Мұнай өндірісіне арналған құбырларды енді Қарағандыда шығарылады. Бұл туралы облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мәлім болды.
Жиында Индустриаландыру картасына енгізуге ұсынылған инвестициялық жобалар қаралды.
Солардың бірі «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында «Бемер Арматура» ЖШС ұсынған «Шарлы крандар мен бекітпе арматуралар өндіретін зауыт құрылысы» жобасы.
Жобаның жалпы құны 1 млрд. теңгеден асады. Өнім мұнай-газ өнеркәсібі мен жылумен қамтамасыз ету салаларында қолданылатын болады. Жобаны іске қосу биылғы жылға жоспарланып отыр, ал жобалық қуаттылығына 2014 жылға қарай шықпақшы, 139 жұмыс орны құрылатын болады.
Индустриаландыру картасына «Құбырларды оқшаулайтын зауыт құрылысы» жобасы да ұсынылып отыр. Аталған жобаны «Изоплюс Центральная Азия» компаниясы «Сарыарқа» ЕЭА жүзеге асырады.
Жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын жоба жоба жылу жүйелері мен Қазақстанның мұнай өндірісіне арналған сапалы болат құбырларды шығаруды көздейді. Жылына 4 мың метр болат құбыр шығаратын зауыт биылғы жылы іске қосылмақшы. 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалық қуаттылығына 2014 жылы шығады деп жоспарлануда.
«Қарағанды ұн комбинаты» ЖШС ұсынған тағы бір жоба комбикорм зауытын жаңғыртуды көздейді. Алдағы уақытта зауыт үй құстары мен ауыл шаруашылығы малдарына арналған жем-шөптің 20 түрінің 40 мың тоннаға дейінгі көлемін шығаратын болады. Айта кетерлігі, жоба жүзеге асырылған жағдайда өнім сапасы артып, өзіндік құны да айтарлықтай төмендейтін болады.
Зауыт биылғы жылы іске қосылады. 12 жұмыс орны құрылып, жобалық қуаттылығына 2014 жылы шығады. Жобаның жалпы құны — 600 млн. теңге.
Отырыста моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын жобалар да талқыға салынды. Атап айтқанда, Шахтинск қаласындағы қонақ үй-сауықтыру орталығы, Балқашта тұрғын үй құрылысы және Жезқазғанда өнеркәсіптік құс шаруашылығы орталығын құру жобалары кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды.
Қ.Жұмағалиұлы