Мен араб тілін түсінбеймін. Құран, сүре, аяттарды жаттап алуға тілім келмейді. Сондықтан Халифа Алтай атамыз ауданған Құранның қазақша нұсқасымен намаз оқи берсем бола ма? Бұған дінтанушылар не дейді екен?
Арман, Теміртау қаласы
Кезінде Сенат депутаттары да, зиялы қауім өкілдері де намазды қазақша аударып, өз тілімізде оқу туралы ұсыныс айтқан болатын. Тіпті 90-шы жылдары қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов бұл туралы экс-бас мүфти Рәтбек Қажыға бірнеше рет айтып, мәселе ретінде қозғаған. Бірақ шариғат заңын ешкім өзгерте алмайды. Амал тек араб тілінде ғана оқылады. Соңынан тек дұғаларды, сондай-ақ уағыз, насихатты қазақша қайырса болады. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбай былай дейді:
– Ең алғашында кез-келген адам үшін ана тілінде құлшылығын орындау – әрі жеңіл, әрі орынды көрінері рас. Алайда, мәселені егжей-тегжейлі қарастырар болсақ, кең көлемді түсінікке қол жеткізеріміз анық. Ең алдымен тілек-дұға мен намаздың ара жігін ажыратып алған жөн. Намаздан тыс жасалатын тілектер мен дұғаларда мұсылман кісіге ішкі тілегі мен мұң-мұқтажын қай тілде айтып жеткізем десе де, бұған тыйым салынбаған. Өйткені, бұл Жаратушы мен құл арасындағы жеке мәселеге қатысты. Ал намаз болса, ол жалпыға, жамағатқа тән құлшылық болғандықтан, намазға қосылатын басқа да мұсылмандардың қажет тілектерімен санасу керек. Негізінен намаз жамағатпен оқылуға тиіс. Бірақ жалғыз оқуға да рұқсат етілген. Егер Ислам діні қандай да бір белгілі аймақтың яки белгілі бір ұлттың діні болса, онда ешқандай күмәнсіз сол аймақтағы сол ұлттың ғана тілі қолданылар еді. Алайда, төрткүл дүниеге тараған, бір-бірін түсінбейтін қаншама ұлт өкілдеріне ортақ діннің өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері болатыны сөзсіз. Мәселенің тағы бір жағы, Құранның қандай да бір аудармасының ешқашанда түпнұсқаны толық қамти алмайтындығында. Құран аяттарының әрбір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Аудармада тек біреуі ғана беріледі. Тіпті кейде аятта қолданылған әрбір әріптің де өзіндік бірнеше мағынасы болады. Аудармада осы әріптердің өзіндік мағынасы мүлдем ескерілмей қалуы мүмкін. Яки біреуі ғана ескеріледі. Құранда белгілі бір мағынаны білдіретін бірнеше синоним сөздердің ішінен сөздің дыбысталу жағынан да, мағынаны қамту жағынан да ең қолайлысы таңдалған. Сондықтан, кейбір сөздің «сөздік мағынасынан» тыс дыбысталуының өзі баяндалайын деп тұрған жағдайды білдіріп жатады. Ал мұны аудармада беру мүлдем мүмкін емес. Сондықтан бұл әуелден қолдау таппаған бастама. Намаз, аят, рәкәғаттар тек араб тілінде оқылады. Ол басқа тілдерде оқылмайды, аударылмайды. Құран-Кәрім қай тілде түсті, сол тілмен ғана оқылады.
Ал сіз бұған не дейсіз, ойлы оқырман?
http://alashainasy.kz/din_islam/52008/