Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен сүннеттерінде шексіз жақсылықтар мен ізгіліктердің мүбәрәк нұры бар. Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», (Мүслім, Сиям, 176) – дейді. Шуағы мол шағбан айынан кейін қасиеті зор Рамазан айы келеді.
Рамазан – береке мен бірліктің айы. Аллаһ Тағала бұл айда дұғаларды қабыл етеді, күнәларды кешіреді. Жылына бір-ақ рет айналып келетін қасиетті айда Аллаһ Тағалаға ғибадаттарды көбейтіп, күнәлардан алыс болуға тырысу керек.
Рамазан айының және ораза ұстаудың мұсылман үшін пайдасы ұшан-теңіз. Тіпті, пенденің бұл жақсылықтарды айтып-тауысуының өзі оңай емес. Қараңызшы: «Бұл айдың «Рамазан» деп аталуының себебі – күнәларды жағып, жоқ қылғаны үшін…» (И.Мансур), «Рамазан айы келгенде, Аллаһ Тағала періштелерге мұсылмандар үшін истиғфар айтуларын әмір етеді…» (Дәйлами), «Жаннаттағы зәулім сарайлар сөзі жақсы, сәлемі көп, тамақ жегізген, оразасын жалғастырған және түнгі намазды оқығандарға беріледі» (Ибн Наср), «Аллаһ Тағаланың көздердің көрмеген, құлақтардың естімеген және ешкімнің ойына да келмеген нығмет толған дастарханына тек ораза ұстағандар ғана отырады» (Табарани), «Рамазанның басы – рахмет (мейірім), ортасы – мағфирет, соңы болса – жаһаннамнан құтылу» (Ибн Әбиддунйа) т.с.с.
Рамазан – айында ораза тұтып, түндерін ғибадатпен өткізген мұсылман баласының жалғандағы күнә-кемшіліктері кешіріледі. Ораза күндері кісі жиіркенетін, жаман сөздер айтпағаны ләзім. Дін ғұламасы Бұхари: «Егер біреу сендермен ұрысса, «мен оразамын» деп жауап беріңдер», — дейді.
«Рамазан оразасы – парыз, тарауих – сүннет» — деген ғұлама уағызшысы Нәсаи, әрбір мұсылман баласын (денсаулығы мен жағдаяттары Аллаһтың шарттарына сәйкес келіп тұрса) міндетті түрде ораза ұстап, ораза күндерінің мүбәрәк кештерінде тараух намаздарын оқуға уағыздайды.
Өйткені, шынтуайтқа келгенде, «Парыз намазы – келесі намазға дейін, Жұма – келесі Жұмаға дейін, Рамазан айы – келесі Рамазанға дейін болатын күнәларға кәффарат болады» (Табарани). Сондықтан, күнәсі мен кемшілігі көп жалған тіршілікте пенде қамсыз күн кешпей, өзінің бақилық ғұмырының баяндылығы үшін басы ауырып, балтыры сыздауы керек. Дүниеуи тірліктің өтірік қызығы мен жалған шаттығына шырмалмай, «Артпа-арт үш күн ораза тұта алатын адамның Рамазан оразасын ұстауы керек» (Әбу Нуайм).
Жасыратын жоқ, кешегі кеңестің кәззап та көрсоқыр саясатсымағы қазақтың санасын аяусыз улап, түйсігін теріс пиғылдармен тексіздікке ұшыратты. Мешіттерді қиратқан, намазға тиым салып, имансыздықтың шыңына шыққан қызыл өкімет «Ислам – шаһадат кәлимасын айту, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын тұту және қажылық жасау» (Мүслим) екендігін мұсылмандардың санасынан мәңгі өшіріп, жүректерінен сылып тастауға тырысты.
Әйтсе де, ата-бабаларының дәргей-діңгегі – асыл дінін жүрегінің тереңі мен санасының тұңғиығында қастерлеп-сақтаған иманы берік, сенімі серік ата-аналарымыз: «Ораза тұтқан мұсылманның үндемеуі – тәсбих, ұйқысы – ғибадат, дұғасы қабыл және амалының сауабы көп болады» (Дәйләми) дейтін тәлім-тағлымды мың жылдық қырғында да ұмытқан емес. Сөз жоқ, қуаты шексіз Аллаһ Тағала мен қасиетті Ислам дінінің де құдіреттілігі осында…
Жаратқан Иеміз пендесіне парыз еткен ораза айының қадір-қасиетін де қазақтың мұсылман баласы ешқашан есінен шығарған жоқ. Тіпті, кеңес кезінің өзінде бес уақыт парызын да, оразасын да қаза қылмаған әулиелі ата-әжелеріміз аз болмады. Сол себепті, біз: «Шынайы ораза – тек жеп-ішуді ғана емес, бос және ұятсыз сөздерді де тәрк етіп тұтылған ораза» (Хаким), «Аллаһ жолында бір күн ораза ұстаған адамды – Аллаһ Тағала жетпіс жылдық қашықтыққа жаһаннамнан алыстатады» (Бұхари), «Тазалық – иманның жартысы, ораза – сабырдың жартысы» (Мүслим), «Аузы берік кезінде өлген адамға – қияметке дейін ораза тұтқандай сауап жазылады» (Дәйләми), «Аузы берік кезінде өлген адам жаннатқа кіреді» (Бәззар), «Ораза ұстаған, намаз оқыған адам – қияметте марапат алады» (Хатиб) – деп түсінуге тиіспіз.
Рамазан айы – парыз ғибадаты болғандықтан, жылдың қай мезгіліне тура келсе де, тіпті, күні қысқа қыс ауасында болса да, сауабы көп болады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Қыста ораза ұстау – машақатсыз қол жеткізілген олжа» (Тирмизи), «Қыс – мұсылманның көктемі. Күндіздері қысқа болады – ораза ұстайды. Түндері ұзын болады – тұрып ғибадат жасайды» (Бәйһақи).
Осынау сауабы орасан айдың әрбір түнінде жаһаннамға түсетін мыңдаған мұсылмандар кешіріледі, азат болады. Ораза айында жәннәт есіктері ашылады. Жаһаннам есіктері жабылады. Шайтандар шынжырлармен байланады. Рахмет (мейірімділік) есіктері ашылады.
Бір ғажабы, пенденің күнә жасауына жын-шайтандар ғана емес, өзінің нәпсісі де себеп болады. Нәпсінің зияны – шайтаннан да көп. Рамазанда күнә істейтін өз нәпсіміз. Бұл айда шайтандар байланғандықтан уәсуәсә (жаман ой) бере алмайды. Рамазандағы адамның есінеулері де – шайтаннан емес.
Қасиетті Ислам: «Рамазан айында жанұяларыңның нәпақасын кең ұстаңдар! Бұл айда жұмсалған нәрсе, Аллаһ жолында жұмсалған сияқты сауап болады» (Ибн Әбиддунйа) дегенде, жаратылыс-болмысы көбіне нәпсінің жетегіне еріп кетуге ыңғайлана беретін пендесіне қатаң ескерту жасайды. Керек десеңіз, «Ораза шәхуатты сындырады» (И.Ахмед) делінеді.
Әйткенмен, өзекті пендеміз, өмірде өкінішіміз көп. Қасиетті ораза айының биыл жаздың ең ұзақ мезгіліне дөп келуін қиналып-ауырсынбай, керісінше, мұның өзін Аллаһ Тағаланың жеңіл сындарының бірі ретінде ризашылықпен қабыл етіп, ең бастысы, күллі жалғандағы жамандықтардың бастауы – нәпсімізге мейлінше күшті құлып салсақ деймін.
Шылқыған шілде мизамында күн – ыстық, күндіз – ұзақ болғанымен, қиналып орындалған ғибадаттың сауабының «Машақатына қарай – сауабы» делініп, бірнеше мәртеге мол екендігін ерекше есте ұстасақ – өзімізге игі болар еді. Ислам ғұламасы Имам Раббани хазреті былай деген: «Кедергілерге қарсы, ғибадат орындау қиыншылығы, тауқыметі сол ғибадаттың абыройын, беделін көктерге шығарады. Кедергісіз, оңай орындалған ғибадаттар төменде қалады».
Рамазанда дүйім жұрттың көзінше ашық тамақ жеген адам бұл айды құрметтемеген болып есептелінеді. Намаз оқымайтын адамдардың да ораза тұтуы және харамдардан тыйылуы өз бастарына аса қажет. Намазға жығылмағандардың имандарының бар екендігі ораза ұстауынан аян болады.
Осы бір нәпсіге тиым құрылатын айда елімізде мемлекеттік және жекеменшік тендерлер өткізілмей, Жемқорлық дейтұғын тажалды бір ай бойына «шынжырлап» тастасақ, бәлкім, күнәміз азайып, қазақ баласына Аллаһ Тағаланың рақымы көбейер ме еді, қайтер еді?!.
Осылай қарекет қылғанымыз уәжіп-ау. Тек жаһаннамға баратын адам ғана бұл айда рахметтен мақұрым қалады. Ал, пендесінің жүрегі тек Аллаһты еске алғанда ғана жай табады, шынайы дұғаларымыз, иншалла, қабыл болады.
Қасиетті айда Аллаһ Тағаланың мәртебесіне лайықты түрде құлшылық етіп, нәпсілерімізге қарсы кескілесе күрес ашқан отыз тәулігімізге Раббымыздың разы болып, бізді тура жолынан адастырмауын нәсіп етсін!
masa.kz