АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Н. НАЗАРБАЕВ: «ЖҰМЫСЫ ЖАҚСЫ ӘКІМДІ АУЫСТЫРМАЙМЫН»

Наза     Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Елбасы бірінші Шымкентте құрылысы басталған жаңа әкімшілік — іскерлік орталығында болды. Жұмыс барысымен танысты.  Облыс әкімі Асқар Мырзахметов әкімшілік-іскерлік орталықта салына бастаған, келешекте бой көтеретін ғимараттар мен басқа да әлеуметтік құрылыстар туралы Президентке жан-жақты әңгімелеп берді.

Облыстың қазіргі әкімшілік-іскерлік орталығы осыдан 60 жылдай бұрын салынған екен. Сондықтан жаңасын салу қажеттілігі туындағаны белгілі. Осыны байқаған Елбасы Шымкентке келген сапарларының бірінде «Шымкент қаласы республикада үшінші шахарға айналуы тиіс» деген міндет қойған болатын. Сол міндетті орындау аясында жаңа орталық бой көтере бастады. Мұнда жалпыхалықтық көпшілік шаралар өтіп тұратын алаң, облыстық әкімдік пен оның басқармалары, облыстық мәслихат  орналасады. Гүлзарлар көздің жауын алатын болады.

Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы үлкен, сұлу сәулет композициясы, керемет архитектуралық ансамблдер  деуге болады.  Олардың ішінде облыстық драма театры, облыстық орталық кітапхана, көрме залы, «Түркістан» деп аталатын  салтанат сарайы,  бірнеше білім беру және медициналық мекемелер, сондай-ақ 5 мың орынды облыстық  мешіт, тағы басқалар салынбақшы.

Жаңа орталықтың макетіне қарап Шымкентті үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын аңғарасыз.  Жаңа орталықты айналдыра  келбеті келіскен тұрғын үйлер массивтері бой көтермекші. 9-12 қабатты көппәтерлі үйлер қазірдің өзінде-ақ салына бастапты. Ірі сауда және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары да қаланың кескін-кебетін аша түседі деп жоспарланған.

Елбасы Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталық пен оған жақын жердегі мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің, басқа да білім ошақтарының құрылыстарына зер салды.

Одан  соң Елбасы құрылыс алаңындағы  қолдан жасалған уақытша шатырда жиналып отырған облыс белсенділерімен жүздесті.

-Ал, Асқар,  жұмыстарың туралы әңгімеңді баста,-деді мемлекет басшысы жиналған жұртшылықпен амандасып алған соң:.

Сол жерде облыс әкімі  Асқар Мырзахметов Мемлекет басшысына соңғы бір жылда атқарған жұмыстары туралы  есеп берді.

Облыстың экономика, ауылшаруашылығы, әлеуметтік және мәдени салалар бойынша көрсеткіштері жақсы. Ішкі жалпы өнім көлемі қарқындап артып келеді. Ауылшаруашылығының даму екпіні жөнінде, республикадағы өзге аймақтарды қайдам, Оңтүстік озып тұр. Биыл астық бітік болды. Көкөністі былтырғы жылғы рекордтық көрсеткіштен 250 мың тоннаға арттырды. Оңтүстіктің диқандары Қазақстанды «тойдырып», өз өнімдерін Ресейге саудалауға көшті. Осы арада Елбасы облыс басшысына қарап:

-Қазақстанымыздың солтүстік облыстарын да ұмытпаңдар,-деді.

Іске қосылған жаңа нысандардың есебінен облыста жұмыссыздардың саны азайып келе жатыр.

Орта және шағын бизнес нысандары көбейіп келеді. Осы арада мемлекет басшысы:

-10-20 адам жұмыс істейтін шағын кәсіпорындарды көбейте беріңдер. Шымкент үшін үлкен заводтар емес, осындай оңтайлы бизнес нысандары керек,-деді.

Назар

Облыс белсенділерінің арасынан үш адам сөз алды. Ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін, кәсіпкерлікті дамытып келе жатқан бизнес өкілі және облыстық орыс драма театрының бас режиссері  өз салаларының дамуына қамқорлық жасап келе жатқаны үшін Президенітмізге ақ алғыстарын жеткізді.

Облыс белсенділерімен басқосуды  Елбасының өзі қорытты.

-Облыстың даму қарқыны жоғары. Көптеген көрсеткіштер еселеп артқан. Көріп отырсыздар, жағдай дұрыс. Елдің жағдайы жақсы.

Жақында 20-лықтың мемлекет басшыларының жиынына қатыстым. Әлемде экономиканың ахуалы оңалып келе жатыр.   Еуропа елдерінде дағдарыс шегіне түсті. АҚШ-тың экономикасы алға басты.

Елімізге  Қытай елінің Мемлекет  басшысы келіп қайтты.  Алып көршімізде жылдық экономикалық өсім 7,5 пайызды құрап отыр. Әлемдік  экономиканың осылай дамуы Қазақстанның жағдайына да ықпал етеді. Біздің экономикамыз да әлемдік экономиканың бір бөлшегіне айналып келеді.

Рас, әлемдік деңгейде мәселе әле де бар. Мысалы, жұмыссыздық.

Біз дағдарыс кезінде кері кетушілікке жол бермедік. Жалақы, зейнетақы қысқарған жоқ. Керісінше, көбейді. Жұмыс орны азайған жоқ. Керісінше, жаңа жұмыс орындарын аштық. Бұл біздің басқа мемлекеттерден артықшылығымыз…

Шымкентке келудің сәті енді түсті… бірақ осылай қарай келе жатқаннан «Әкімді ауыстырады. Жаңа адамды алып келе жатыр» деген әңгіме гуілдейді. Жақсы жұмыс істеп жатқан облыс әкімін неге ауыстырамыз? Ауыстырмаймын!- деді.

Жиналған көпшілік ду қол соқты.

Одан соң Мемлекет басшысы Шымкентте ашылған насос шығаратын зауытқа барды. Жылына 2500 дана насос шығаратын кәсіпорын Германиялық әріптестерінен алдырып, осы заманғы жабдықтар орнатыпты. Нарықтық бәсекеге қабілетті нағыз осы заманғы кәсіпорын.

Елбасы  Шымкентте Бәйдібек бабаға салынған алып ескеркішке барып, гүл шоқтарын қойды.

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.