Қытай мен Ресей секілді қос алып елдің ортасында отырған Қазақстан үшін юань мен рубльдің күрт құнсыздануы жақсылықтың нышаны болмай тұр.Теңге қанша тегеурінді деп мақтансақ та, оның да тәлтіректей бастағаны аңғарыла бастады. Десек те, бізге қарағанда қос алып көршіміздегі жағдай онша мәз емес. Батыстың санкциясына ұрынған Ресей экономикасының көбесі сөгілді. Керу кету көп. Көптеген кәсіпорындар банкроттық жағдайда. Жұмыссыздық артуда. Бұған мұнай бағасының төмен құлдилауын қосыңыз. Қара алтынның бағасына тәуелді бұл ел үшін нағыз қиямет- қайым осы. Мұнай бағасы төмендеген сайын, рубль құнсыздануда. Демек, Ресейді алда қиын күндер күтіп тұр деуге болады. Ресейлік сарапшы Владислав Жуковский осындай пікірде. Тіпті ол «Біз жойқын дауылға енді ғана беттеп келеміз. Қазірдің өзінде 5 аса ірі дағдарыс жағдайында тұрмыз. Олардың екеуі – ресейлік, үшеуі – ғаламдық. Оларға тоқтау салу мүмкін емес» деп, жұртты қарадан қарап үркітуде. Жағдайдың бұлай ушығуын мұнай бағасының арзандауымен түсіндірген қаржыгер «қазіргі кезде Ресей рублінің құнсызданатыны сөзсіз» дейді. Жуыр-да ол «долларына 85 рубль болады» деген болжам жасауда. Кім не десе де, Батыстың салған санкциясымен мұнай бағасының арзандауы Ресейге соққы үстіне соққы болып тиіп жатқаны белгілі. Бұл қаншалыққа созылады? Белгісіз. Ал экономикасы әлемде АҚШ-тан кейін орын алатын Қытайдың жағдайы Ресейден оқ бойы алда. Соған қарамастан, соңғы апталарда бұл елдің қаржы және қор биржаларында жағымсыз оқиғалар белең ала бастады. Алдымен ішкі қор нарығында құнды қағаздардың құныздануы орын алды. Бұл – бір. Екіншіден, миллиардтаған (800 миллиард) капиталдың сыртқа жылыстауы күшеюде. Үшіншіден, экономикалық өсім тежелді. Төртіншіден, соңғы
20 жылдан кейін үш күн ішінде ұлттық валюта юань бірнеше пайызға девальвацияға ұшырады. Мұның бәрі «ғажайып өсім беріп тұрған» Қытай экономикасында да үлкен түйткілдер орын ала бастады деген сөз. Қазақстан осы екі елмен де тығыз байланыста. Әскери-саяси қарым-қатынас өз алдына, маңыздысы сауда-саттық жағы. Егерде Қытай мен Ресей экономикасы тұралап жатса, ақшалары құнсызданса, оның әсері Қазақстанға да тиері хақ. Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмутова баспасөзге берген пікірінде былай дейді: «Девальвация – Қытайдың экспорт позицияларын жақсартуға тырысқан амалы. Бұл – экономика өсімінің баяулауымен күресу әдістерінің бірі. Бұлар – әлемнің ең ірі экономикалары арасындағы тартыс. Ал біз үшін Қытай – минералды ресурстарымызды тұтынушы ретінде маңызды. Қытай экономикасы өсімінің баяулауы біздің шикізатқа сұраныстың азаюына ұласады. Ресей рублінің құл-
дырауы, мұнай бағасының арзандауы, Қытай экономикасы өсімінің баяулауы және юань бағамының түсуі теңге курсына әсер етеді.Мұның бәрін ескерсек, Қазақстанды қиын кезең күтіп тұр, экономика өсімі баяулап, экспорт пен импорт көлемі азаяды, сондықтан жағдай мәз емес». Ал қаржыгер-сарапшы Iлияс Исаев өзге валюталардың теңгеге, біздің елдің экономикасына әсерін былай жеткізді: «Юаньның теңгеге еш әсері жоқ. Өйткені Қытаймен сауда-саттық тек доллармен ғана жүреді. Сондықтан бізге келіп кетер әсері шамалы. Оның үстіне Қазақстанның резервтік валютасы доллармен, евромен сақталған. Сол секілді рубльдің құнсыздануынан қорқудың қажеті шамалы. Соңғы кезде Ресеймен сауда-саттық көп төмен-деп кетті. Қысқасы, көрші елдердің ұлттық валюталары құлады екен деп, біз теңгеге қысастық жасамауымыз керек. Мәселен, 1970 жылдары Жапон елі иенді қымбаттата отырып, ішкі өндірісін жақсартты. Инвестициялық климат жасады. Соның арқасында озық технологияға ие бол-ды. Қазақстан да сол жолмен жүруі
тиіс. Біз теңгені девальвацияға ұшыратпай, керісінше, импорт капиталына жол ашуымыз керек. Бұл жаңа техника, жаңа технология және зәру мамандық иелері. Бізге керегі осы. Сондай-ақ Қазақстан экономикасы Ресейдікіндей пұшайман халде деп айта алмаймын».
Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
http://aikyn.kz/