АЛТЫНОРДА
Новости

Музейлік дизайн өнері машақатпен қоса, махаббатты талап етеді

Әбу Насыр әл Фараби, Ахмет Йассауи, Абай, Алтынсарин, Әбілхан (Қастеев)… Бәрінің есім­дерінің бастапқы әрпі «А»-дан басталады. Біз осы тұлғалардың атын алған Отырардағы әл-Фараби музейін, Түркістандағы Орталық мұражайда орналасқан Ахмет Йассауи музейін, Шымкентегі Абай музейі мен Алматыдағы ҚазҰПУ-да орна­лас­қан Абайтану орталығы музейін, Қостанай­дағы Алтынсарын музейін, Алматыдағы Ә.Қастеев музейін айтып отырмыз. «А»-дан басталатын бұл музейлердің бәрін жасаған – өзінің де есімінің бастапқы әрпі «А»-дан баста­латын белгілі ди­зайнер, профессор Аманжол Найман­бай. Оның еліміздегі музейлік дизайн өнерінің көш басында тұруының өзін де «А»-ға теңеуге болады. Ұлты­мы­з­дың ұлы тұлғалары мен қасиет тұтар ке­шен­деріне ден қойған оның Алтай мен Атырау арасын алып жатқан алып аймақта жасақтамаған му­зейлері некен-саяқ.
 Музей – тарих, музей – ғылым, музей – мә­дениет ошағы. Осы үш үлкен мәселенің үйле­сі­мінсіз музей шықпайды. Музейдің түрі көп: халық әуез аспаптары музейі, этнографиялық музей, әдеби музей, өнер музейі, саяси қуғын-сүргін құр­бандары музейі, діни-ру­хани музей, тарихи өлкетану му­зейі, мемо­риалдық музей, театр өнерінің музейі, музыка мәдениеті музейі, спорт музейі сынды әр музейдің өзіндік образын шығару және әр жердің, әр аймақ­тың өзіндік ерекшелігіне, қалыптасқан дәс­түріне байланысты бет-бейнесін ойып шығару оңай шаруа емес.

Пример изображения

Еліміздегі мемлекеттік есепте тұрған барлық музей қорының (шамамен жүз шақты) тең жартысын тікелей жасақтауға араласқан, сол үшін бір миллион экспонат жинап-жиыстырған, әріптестерінен «Музей экспозициясының гроссмейстері» деген атақ алған, қазақ этнодизайнының негізін қалаушылардың бірі, профессор Аманжол Найманбай осылай дейді.
Аманжол Найманбайдың шығарма­шылық қайраткерлігінің бір артықшылы­ғы – оның тарихты оқымысты ғалымдардан кем білмейтіндігі. Музей дизайнері болу үшін «зат тілін» ұғына білетін қасиет керек. Музей дизайншысы болу үшін әрі суретші, әрі сәулетші, әрі инженер, әрі этнограф, әрі тарихшы болуыңыз немесе солардан жан-жақты хабарыңыз болуы шарт. Ең бастысы – ұлтжандылық. Мұның бәрі – Аманжол Найманбайдың бір басында тоғысқан қасиеттер.
Бұдан әлденеше ғасыр бұрын өмір сүрген тарихи тұлғаға қатысты тарихтың шынайы куәгері – экспонат табу мүмкін емес. Одан шығатын жол бар ма? Бар, бар болғанда да біреу-ақ: көненің көзін, асылдың сынығын табу үшін тарих пен әдебиет бойынша сол заманның көзімен талмай ізденіп, жетіспейтін экспонаттарды картина, диарама, муляж, т.б. толтыра бі­луге тиіссің. Музей экспонаттары ойсыз, се­зімсіз қалғып-мүлгіп тұрмауы тиіс, жан­ды, күнделікті тіршіліктің, қайнаған қоз­ғалыстың ішінде болуы керек. Келушінің бірден назарын аударатындай болуы тиіс. Үнсіз жырлап тұруы керек. Өткен мен бү­гінді, болашақты жалғас­тырып тұруы тиіс. Мұның бәрі ұзақ ой­ланып-толғанудан туатын қиын процес. Түркістандағы тұңғыш қазақ дипломаты Нәзір Төреқұловтың мемориалды музе­йінің экспозициясын жасақтау кезінде Мәскеу, Эр-Рияд пен Ташкент мұрағат­тарынан, сондай-ақ жерлестері мен ұр­пақтарының қолында сақталып қалған ғылыми материалдарды жиыстырып-жинақтауды тікелей өзі қолға алды. Нә­тижесінде музейдің ғылыми қоры байып шыға келді. 2007 жылы Нәзір Тө­реқұлов атындағы республикалық қор құрылтай­шыларының конференциясында А.Найманбайдың қор президенті болып сайлануына оның осы музейді жасақ­таудағы сіңірген ересен еңбегі үлкен септігін тигізді. Әрине, оның қолы­нан шыққан музейлерді тұтас жасақтау­ға А.Найманбай басқаратын ұжымның да сіңіретін еңбегін айта кету керек. Олар: суретші-ди­зай­нерлер Ербол Қырықбаев, Заңғар Медетбеков, Айболат Айманбетов, Әжі Көбеновтер.

Пример изображения

Аманжолдың бүкіл өнерінің желісі музыкамен тығыз байланысты. Жаста­йынан Тәттімбеттің, Тоқаның, Сүгірдің шертпе күйін тыңдап өскен. Аталарының бірі қобызшы болған. Күй тыңдағанда оған шабыт келеді, қолы жүреді. Күй оны уақыт құшағына ендіреді. Қорқыт баба әлеміне алып келген де – осы қасиетті қобыз са­рыны. Нағашы атасы атақты Сүгір күй­шімен бірге жүрген кісі. Үлкен шы­ғар­машылық жолы да күй психоло­гиясына арналған циклдік туындылардан басталған. Осы күй жайлы топтамамен 1976 жылы «Жастардың ғылыми-техни­калық твор­чествосы» атты бүкілодақтық байқауға қатысып, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атан­ғаны бар. Қысқасы, Аманжолдың ди­зайнерлік өнер ордасына келуіне себеп болған – хал­қымыздың сазгерлік мұ­расы. Өнерінің өзегі де сол. Күй тілін заттық бейнеде бере білу. Музыкадан бастау алып жат­қандықтан болар, оның қолы тиіп кеткен дүние­лердің бәрінен ғажап романтика, поэзия нұры аңқиды, жанды, күнделікті тіршіліктің, қозғалыстың ішінде болады.
Төре ҒАЛИ

http://www.aikyn.kz