АЛТЫНОРДА
Новости

«Нарцисс» науқасына шалдыққандар немесе қазақ баласы кумирсіз қалған жоқ па?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бұрын адамда таңғалу деген қасиет болушы еді, ал қазір селт етпейтін болып барамыз. Себебі таңсық ештеңе қалмады. Олай болмасына қоя ма, күнде үйіңізде теледидар мен интернет жақсысын да, жаманын да жарыса көрсетіп жатса. Күні кеше ғана, Қадыр ақынша айтқанда, «жайлауында жүрген жігіт бағып қой» араға ай салар-салмас теледидар бетінен түспейтін «жұлдызға» айналып шыға келеді. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сондай біреу «төбеге шыққаннан» кейін, басқа таңғалатын не қалды? Жалпы, қазір қайда қарасаңыз да, тек өзін ғана жарнамалап, өзін ғана көрсетіп, өзімен ғана әлек боп жатқан біреу… Осыған қарап қазіргі қоғам тұтас «нарцисс» науқасына шалдыққан ба деп қаласыз.

 

Әлқисса-әпсана

Ертеде сыр-сымбатына сөз жетпейтін, көркіне көз тоймайтын бір жас жігіт бо­лып­ты. Есімі оның Нарцисс болса керек. Сым­баттылығы сонша – қыз-келіншектер түгіл, оған ер жыныстылар да аңтарыла қа­рап, сиқырланғандай күй кешеді екен. Бірақ айналасындағылардың өзіне деген сондай ілтипаты оны шектен тыс тәкаппар­лыққа ұрындырып, ешкімді менсінбей, көз­ге де ілмейтін халге жетеді. Ол – ол ма, бір күні бақта кетіп бара жатқанда шөл қысқан әлгі жігіт су ішпекке бұлаққа ең­кейе бергені сол еді, кенет ар жақтан өзіне ентелей қараған бір бейнені көреді. Көреді де, естен тана ғашық болады. Өмірі ешкім­ге көз қиығын да салмайтын Нар­цисс әлгі бейнені көргенде, қасынан кете алмай, көзін ала алмай, сол жерде талып қа­лады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айы­рыл­ған жігіт ақыры сол бейне иесін тап­паған күйі құсадан көз жұмады. Ең өкі­ніш­тісі, су бетінен көрген бейне өзінікі еке­нін Нар­цисс өлгенше білмей кеткен еді… Ке­йін келе ғылымда өзін шектен тыс жақсы көретіндерге «нарциссизм» диагнозын қою осыдан қалған.

Кешегі «мен» мен бүгінгі «меннің» арасы…

Енді жай-жапсар түсінікті бола баста­ған шығар. Қайта Нарцисстің ол «қылы­ғын» кешіруге болады, бір себептен… Оның су бетінен көрген бейненің өзінікі еке­нін білмегені үшін. Ал одан кейінгі неме­се бүгінгі қоғамның іс-әрекетіне не жо­рық? Олардың тек өзіне сұқтана қарап, айналасынан өзінен басқа адам көрмей, өзгелерге өзін жарнамалауының мәнісі неде? Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірсек. Алдымен теледидарды алсақ. Ел­ге ұнасын-ұнамасын жарыса ән жазып, бей­неклип түсіріп жатқан әншілердің бәрі­ні­кі сырт көзге «өнерге өз үлесін қосу» деп тү­сіндірілгенімен, шын мәнінде дамып жат­қан эстрада, өнер бар ма? Ендеше, ашы­ғын айтайық, «әр кәллада бір қиял» демекші, қалай болғанда да әркім қолдан келгенше өзін көрсетіп, «қолда барда қо­ныш­тан басып қалуға» жанталасып жатыр. Әнші болу арқылы ән әлеміне өзіндік бір үлес қоссам деген бұрынғы әншілерде бол­са, қазір әнші болу деген, шынын айтқан­да, «танымал боп, табысты молы­нан табу, солайша дәулетті өмір сүруге» «билет», бәл­кім, «лотерея» деуге келетін шығар. Оған бәрі ұмтылады, бірақ «бағы жанған­дар» «ұтысқа» ие болады. Тек әнші ғана ем­ес, жалпы, өнердің қай түрі болсын қа­зір өнерге өнер деп емес, табыс табатын, табуға міндетті тауар деп қарайтын бол­ған. Оны осы өлкеде жүргендердің өзі-ақ байқамай мойындап қояды әрегідік, «өте­тін ән», «өтпейтін ән» деу арқылы. Бұл – бір.

Екінші бір мысал – әлеуметтік желілер мен блогтар. «Мен бүйткенде, мен сүйт­кен­де» немесе «мен мынадай жерде жүр­мін», «мынау менің бәленшемен кездес­кен­дегім», «мына суретте бүйтіп қалсам керек, сүйтіп қалсам керек», әйтеуір, біт­пес «Мен». Осыдан он шақты жыл бұрын шығар, «МЕН» деп мемуар жазғаны үшін Мұхтар Мағауин сынды ұлы тұлғамызға үдере қарап едік. Шындығында, Мағауин қалай айтса да жарасатын, себебі бір ғана оның қазақтың бес бірдей ғасырын тірілт­кенінің өзі қайда жатыр? Мағауин ол дәре­жеге жеткен еді. Біз соны мойында­май, қоғам алақұйын болдық. Ал қазір ше? Қазір сол бір ғажайып тұлғаның тобы­ғы­на да жетпейтін мына біздер күн сайын «мен» деген «мемуарлардың» жүзін жазып жатырмыз. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Бізді осыған жеткізген не?

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Бұл – ұлттық намыстың сөніп бара жат­қандығының белгісі. Тек жігіт не бірың­ғай қыздарды кінәлі демеймін, бірақ «мен» деген менмендікпен өсіп келе жат­қан­дардың дені жастар ғой. Алайда аға буын­ның да бұл жерде кінәсі жоқ емес, олардың кінәсі ұл-қызына дұрыс тәрбие бере алмай, тәрбиені уыстан шығарып ал­ға­нында. Ұлылық, ататек сөзі айтылмаған соң, ұл осылай өз бетімен өседі де, әнше­йін бір жәндік сияқты жүреді. Оның кеуде­сі­не елдік намыс, азаматтық ар мен абы­рой, батырлық рухтың дәні егілмеген. Ел билеп отырған жігіттеріміз Жиреншені оқыса ғой, шіркін! Шешендік сөздер, жыр-дастандар – білгенге қазақтың ғасырлап жи­наған рухани байлығы. Бірақ сол бай­лы­ғымыз қадірін білмес ұрпаққа қор бо­лып кете ме деп қорқамын.

Әбдуәлі Мамәділ, психолог:

– Саналы түрде «мен мәңгі сұлу, мәңгі жас, мәңгі осылай гламур кешемін, себебі мен ерекше туғандардың санатындамын» деген сияқты ойларды өзіне таңуды пси­хологиялық дерт десек те болады. Негізі­нен, 18 бен 25 аралығындағы жастарға тән болып келетін бұл да бір адамның не өзіне, не өзгеге есеп бермей, «мен ерекше­мін» деп қабылдаудан туған өмір сүрудің формасы. Сән өкілдері, стиль саласын­да­ғы, жарнама саласындағылар, БАҚ осы ауди­торияға бағытталған дүниелер беріп және одан жап-жақсы табыс та табады. Мұның қауіптілігі сонда – соңы дағдарысқа апарып соғады.

Кумирсіз ұрпақ…

Осыдан келіп қазіргі қазақ баласы ку­мир­сіз қалған жайы бар. Бұрын ұшқыш болуды армандамайтын бала жоқ бола­тын. Себебі алғаш ғарышты бағындырған Гагарин сынды кумирі болатын. Ал қазір аспанға қараудан да қорқып қалды, шыны керек… Сондай-ақ бұрын ауылдың қара до­ма­лақтары үшін Мұқағали сынды ақын­ды «тірідей» көру арман болатын. Ал қа­зір?.. Күн сайын микроблогтардан жырла­ры ағылып, әлеуметтік желілерде жылт-жылт етіп көріне берген «ақынсымақтар» ақын деген атауға дақ түсіріп алды ма екен, олар ешкімге таңсық болмай қалды. Ал одан да бұрын, қазіргі таңда ең қауіпті жайт – бәріміздің болмаса да, басым бө­лігіміздің «нарцисс» науқасына шалдық­қан­дығымыз…

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

http://alashainasy.kz/culture/41774/