ саласына қажетті оптикалық талшықты кабель түрлері шығарылады. Отандық кәсіпорын өніміне тапсырыс қазірден бастап түсе бастаған көрінеді.
Сарандағы оптикалық талшықты кабель шығаратын «Kazcentrelectroprovod» елімізде баламасы жоқ өндіріс орнының бірі. Бүгінде бұнда 1000-ға жуық телекоммуникациялық және электротехникалық өнімдер дайындалады.
Ғаламтор желісіне екінші тыныс бітірген оптикалық талшықты кабель бұған дейін Қазақстанға тек шет мемлекеттерден тасымалданатын. Кәсіпорын соны өндіріп жатыр.
Пайдалану мерзімі ұзақ және байланыс қызметін жеделдететін бұндай өнімге сұраныс та аса жоғары.
Жыл соңына дейін мұнда жаңа желі іске қосылмақ. Кәсіпорын технологтары оптикалық талшықты кабельдің 10-ға жуық жаңа түрін ойлап тапқан. Енді өртке төзімді, жанбайтын кабельдер шығармақ. Ондай кабельдер мұнай-газ саласында үлкен сұранысқа ие.
Қазір мұнда 6 цех, 30 желі тұрақты жұмыс істеп тұр. Оларда 850 адам еңбек етеді. Тәулігіне 100 шақырым оптикалық талшықты кабель шығарылады, телебайланыс жәшіктері де дайындалады. Соның барлығы алыс және жақын шетелдерге жіберіліп тұрады. Жылдық тауар айналымы шамамен 5 миллиард теңгені құрайды.
Кәсіпорын шикізаттың жартысын Қытай мен Ресейден жеткізсе, қалғанын отандық зауыттардан сатып алады. Ал дайын өнім негізінен ұлттық компанияларға саудаланады.
Артылғаны Өзбекстанға экспортқа шығарылады.
Қ.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
Қарағанды