АЛТЫНОРДА
Новости

Мұсатаев Сейілбек. Қазақстан — Қазақ елі

abMswD9x  Кеңпейілді, адамгершілікке негізделген саясат пен мемлекетқұрушы ұлт – қазақтардың сабырлығы, бейбітшіл, қонақжай мінезінің арқасында елімізде бейбітшілік орнап, саяси тұрақтылық қалыптасып, дамуға қол жеткіздік. Сөйте тұра, Қазақстанның унитарлы, ұлттық мемлекет екенін естен шығарып, бүйректен сирақ шығарушылар жымысқы әрекеттерін қояр емес. Мысалы, «Central Asia Monitor» газетінде жарық көрген В.Курганская деген автордың «Гражданская нация – вот что нам нужно» деген мақаласын оқығаннан кейін туған ой көкейімізден әлі кетер емес. Апырау, «қазақстандық ұлт» деген даудан Елбасымыздың араласуымен зорға құтылған кезде, енді «азаматтық ұлт» деген атау қайдан шыға келді?

Президентіміз Н.Ә. Назарбаев 2008 жылғы 29 мамырда Ақордада бір топ қазақ тілді БАҚ басшыларымен кездескенде: «Единая казахстанская на­ция» дегенді «Біртұтас қазақстандық ұлт» деп аудару дұрыс болмас. «Нация» мен «национальность» (ел-жұрт және ұлт) деген ұғымдар бар. Қазақстан — қазақ ұлтының негізінде құрылған мемлекет. Қазақстан деген сөзде қазақтың мемлекеті деген ұғым жатыр. Сондықтан да, бұл идеяны, менің ойымша, қазақ тілінде «қазақстандық ұлт» емес, «қазақстандық ел» деп атаған жөн тәрізді. Өйткені, халқымызда «ел» деген ұғымның астарында аса үлкен біріктіруші, топтастырушы күш жатыр. Ерте замандардың өзінде «егемен болмай ел болмас» деген бабаларымыз елдікке шақыру, ел болуға үндеу арқылы мемлекеттіліктің берік іргесін қалап келген. Сонымен бірге, «Қазақстан» сөзінің өзі «Қазақ елі» дегенді білдіреді ғой. «Қазақстандық ел» – Қазақстан хал­қын одан әрі біріктіретін ортақ ұғымды орнықтыру жолындағы бір ой. Бұл біздің бәрімізге «қазақстандықпыз» деп айтуға мүмкіндік беретін ұғымға айналатын да шығар. Мұның бәрін уақыт көрсетеді. Қалай дегенде де, оның түбірінде «қазақ» сөзі тұратынын ұмытпайық. Одан қазақ қазақ болмай қалмайды. Оның есесіне өзге ағайындар қазаққа жақындай түседі. Өйткені, олар осы арқылы «қазақстандық азаматтар», яғни, қазақ елінің азаматтары атанады. Бір мемлекеттің халқын бір атау біріктіріп тұрғаны жақсы» – деген салиқалы ойын айтқан еді.

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, енді келіп «азаматтық ұлт» деген бір сұмдық төбесін қылтитып келе жатқан сыңайлы… Ұлт деген асқақ ұғымды бұрмалап, сенсация жасағыш жандар «Қазақстан – ұлттық мемлекет, онда бір ғана мемлекет құрушы ұлт бар, ол — қазақ ұлты» деп айтуға неге қимайды? Бізде, осы «ұлт» деген дербес ұғым «қазақстандық ұлт», «азаматтық ұлт» сияқты  анықтауштармен немесе сын есімдермен түрленбесе болмай ма деген ой мазалап, мәселенің байыбына баруға тырыстық. Осы жерде еліміздегі ұлыстар, ұлттық және этникалық топтардың кімдер екенін анықтап, ара-жіктерін ашып алу қажеттілігі туындайды. Біз бұл тұрғыда, алыс-жақын шет елдік және қазақстандық зерттеушілердің еңбектеріндегі «ұлт», «ұлыс», «ұлттық және этникалық топтар» ұғымдарына берілген анықтамаларды негізге алдық. Олардың ешқайсында «азаматтық ұлт» туралы ешбір мәлімет жоқ.

Бұл жерде нақтылай кететін жәйт мынада: біріншіден, әлемдік тәжірибеге көз салсақ, тарихи даму барысында ұлттық унитарлы, ұлттық федеративті және ұлттық негізі жоқ құрама мемлекет деген ұғым-түсінік қалыптасқан. Ұлттық унитарлының өзгелерінен басты айырмашылығы – онда мемлекет құрушы төл этнос бар.Екіншіден, Елбасымыз ақиқатын көрсеткендей, «нация» ұғымын қазақша «ұлт» деп аудару дұрыс емес, ол «халық» дегенге көбірек келеді. Кейбіреулер осындай түсінбестікпен «американская нация», яғни, «американдық халық» сияқты түсінікті «қазақстандық ұлт» деп шатасып жүр. Құр өздері шатасып қана қоймай, дүйім жұрттың басын қатыруда. Оған қоса ғаламдану үрдісі де ұлттық болмысқа жат, космополиттік сана-сезімді қалыптастыруға барынша ықпал етіп отыр. Сондықтан, әрбір ұғымның мәнін жете түсініп, буынсыз жерге пышақ ұрмай, мәселенің байыбына бара білуіміз қажет. Қазақстан – ұлттық унитарлы мемлекет екенін ұмытпайық, ол Конституциямызда бекітілген қағида.

Жалпы, зерттеушілердің көзқарас­тарындағы негізгі ойлар мынаған келіп саяды: ұлт дегеніміз – тарихи ұзақ кезең барысында тайпалар, рулар мен тайпалық одақтардың, нәсілдердің бірігуі мен араласуының нәтижесінде тарихи қалыптасып, әлеуметтік-этникалық бірлік, экономика, территория, тіл, діл, мемлекет сияқты белгілермен тығыз өрілген қандық-тектік (генетикалық) тұтастығы бір және антропологиялық бірегейлікпен байланысқан адамдар жиынтығы. Ал, қазақ ұлтын қалыптастырушы, этнос жасаушы белгілеріне келетін болсақ, шешуші негіз ретінде – ортақ территория, мемлекет, тіл, салт-дәстүрлер мен діл, дін, психологиялық ерекшелік және бір этногенетикалық тектің болуын айтуымызға болады.
Алайда, әлемдік этностардың қалып­тасу процесі өте күрделі екендігін ескерсек, олардың қалыптасып дамуы да әр қилы: жер шарындағы екі мыңнан астам ірілі-ұсақты этностардың әрқайсысы өзін жеке этнос ретінде сезінуі мен ұлт­­тық сана сезімінің оянуы біркелкі емес. Сондықтан, барлық этностардың ұлттық белгілерін айқындайтын ор­тақ жүйені жасау ақиқаттан алшақ жатқан іс. Өйткені, кейбір этностардың қалыптасуында ортақ экономика, ортақ мемлекет болуы шешуші рөл атқарса, екінші бір этностың өмірге келуінде ортақ тағдыр, ортақ тіл, ортақ психология мен антропологиялық-қандық белгілер шешуші рөлге ие. Ал үшінші бір этностың миллиондаған адамдар топтарының жаңа жер, өмір сүру кеңістігін іздеу барысында қалыптасуы және бар. Олай болса, «этнос», «ұлт» деген ұғымдарға анықтама беруде олардың қалыптасуы мен өмір сүру үлгісінің әр-алуандылығына байланысты сан алуан теориялық-әдістемелік қағидалардың болуы да заңды құбылыс.

Қазіргі ғылымда ұлтты анықтаудың француздық және немістік моделдері кең танымал: француз моделінде — ұлт «отандастар» ретінде, ал, неміс моделінде — ұлт діл, мәдениет, тіл т.б ерекшеліктермен анықталады. Кеңестік дәуірдегі ғылымда басым болған ұлт белгілері: ортақ шаруашылық, ортақ территория, ортақ мемлекет қандай маңызды болғанымен, әлемдегі барлық ұлттардың қалыптасуындағы міндетті, әмбебап белгі емес. Этносжасаушы белгілер әрбір ұлттың тарихи тағдырына байланысты әр-түрлі болуы – табиғи заңдылық. Демек, әрбір этностың қалыптасуы барысында этносжасаушы белгілердің барлығының да болуы міндетті емес. Көптеген ірілі-ұсақты этностардың қалыптасуында этносжасаушы белгілердің түгелдей болмайтындығын әлемдік тәжірибе әлдеқашан дәлелдеді.

Мәселен, өздерінің біртұтас территориясы, мемлекеті мен экономикасы жоқ, түрлі елдердің құрамында шашыраңқы отырған күрдтер, сығандар, дұнғандар, гагауздар сияқты басқа да өздерін белгілі бір ұлт өкіліміз деп есептейтін халықтар бұған, тағы бір дәлел. Бұлар – ортақ тіл, мәдениеттерінің ерекшеліктері ұқсас, ділі мен психологиялары тамырлас түрлі тайпалар мен тайпалық одақтардың араласуы барысында қалыптасқан адамдардың тарихи әлеуметтік-этникалық қауымдастығы – ұлыстарды құрайды. Ұлт пен ұлыстың негізгі айырмашылығы осында.

Ал, этникалық және ұлттық топ ұғымдарына А. Айталы, Р. Әбсаттаров, С. Борбасов, Қ. Көшербаев, Б. Тайжан, Б. Әбдіғалиев, Н. Романова, А.Әлімұлы, Р.Жұмалы, А.Сарым сияқты көптеген зерттеушілердің еңбектерінде дәйекті анықтамалар берілген. Этникалық топ – тілі, ділі мен психологиясы, ортақ тарихы мен шығу тегінің тамыры бір екенін білдіретін ұлттық сана-сезім, мәдениет, әдет-ғұрып, тұрмыс жайы сияқты өткеннің антропологиялық ізі һәм этнографиялық мұрасы ретінде ортақ ерекшелік белгілері бар, әлеуметтік бірлік негізінде өзара бірлескен, этностың бір бөлшегі болып саналатын, олармен әлсіз байланыстағы адамдар бірлігі. Әдетте, күнделікті өмірден славяндық этникалық топтар, англосаксондық этникалық топтар сияқты т.б. сөз тіркестерін жиі кездестіреміз.

Ал, ұлттық топтар белгілі бір мемлекетте байырғы емес, кіріккен ұлт болып саналатын, шығу тегі, тілі мен мәдениеті бойынша өздерінің негізгі этносымен туыстас адамдар қауымы болып табылады. Ұлттық топтардың өзінің байырғы жұртымен әлеуметтік байланысы әлсіз, кейде кездейсоқтық мәнде. Олардың жалпы байланысы – басты ұлттық ерекшеліктерінің ортақтығында. Ұлттық топтарға Қазақстанға кіріккен басқа ұлт өкілдерін – қазақстандық орыстарды, немістерді, украиндарды, өзбектерді т.б. диаспораларды жатқызамыз.

Академик Сұлтан Сартаевтың көрсетуінше, «Қазақстандағы ұлттық процестердегі шындыққа келсек, елдің тарихи Отанында бір ұлт, бір халық бар. Ол – қазақ этносы. Ал, республикадағы басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдері басқа жерде тарихи Отандары бар Қазақстандағы диаспоралар, ирриденталар. Қазақстан орыстарын, өзбектерін тағы басқаларын «Қазақстандағы орыс диаспорасы», «Қазақстандағы неміс диаспорасы» т.с.с. ұғымдармен атау дұрыс. Қазақстандағы орыс халқы, өзбек халқы, неміс халқы т.с.с. деген ұғымдар негізсіз. Себебі, елдегі диаспоралардың төл тарихи Отандары бар. Ресей — Қазақстан орыстарының тарихи Отаны, Өзбекстан — Қазақстан өзбектерінің тарихи Отаны т.с.с. Отанынан шашырап кеткен халықтың бөліктері диаспораға айналады. Осы секілді қазақ халқының да диаспоралары жер шарының 40-қа жуық мемлекетін мекен етуде». Бұл дегеніміз – миллиондаған қазақ ағайындарымыз тарихи Отанынан тысқары жерлерде өмір сүріп жатыр деген сөз. Бірақ та, олар өз этногенетикалық тегін, тілін, ділін, дінін сақтай отырып, бір жағынан, қазақ ұлтының өкілі; екінші жағынан, өзі тұратын белгілі бір шет мемлекетінің тең құқықты азаматтары.

Сәйкесінше, «Қазақстан халқы», «қа­з­­ақстандықтар», «Қазақ­стан тұрғындары» сияқты поли­этно­әлеуметтік қауымдастыққа қатыс­ты ұғымдарды «қазақ ұлты», «қазақ этносы» ұғымдарымен шатас­тыруға болмайды. Өйткені, кезінде М. Шоқай алға тартқан философ тұжырымымен айтқанда, «Халық – объект, Ұлт – су­бъект».

Осы жерде мынадай қорытынды туындайды: қазақ халқына қатысты «этнос» және «ұлт» деген ұғымдарды қолдануға әбден болады. Бұл деңгейлердің ерекшелігі – этногенетикалық тегінің, дәстүр-салты мен рухани мәдениетінің ортақтығы жағынан қазақ халқы этнос, ал, ортақ территориясы, ортақ шаруашылығы, өзіндік мемлекеттілігі болуы қазақ этносын ұлт деңгейіне көтереді. Оның мәнісі былай: «этнос» ұғымы гректің «etnos» — «халық, тайпа» деген түсінікті білдіретін сөзі. «Этнос» терминін екі мағынада түсінген абзал: біріншіден, этникос; екіншіден, этноәлеуметтік организм ретінде.

Бір этникосқа өз елінің ауқымынан тыс жерлерде тіршілік етуші сол этностың барлық топтары жатады. Мысалы, Түркиядағы, Қытайдағы, Ирандағы, Германиядағы және әлемдегі басқа да елдердегі шашырап жатқан қазақтар біртұтас этникос құрайды. Ал, этноәлеуметтік организм міндетті түрде ұлттық мемлекеттілікпен үзілмес бірлікте. Мысалы, қазақы этноәлеуметтік организмге міндетті түрде тек Қазақстан Республикасында тұратын қазақтар ғана жатады. Сондықтан, Қазақстанның тарихи иесі – қазақ халқы, ол титулды, яғни, төл этнос. Ал басқа ұлттар мен ұлыстардың кірме өкілдері Қазақ­станды Отаным деп есептейтін, оның тең құқықты азаматтары, қазақ этносымен тыныс-тіршілігі тағдырлас республика тұрғындары. Бұлардың барлығы да ұлттық процестердегі өзара қатынасқа түсуші субъектілер болып табылады. Бұл қатынас ұлтаралық және этникааралық сипатта жүреді: ұлтаралық қатынастар – жеке мемлекет шеңберінен шығып, мемлекетаралық қатынастарға араласып, жекелеген ұлттардың әлемнің басқа ұлттарымен ара-қатынасын көрсететін ауқымы кең деңгей. Ал, этникааралық қатынастың ауқымы тар – ол көпұлтты мемлекет шеңберіндегі түрлі этникалық топтардың өзара қарым-қатынасын көрсетеді. Енді, «азаматтық ұлт» дегеннің не екенін түсіне алмадық. Азаматтық қоғам ба дейін десек, оның ауылы мүлдем басқа ұғым… В.Курганская еліміздің халқын ортақ идеяға ұйыстырудың озық үлгісін осынау «азаматтық ұлттан» көретін сияқты. Бірақ, бұл «қазақстандық ұлт» деген сияқты жаңсақ ұғымның жымысқы түрленген нұсқасы. Әртүрлі тарихи және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен кең-байтақ атамекенімізді қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің ешқайсын мемлекет құрушы қазақ ұлты көкіректен итеріп, кет деп қысым жасап отырған жоқ. Қазақтар Елбасынан бастап, қарапайым қарашаға дейін өз елінің халқы көп ұлтты екенін мойындап, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына барынша кепілдік беріп отыр. Сонда да, қонақжай, кеңпейіл, бөгде жанды жатсынбайтын қазақ ұлты «қазақстандық ұлт» пен «азаматтық ұлт» деген келеңсіз әңгімелерден арыла алмай келеді.
Бұл тұрғыда тақырыпшаның мәнін ашуға көп септігі тиетіндігін ескере отырып, белгілі ғалым А.Айталының мына бір тұжырымын дәйектеме ретінде сөзбе-сөз келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: «…өкінішке орай, Кеңестер Одағы ыдырағанымен, кеңестік азаматтық сана бірқатар адамдардың жадынан өшкен жоқ. Оны көптеген социологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Кеңестік сананы аңсайтындар әсіресе Қазақстанда көп. Ал, тілсіз – ұлт, ұлтсыз – тіл болмайтыны белгілі. Орыс тілінде басымырақ сөйлейтін, орыстана бастаған қазақстандық қоғам орыс тілді Қазақстан ұлты болуға дайын-ақ тұр. Испан тілді кубалықтар, бразилиялықтар сияқты орыс тілді қазақстандықтар өмірге келгені шын­дық. Сонымен бірге, еліміздегі украин, неміс, кәріс, басқа ұлттарға болашақ «Қазақстан ұлтының» бөлігі ретінде қарау ұлтаралық араздық туғызатыны да анық. Ол Ата Заңымызға да қайшы келеді. Сондықтан, Қазақстан ұлтын қалыптастыру – бүгіннің емес, ертеңгі күннің шаруасы. Батыс Еуропадағы “азаматтық ұлтқа” қол жеткізудің өзі ұзақ ғасырлардың жемісі екенін естен шығармаған жөн. Жетекші ұлт болып ұйымаған қазақ сияқты халық екінші бір қауымдастықтың тірегіне емес, жетегіне айналады. Біздің еліміздегі орын алып келе жатқан экономикалық, саяси, идеологиялық плюрализм сияқты, еліміздің құрылымына этникалық плюрализм бәрінен де үйлесімді. Бүгінгі күні Қазақстан ұлтын емес, Қазақстан азаматын тәрбиелеу маңызды болып отыр». Жоғарыдағы ақиқат тұжырым өз кезегінде М.Достоевскийдің «Подросток» атты шығармасындағы А.Версиловтің: «…Всякий француз может служить не только своей Франции, но даже и человечеству, единственно под тем условием, что останется наиболее французом, равно – англичанин и немец… Я во Фран­ции – француз, с немцем – немец, с древним греком – грек и, тем самым, наиболее русский» — деген ой-толғанысын еске түсіреді. Міне мәселе қайда. Қай ұлттың өкілі болсын, «Су ішкен құдығыңа түкірме» демекші, өзінің кіндік қаны тамып, өніп-өскен туған жерін қастерлеп сүюі мен жан аямай қорғауы ең асыл борыш. Отан әрқашанда біреу ғана. Мемлекет жүз жерден көп ұлтты болса да оның халқын құрайтын әрбір жеке азамат үшін ол туған Отан. «Азаматтық» ұғымы ұлтқа, дінге, әлеуметтік немесе өзге де зәузаттық текке жіктелмейтін қасиетті ұғым. «Азаматтық қоғам» бар, ал, «азаматтық ұлт» немесе «азаматтық дін» дегендей сыңаржақ нәрселер жоқ. «Тау мен тасты су бұзар, ел мен жұртты сөз бұзар» деп атам қазақ тегін айтпаған. «Қазақстандық ұлт», «азаматтық ұлт» сияқты халық санасын тұмандандырып, елді адастыратын, абстракциялық сана-сезімдегі, ақыл-ойда сусып тұрмайтын, тек-негізі жоқ түрлі идеяларға ұластырмай, өнбес дауды өршітпей, өсер елдің өнегелі өрені болу азаматтық борышымыз. Бұл — ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етумен астасып жатқан маңызды мәселелердің қатарында. Халқының құрамы көпұлтты ел болғандықтан, Қазақстан үшін мұндай мәселеде асқан сезімталдық қажет.
Жалпы, көпұлттылық құбылысы жер шарының барлық мемлекеттеріне тән әлемдік мәндегі құбылыс. Әсіресе, үлкен және дамыған мемлекеттерде көптеген ұлттың өкілдері тұрады, бірақ, соған қарамастан ұлттық мемлекет болып саналады. Рас, Америка мен Австралия құрлықтарындағы кейбір мемлекеттер мұндай жағдайда емес. Алайда, ол мемлекеттердің отарлық негізде пайда болғанын ескеру керек. Аталған құрлықтардың өз жұртын қырып-жойып, шеттен келгендер үстемдік еткені, сөйтіп, төл этноссыз мемлекет құрғандары тарихтан аян. Олар бұл мәселеде бізге үлгі бола қоймас.

Бірақ, әлемде қаншама көпұлтты ұлттық мемлекет болса да, төл этнос мәртебесі, мемлекеттік тіл, ұлт деген атаулар туралы мәселе көтеріліп, дау болып жатқанын көрмейсің. Тек, ТМД ауқымында, оның өзінде Қазақстаннан бастап батысқа қарай орналасқан посткеңестік ұлттық мемлекеттерде ғана орыс ұлты мен тілінің мүддесі төл этностың мүддесімен үнемі тайталасқа түсіп жатқаны. Мұндай қиындыққа тіреліп отырған жалғыз Қазақстан ғана емес, біздің кебімізді Грузия, көрші Қырғыз елі мен алыс Балтық жағалауы елдері, Украина мен Белоруссия да киіп отыр. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, неше ғасыр «бұратана халықтарды» билеп-төстеген орыстар мен «ұлы орыс тілі» оңайлықпен өз үстемдігінен айрылғысы келмейтінін байқатуда. Балтық елдері ұлттық мүдде үшін Ресеймен ашық арпалысып жатса, Өзбекстан мен Әзірбайжан еш тайсалмастан латын әліпбиіне өтіп, төл этнос пен ұлттық тіл мәртебесін мықтап бекітіп алды, олардан Түркіменстан мен Тәжікстан да қалыспайды. Осы жерде атап айтар нәрсе – мемлекеттің бірұлтты немесе көпұлтты екенін анықтаудың ресми критериі әлі күнге дейін жоқ. Дегенмен, «Freedom House» халықаралық ұйымының президенті Эдриан Каратницки ел халқының үштен екі бөлігін бір ұлт өкілдері құраса онда ол моноұлтты мемлекет деп көрсетеді. Бұл пікірге салсақ, Қазақстан моноұлтты мемлекет.

Тоқ етерін айтар болсақ, айқыны – ұлттық мемлекет, оны құрушы негізгі ұлтсыз өмір сүре алмайды, қазақстандықтар ішінде қазақ ұлтының тарихи орны ерекше, себебі, қазақтар мемлекет құрушы ұлт. Мемлекет – Қазақстан деп аталады, яғни, Елбасымыз айтқандай, «Қазақ елі». Мемлекет бірлігі мен болашағына жауапты ұлт, соны құраушы ұлт, демек, оның тарихи жауапкершілігі де ерекше. Қазақстанда ешқандай да «қазақстандық ұлт» немесе «азаматтық ұлт» жоқ, тек қана Қазақ ұлты бар. Республикадағы төл ұлт — қазақтардың мүддесі жекелеген жағдайда бірқатар мемлекеттерде орын алып отырғанындай, ерекше болуы қисынды әрі орынды. Қазақстанда өмір сүретін басқа да ұлттық азшылықтар тарапынан қазақ ұлтының қайта өрлеуіне деген табиғи ұмтылысына түсіністікпен қарау республикадағы татулық пен достықтың іргетасы. Өйткені, мемлекет құрушы ұлттың сапасы оның ішкі тұтастығы мен бәсекеге қабілеттігінде. Төбесі көк тіреп, жайқалған алып бәйтеректі нық ұстап тұратын тамыры мен діңі екенін бәріміз де мойындаймыз, сол сияқты, мемлекет құрушы төл этнос – Қазақ ұлты Қазақстанның қара тамыры мен өзек-діңгегі, оның күшеюі – елдің нығаюы, көпұлтты халқының ынтымақпен ұйысуы деген сөз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына арналған жолдауында Қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, еліміз Қазақ мемлекеті деп аталатын болады деп атап көрсеткенін ұмытпайық!

Мұсатаев Сейілбек – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Abai.kz