Бүгін Египет соты, арасында «Мұсылман бауырлар» қозғалысының жетекшісі Мохамед Бади бар, 683 адамды өлім жазасына кесті деп хабарлайды құқық қорғаушылар.
Өлім жазасына кесілгендерге 2013 жылы 14 тамыз күні елдің оңтүстігіндегі Минья провинциясында «полицейлерге қарсы қастандық ұйымдастырып, өлтіруге қатысы бар» деген айып тағылған. Дәл сол күні Каирде болған қақтығыстарда елдің биліктен тайдырылған президенті Мұхаммед Мурсидің жүздеген жақтасын өлтірген еді.
Сот бұған қоса наурыз айында өлім жазасына кесілген 529 адамның 492-сінің жазасын өмір бойына түрме жазасымен алмастырды.
Былтыр шілдеде «Мұсылман бауырлар» қозғалысының өкілі Мұхаммед Мурси биліктен тайдырылғаннан бері Египетте қақтығыстардан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам түрмеге жабылды.
2013 жылы желтоқсанда әскерилер бақылауындағы Египет билігі «Мұсылман бауырлар» қозғалысын «террористік ұйым» деп жариялаған еді.
http://www.azattyq.org/archive/news/20140428/330/330.html?id=25365000