АЛТЫНОРДА
Новости

Мұхтар Шаханов: Латын әлiпбиiне көшу қазақ халқын екiге бөледi

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТIНЕ, ҮКIМЕТ БАСШЫСЫНА, ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫНА

“Латын қарпiне көшкенiмiз – бiздiң қасiретiмiз болды. Әзiр­бай­жан және ағылшын тiлдерiн оқып жатқан балалар кириллицаны мүлде бiлмейдi. Олар осыған дейiн басылып шыққан кiтап­тарды оқи алмайды.”
Эльмира Ахундова,
Баку-славян университетiнiң доцентi.

“Қазақстан түрiк әлемiне жетекшi болу үшiн аянып жүрген жоқ. Түрiк академиясын, “Түрiк­сой” кеңесiн құрды… академияның президентi (немесе төрағасы) – қазақ ғалымы, Көкшетау университетiнiң бұрынғы ректоры Шәкiр Ибраев. Қазiр латыншаға көшуге бастамашы болып жүргеннiң бiрi сол. Қазақтар өз тiлдерiн әлi үйренiп болған жоқ. Латын әлiпбиiне көшсе тiлдерiн өшiредi.”
Гога Хидоятов,
Өзбекстанның еңбек сiңiрген қайраткерi,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

“Менiңше, қазақ тiлiнiң ресми iс жүргiзу тәжiрибесiнде оның толыққанды қолданылуын қамтамасыз ете алмай, латыншаға ауыса қою, орны толмас өкiнiшке әкелiп соқтырады. Онсыз да орыстiлдiлер мен қазақтiлдiлер екiұдайылыққа ұшырап жүргенде, қазақ одан әрмен рухани алшақтыққа ұрынады. Қазiр олар бiр-бiрiн үнемi түсiне алмай шекiсiп қалып жүрсе, латыншаға көшкен қазақтiлдiлер мен кириллицадан айырылғысы келмейтiн орыстiлдiлер (орыстармен қосылып алып) нағыз жаға жыртысуға көшедi… Ұлттың рухани екi жiкке бөлiнуi одан әрi терең­дейдi. Онсыз да кириллица негi­зiндегi қазақшаға ене алмай жүрген орыстiлдiлер латынша негiздегi қазақ тiлiнiң маңайына да бара алмайтын болады. Әзiр­байжан мен Өзбекстандағыдан бiздегi жағдай өзгеше. Олардың артықшылығы, бiр ұлт өкiлдерiнiң iшiнде бөлiну жоқ, бiзде бар. Егер латыншаға қазiр ауыса қойсақ, бұл бiздi рухани жiктелудiң ең тереңiне батыратын болады.”
Қанағат Жүкешев,
философия ғылымдарының кандидаты

Ендi Абай.кz. ақпараттық пор­талында жарияланған пiкiр­лерге назар аударалық:
Кириллица – орыс тiлiнiң негi­зiнде емес, грек пен болгар тiл­дерiнiң негiзiнде құрастырылған әлiпби. Кейбiр шалағай қазақтар кириллицаны орыс мәде­ниетiнiң меншiгi деп таниды. Сайып келгенде, кириллица Шығыс Рим империясының қалдығы…
***
Орыстардан алфавит ауыстырып құтыла алмайсың… Алфа­виттi ауыстыру – жай нау­қан…
***
Қазақ бұрынғыдан да бетер бiлгенiнен айырылып, топастанып кетедi. 80 жылдық тарихымыз жоғалады тағы да.

***
“Латын әлiпбиiнiң екi түрi бар екен: латынша және ағылшынша қарiп. Латынша қарiп дегенiмiз – басында айшығы бар немесе аяғында құйрығы бар, бiрақ латын қарiптерi. Ағылшын қарiп дегенiмiз – кәдiмгi өзiмiз күнде пайдаланып жүрген компьютер­дегi ағылшын қарiптерi.
Гүлнәр Тазабекова,
“Әлiпби өзгерту өзектi мәселелерге айналуда”,
“Төртiншi билiк”, 14 қаңтар, 2013 ж.

Бұл мазмұнды мақсат па екен, санамызға кеш келген?
“Дұрыс, дұрыс” деп жатыр жұрт, “латыншаға көшкен жөн”.
Билiк сөзi заң емес пе, бiрақ қашан көшемiз?
Қандай жолмен түгенделер сыртқа кетер есемiз?
“25-iншi жылдан кейiн” дейдi оған елбасы,
Осы талап бола ала ма, ортақ сенiм арнасы?
Бiреу бейiм, төрт-бес жылдан кейiн жылдам көшуге,
Ал, бiреулер, тiптi, “ертең көшейiк” деп бөсуде.

Кей дайынсыз пайымсыздар “бұл iс жеңiл” десе де,
Нақ осы iсте бұғып жатыр өте үлкен мәселе.
Дәл бүгiнгi күнге дейiн ел мұңына ашынған,
Зерттеу, толғау, мақалалар миға үлес боп қосылған,
Тұлғалардың еңбектерi ұлттың даңқын асырған,
Сан миллион атпен дара кiтап болып басылған.
Соның бәрi кириллица аясында қала ма,
Кiм аударып бермек оны ертеңгi өсер балаға?

Латыншаға өзбек, түрiкмен, әзiрбайжан ауысты,
Сан тарихы сыртта қалып, қамсыздықпен қауышты.
Билiк жағы өнегелi iс деп ұқса екпiндi,
Көп тұлғасы оны “адасу”, “рухты зорлау” деп бiлдi.
Жә, ғаламтор бұл араға өз үлесiн сала ма?
Әлде “тарих қажет емес” деген үмiт жана ма?
Басты мақсат кiтаптардың қажеттiсiн алу ма?
Көп миллиард қаржы керек, бұл зор iске баруға.
Ертең түсiп қалмаймыз ба, рухсыз, сараң қақпанға,
Қазiр ұлттық игi iстерге ақша таппай жатқанда?

Ойда-жоқта көлегейлеп пенделiктiң бораны,
Бiр маңызды сұрақ тағы алдымызды орады.

http://zhasalash.kz/ruhaniyat/9003.html