Соңғы кездері Ресейдің құрамында қалған бірқатар түрік халықтары өздерінің түрлі құқықтарының қорғалуын талап етуді күшейте түсті. Ұлттық-патриоттық ұйымдар құрып, халықтың азат болуын талап етушілер де, әлеуметтік, рухани-мәдени әділеттіліктің орнауын қалайтындар да бар. Алғашқы топқа татар, башқұрт, тыва сынды халықтар кірсе, соңғысына құмық, ноғай, қарашай, балқар тәрізді бауырлар кіреді. Әрине, әрбір ұлттың арманы әртүрлі болып тұр қазір. Дегенмен, ұлттық-патриоттық қозғалыстардың күштілігі жағынан татар бауырлар алда келеді. Олар тіпті татардың ғана емес, түбі бір түрік жұртының жан жарасына бей-жай қарап отырған жоқ. Соның бір айғағы ретінде, 31 мамыр күні Қазан қаласында «Азатлық» татар жастар одағының Қазақстандағы «саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай пикет өткізіп, Аза күнінде қазақпен бірге болғандығын айту керек. Татарлар бізге қолдау білдірді сол күні. Біз осы «Азатлық» татар жастар одағының жетекшісі Наил Набиуллиннен сұхбат алған едік. Татардың да мұң-мұқтажын қазақ білсін деп…
ЖЕБЕ: Татарстанда қазір ұлттық мәселелер қалай шешіліп жатыр? Татар халқының мәдениеті, тілі, ұлттық құндылықтарын сақтау мен дамыту қандай деңгейде? Ұлттық-патриоттық қозғалыстарға қысым жасалмай ма?
Наил НАБИУЛЛИН: Татарстанда ұлттық мәселе өте өзекті деп айтар едім. Бүгінде Татарстанда құқықтық тұрғыда екі мемлекеттік тіл бар. Татар және орыс тілдері. Алайда, нақты өмірде орыс тілі үстемдік етіп тұр. Татар мектептері жабылып, татар тілі дәрістері қысқартылып жатыр. Татарстанда таралардың үлес салмағы 62 пайыз. Тіпті, жалпы Ресей Федерациясында татарлар саны жағынан екінші орында тұрған халық. Осылай болуына қарамастан татарлардың не Татарстанда, не Ресей Федерациясында бірде-бір ұлттық телеарнасы да, ұлттық университеті де жоқ. Ал, кейбіреулерде 30 дас астам телеарна, ондаған ұлттық университет бар.
Бізді, татарларды көбіне барлық мәселесі шешілген, ән-жыр айтып, билеп өмір сүріп жатқан халық ретінде көрсетеді. Өзекті мәселелер туралы айтпайды. Мәселен, бізде татар мектептері көптеп жабылып қалған, қазір барларының өзі «татар мектебі» деп аталғанымен, іс жүзінде олар орыс мектептері. Ең сорақысы татар тілі мемлекет тарапынан қолдауға ие емес. Билікте татар тілінің қолданылу аясы өте тар. Тіпті, жоқ деуге де болады. Оқуға түскенде, жұмысқа орналасқанда татар тілі керек емес, тек орыс тілін білу ғана талап етіледі. Ал, бұл өз кезегінде татар тіліне деген сұранысты жояды. Яғни, қарапайым халық ана тілінде сөйлегені пайдалы екендігін білуі тиіс. Тілді мемлекеттік жүйеде шенеуніктер, сатушылар мен басқа да қызметкерлер білуі тиіс. Мұнсыз тілді сақтап қалу мүмкін емес. Ал, бізде олай болмай тұр. Осы жерде тілдің мәселесін Татарстандағы қалаларымыздағы көшелердің атауына қарап та білуге болады. Біздің қалаларда татар тілінде жазылған жазуы бар жарнама тақталары өте аз. Татар халқының ұлы тұлғаларына 4-5 үйі бар ғана көшелер ғана берілген. Мәселен, Қазанда Гаяз Исахкий есімі берліген көшеде 4 үй ғана бар. Бұл қорлау ғой. Біздің ұлы тұлғаларымызға ешқашан ескерткіш қойылған емес Татарстанда. Мәселен, 1552 жылы Қазанды қорғаған бабаларымызға лайықты ескерткіш жоқ. Ал, Қазанды жаулап алған орыстардың ескерткіштері бар. Біздің шенеуніктер Мәскеуден қорқады. Мен хандарымызға арналған ескерткіш тұрғызу керектігін талай айттым. Шыңғыс ханға, Батый ханға, Ұлығ-Мұхаммедке, Батыршаға және басқа да батырларымызға арналған көптеген ескерткіштер тұрғызылуы тиіс қой. Жоқ. Олай болмай тұр. Енді өзіңіз елестетіп көріңізші, Ұлы даланы билеген, көптеген ғасырлар бойы аттан түспеген татар халқының бас қаласы Қазанда аттың үстінде отырған бір батырдың ескерткіші жоқ. Мұның барлығы біздің ашу-ызамызды туыдырады.
Ал, орыстың неофашистері тарапынан жасалатын шовинизм бізде де бар. Бір топ шовинистер Татарстанда татар тілін ерікті түрде оқытуды талап етіп, мәжбүрлеп оқытуға қарсылық білдіріп жүр. Митингтер өткізіп жатады олар. Ал, мәжбүрлемесең татар тілін кім оқиды? Кім үйренеді? Біз Татарстанда мектептерде татар тілін мәжбүрлеп оқытуды қолдаймыз. Татар тілі Татарстанның мемелкеттік тілі. Былтыр бір шовинист Құран Кәрімнің үстіне доңыз еті мен нәжіс қойып, суретке түсіріп «С праздником!» деп жазып интернетке шығарды. Татар жамағаты бұл мәселеге байланысты іс қозғауды талап етіп, қазір сот жүріп жатыр.
ЖЕБЕ: Татарстанда ұлтшыл-патриоттарға қысым жасалмай ма?
Наил НАБИУЛЛИН: Татарстанда ұлт патриоттарына қысым жасау көптен бері бар дүние. Түрлі қылмыстық істерді бізге жауып, айыппұлдар салып, абақтыға да қамайды. Соңғы 3 жылда «Азатлық» татар жастар одағының белсенді әрекеттеріне байланысты да талай қысым жасалды. Мәселен, мені түрлі сылтаулармен мемлекеттік университетте жүргенде оқудан қуды. Екі рет. Белсенді саяси көзқарастарым мен әрекеттерім үшін. Ақыры жекеменшік оқу орынына түсіп, соны бітіріп шықтым. Одан бөлек ел ішінде 3 түрлі сылтаумен айыппұл салды, ақыры 55 мың рубль төледім сол айыппұлдар үшін. Менен басқа белсенділерге де талай қысым жасалып жатыр. Көбінесе студент немесе жұмысшы болуларына байланысты, оларды «оқудан, жұмыстан қуамыз» деп қорқытады. Тағы бір мысал. Менің денсаулығым жарамсыз болуына байланысты 6 жыл бұрын әскери билет те алғанмын. Бірақ, әскери билетімінің бар екеніне қарамастан армияға шақырды. Армияға барған соң көзімді құртпақ ниетте. Мен қарсылық акциясы ретінде аштық жарияладым.
Татар халқының жағдайына тоқталсақ, бізде орыстандыру күшті жүріп жатыр. Ассимиляция өте қарқынды, аралас некелер көп. Бұлардың барлығына қарамастан татар халқы азаттық аңсауын қоймайды. 460 жыл бодандықта болсақ та түп негізімізді ұмыптадық, ертеңгі күннен күтер үмітіміз мол.
ЖЕБЕ: Осыдан екі жыл бұрын Қазанда «Татар тілі үшін кез-келгеннің кеңірдегін орамын» деп орыс шовинистеріне қарсы шыққан журналист Эльмира Исрафилованың батылдығын ұмытпадық біз. ТНВ арнасында жұмыс істейтін әріптесіміздің жұмыстан қуылғанын, кейін ақталғанын да білеміз. Сол қарындасымыз қайда қазір?
Наил Набиуллин: Менің білуімше ол қазір Түркияда. Тұрмысқа шықан. Қазір қандай шаруамен айналысып жүргенінен хабарсызбын.
ЖЕБЕ: Біз Ресей Федерациясында түрік халықтарының құқығын аяққа таптау үрдісінің кең тарай бастағанын байқап жүрміз. Татарлардың, башқұрттардың, ноғайлар мен құмықтардың және басқа да түрік тектес халықтардың көптеген өзекті мәселелері бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
Наил НАБИУЛЛИН: Қазір Ресейде орыс емес халықтардың, түрік тектес және фин-угр халықтарының құқығы шектеліп жатыр. Бұл халықтардың ұлттық автономияларын жою ісі бірінші кезекте тұр. Мектептер, балалар бақшалары жабылып, ана тілде білім алу мүмкіндігі шектелді. Тіпті, ана тілдерін оқу сағаттары да азайтылды немесе түгелдей жойылды. Ресейде орыс емес бірде-бір ұлттың ұлттық университеті-институты жоқ. Осылай тізбелей берсек мәселе көп. Ресейде өмір сүретін түрік тектес және фин-угр халықтарының тілдерінде сөйлеген адам қаржылық-экономикалық тұрғыда қиындықтарға кездеседі. Демек, бұл тілдерге деген сұраныс жоқ. Сұраныстың қалыптасуына негіз де жасатпай отыр. Ал, Ресейде орыстан өзге халықтарды орыстандыру саясаты бар. Бүгінгі күні Ресейде көптеген халықтар жойылудың аз-ақ алдында отыр. Мәселен, шор халқы. Зерттеушілердің айтуына қарағанда енді бір буын ауысса бұл халық жойылатын көрінеді. Бұл үлкен өкініш. Көптеген шағын халықтардың азайғаны һәм әлсірегені сонша, тіпті ұлттық-патриоттық қозғалыстары да, жақтаушылары да жоқ. Мұндай деректер жүректі ауыртады. Ал, шын мәнінде ол халықтардың да өмір сүруге ҚҰҚЫ БАР! Телеуіт, алтай сынды бірқатар түрік тектес халықтардың ұлттық-патриоттық қозғалыстары туралы естіген де жоқпыз. Еділ-Орал жерлеріндегі мордва, мари, удмурт халықтарының халі тым ауыр. Түрік тектес чуваш халқының да жағдайы ауыр. Қазіргі күні Ресейде өзгелерге қарағанда азды-көпті артықшылықтары бар һәм басқалардан сәл де болса жақсы күйде сақталып қалған ұлттар: татарлар, башқұрттар, сахалар және тывалар. Бұл халықтар әлі де болса орыстануға қарсы күресіп, өздерінің қарсылығын бідіріп жатыр. Басқа ұлттар ештеңе жасап жатқан жоқ, олардың болашағы бұлыңғыр-ау деген пікірдемін.
ЖЕБЕ: Кейде бізге Татарстандағы ұлттық қозғалыстардың арасында түрлі көзқарастар мен келіспеушіліктердің бар екенін байқалып қалады. Мұндай жағдай бар ма?
Наил НАБИУЛЛИН: Қанша адам болса, сонша пікір бар. Көзқарастардың қайшылықтары кездеседі. Бірақ, олар қозғалыстардың арасына жік түсіретіндей терең емес. Өзара тіл табыса аламыз.
ЖЕБЕ: Татар және башқұрт ұлттық қозғалыстарының қазіргі ара қатынасы қандай?
Наил НАБИУЛЛИН: Біздің ара қатынасымыз оңай болмай тұр. Татарлар да Башқұртстан жерінде байырғы тұрғын саналады. Алайда, көп мәселеде татарлардың құқығы аяққа тапталып отыр. Башқұртстан жерінде ұзақ жылдар бойы татарларды башқұрттандыру әрекеті жүргізіліп жатыр. Татарларды башқұрт деп жазу, татар елдімекендеріне башқұрт атауларын беру, татар мектептерін жауып, башқұрт мектептері көптеп ашылып жатыр. Бұдан бөлек көптеген татар жазушыларды, композиторларды, қайраткерлерді башқұрт ретінде жазу жиі кездеседі. Бүгінде Башқұртстанда 2 миллион татардың құқы тапталып, олардың тілін, мәдениетін дамытуына мүмкіндіктер жасалмай отыр. Сол себепті, татар мен башқұрт ұлттық ұйымдарының арасында кереғарлықтар кездесіп қалады.
ЖЕБЕ: Сіздер 31 мамыр күні Қазан қаласында Қазақстандағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай қазақты қолдап пикет өткіздіңіздер. Ең алдымен Сіздердің бұл бастамаларыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Дегенмен, татар ұлтшылдарына қазақ және өзге де түрік халықтары тарапынан қолдау керек екендігін түсініп отырмыз. Сіздің бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?
Наил НАБИУЛЛИН: Менің ойымша бірінші кезекте татар және қазақ ұлтшылдарының байланысын орнату қажет болып тұр. Бірінші кезекте ақпараттық салада және басқа да салаларда тығыз байланыс орнатқан дұрыс деп есептеймін. Сонымен бірге 12 желтоқсан күні, Қазан шаһарының жат жұрттықтардың қолына өткен күні бізді қолдаса тамаша болар еді. Біз жыл сайын бұл күнді Аза тұту күні ретінде атап өтеміз. Өйткені, 12 желтоқсан біздің тәуелсіздігіміздің жойылған күні. Бұл татардың ауыр қайғысы. Бұл күні бізге қолдау болса, татардың рухын көтерері сөзсіз. Біз жалғыз емес екендігімізді ұғынар едік.
Әңгімеңізге рахмет! Берекеміз арта берсін!
Сұхбаттасқан Амангелді Құрметұлы
zhebe.com