АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

МҰНАЙ ӨНДІРУ 80 МИЛЛИОН ТОННАҒА ЖЕТТІ

мунайҚазақстан Астанасы әлемдік мұнай-газ саласы серкелерінің төрт көз түгел жиналып, жаһандық кеңес өткізетін орталығына айналды
Кеше VIII Еуразиялық Kazenergy форумы аясында, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің ұйымдастыруымен, елордада мұнай-газ саласындағы халықаралық ұйым басшылары мен шетелдік сарапшылар алқа құрып, жергілікті үлесті дамыту бойынша ақылдасты. Осында атап айтылғанындай, Дүниежүзілік мұнай кеңесі Қазақстанның бастамасымен, «жергілікті мазмұнды» дамыту проблемасын тұңғыш рет көтеріп отыр екен.

Жергілікті үлес мәселесі елдегі тұрақтылыққа әсер етеді. Мұны мұнай алпауыттары да жақсы түсіне бастағандай. Ұйымдастырушылар «жергілікті мазмұн» мәселелерінің «жаһандық мұнай-газ саласының дамуында маңызды рөл атқаратындығын және Қазақстан үшін айрықша өзекті екендігін» баса айтты. Жаһандық мұнай ұйымы Астананың тәжірибесін бүкіл әлем бойынша өтетін семинарларда қолдануға ниетті: алда Уругвай, Испания, Ұлыбританияда жиындар ұйымдастыру жоспарлануда.

Қазақ елінің бас қаласындағы жиында жергілікті үлесті дамытудың халықаралық тәжірибелері талданды, инновациялық жолдары зерделенді. Оның тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл алқалы кеңес қорытындылары келесі жылы Мәскеуде өтетін Дүниежүзілік мұнай кеңесінің Арнайы сессиясында таныстырылатын болады.

Жалпы, кешегі жиында мәселелер төтесінен қойылып, ашық әңгіме жүргенін айта кеткен жөн. Мысалға, GEP-AFTP Франция жеткізушілері қауымдастығының Бас менеджері Жерард Момплот елдегі мамандар даярлау жүйесін қатаң сынға алды. Өйткені «жергілікті мазмұн» тек мұнай-газ компанияларының сатып алатын тауарлары мен тұтынатын қызметтерін ғана қамтымайды. Бұл жерде олардың жұмысшылары мен лауазымды қызметкерлерінің қатарында отандық мамандардың үлесінің неғұрлым басым болуы да маңызды.

– Оқыту үлгісі мен еңбек нарығы бір-бірімен қабыспайды, – деп турасын айтты Ж.Момплот. – Осы салаға қатысты жасауға болатын бірінші қорытынды мынау: білім беру жүйесі еңбек нарығына және оның қажеттіліктеріне тіпті қайшы келеді! Бұл болашақ үшін үлкен проблема болып табылады. Өйткені мемлекет ел азаматтарының неғұрлым көп бөлігі келешекте неғұрлым жоғары деңгейге қол жеткізулері үшін қазірден бастап, оларға озық білім беруге ұмтылуы керек.

Бұл проблемаларды Елбасы бұған дейін ашып беріп, білім беру саласы басшылығын оларды шешуге міндеттегені есте. Франциялық өкіл де «еңбек нарығының дипломды мамандардың соншама көп көлемін қажетсінбеуі мүмкіндігін» айтады: «Оған қазіргі заманда техника мамандары неғұрлым көп керек, – деді ол. – Тағы бір маңызды жайт, еңбек нарығы мен білім беру, даярлау жүйесі арасында диалог мүлдем жоқ деуге болады. Олар баз бір әртүрлі планеталарда өмір сүріп жатқан сияқтанады. Өз беттерімен күн көруде. Сондықтан осы жүйелер арасында өзара тығыз байланыс орнатып, коммуникациялық арна ашқан жөн».

Мәртебелі мейман, майталман маманның ұсынысы бойынша, осы жүйелердің жетекшілері ғана емес, нақты қатысушылары мен ойыншылары арасында да сұхбаттастық, байланыстар болуы қажет: «Профессор шәкірттен бір нәрсені, ал жұмыс беруші тіпті басқа нәрсені талап етуі мүмкін. Бұл ретте әзірге диалог деген тағы да жоқ» дей келе, ол Үкіметке өз ұсыныстарын берді:

– Біз бұл жағдайды жақсарту, жүйені түбегейлі жаңарту үшін не істей аламыз? Біріншіден, жергілікті жердегі – кәсіпорындардағы оқытуды ынталандыру, нақты жұмыс орнындағы тағылымдамаларды қамтамасыз ету керек. Яғни білім беру мекемелерінің оқушылары, студенттері шынайы өмірде олардан нақты не талап етілетіндігін жақсы білулері қажет. Екінші жағынан жұмыс берушілер де өздеріне қажетті мамандарды қай жерден іздеуге болатындығын жақсы біледі.

Сондай-ақ Момплот мырза осы жүйелер арасындағы диалог әдістемелік тұрғыдан көрініс табуға тиістігін айтты. «Бұған қоса, оқыту үдерістерін стандарттау, сертификаттау, бірыңғайландыру жөн болар еді. Сонда компанияларға теориялық білімдері терең, бірақ өз қолдарымен түк те істей алмайтын түлектер келмейтін болады» дей келе, ол «жұмыс берушілерді қатыстыра отырып, оқу бағдарламаларын және оқу ұйымдарын сертификаттау және аккредиттеуге» кеңес берді.

Отырыс кезінде Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев ДСҰ-ға кірген соң, қазіргі күйдегі «қазақстандық мазмұнға» орын болмауы мүмкіндігін ескертті. «БЭК, ДСҰ бағытындағы белсенді интеграциялық процесс «өтпелі кезең» аяқталғаннан кейін отандық өндірісті мемлекеттік қолдау шараларының ішінара немесе толығымен жойылуын қарастырады, – деп мәлімдеді ол. – Сол себепті интеграциялық үдерістер аясында мойынға алынған міндеттемелерге сәйкес келетін жаңа жүйені түзу қажет».

Дегенмен, Франция жеткізушілері қауымдастығының Бас менеджері бұл істе өзгенің жетегінде кетпеуге кеңес берді: «Жергілікті мазмұн – әрине, легитимді, ешкім оның заңдылығына дау айта алмайды. Бірақ ол дамуы үшін ұлттық, ұзақмерзімді ұстаным қажет болады және ол кезең-кезеңмен жүйелі жүзеге асырылуы керек. Мемлекет бұл ретте өте іскер, өте икемді және қасаңдық-догмадан аулақ болуға тиіс» деді Жерард Момплот.

Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаевтың мәліметінше, жыл сайын отандық тауар өндірушілермен 30 миллиард доллар көлемінде келісімшарт бекітіледі екен. Әйтсе де, бұлардың барлығының бірдей аты «отандық» болғанымен, өткізетін заты қазақстандық бола бермеуі мүмкін.

– Объективтілігі тұрғысынан алғанда, қолданыстағы көрсеткіштерге мониторинг жүргізу жүйесі жетілдіруді талап етеді! – деді Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин. – 2013 жылдың І тоқсанындағы есептерге жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 15 жер қойнауын пайдаланушыда бұрғылау жұмыстарын ірі сатып алулар анықталды: оларда сервистік компаниялар 100 пайыздық «жергілікті мазмұн» көрсетіп отыр. Ашығын айтайық, мұндай көрсеткіштер күмән туғызады. Өйткені бұрғылау жұмыстары импорттық материалдардың қолданылуымен жүзеге асырылады.

Министр Қазақстан жерінің қойнауындағы «қара алтынды» сорып алушы компаниялардың сатып алуларының үлкен бөлігі шетелге кетіп жатқандығын жасырмады: «Тауарлар мен жұмыстар бойынша «жергілікті мазмұн» көрсеткіштері жеткіліксіз деңгейде қалуда. Мысалға, бұрғылау операцияларындағы шетелдіктердің үлесі 2011 жылы 61 пайызды, яғни 160 миллиард долларды құраса, 2012 жылы ол 66 пайызға немесе 179 миллиардқа дейін өсті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады». Тұтастай алғанда оның айтуынша, 2013 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі жергілікті үлес көрсеткіштері шамамен 59 пайыз (600 миллиард теңге) болып отыр.

Ұ.Қарабалиннің дерегінше, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жылына 80 миллион тоннаға жетті. Бұған қоса, қазір жылына 40 миллиард текше метр газ өндіріледі

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz