АСТАНА. 8 мамыр. BAQ.KZ – Павлодарлық тұрғындар облыс әкімі Ерлан Арынға қаладағы бұрынғы «Спутник» кинотеатрының орнынан ашылған «Наша жизнь» шіркеуінің бағытын анықтап беруді сұрап отыр. Заңды болған күннің өзінде аталған ғимаратты ғибадатхана емес, жастар орталығына айналдыру керек дейді олар.
Әкім блогына хат жазған Сағындық Абдуллин Ресейлік және Дмитров көшелерінің қиылысындағы аумақта жастар уақыт өткізетін бірде-бір орын жоқ дегенді айтып отыр.
«Біздің ауланың жастары демалыс уақытында уақыт өткізе алмастан көше кезіп кетеді. Бұрынғы «Спутник» кинотеатрының ғимараты өте үлкен, жастар орталығы болуға сұранып-ақ тұрған еді. Алайда, «Наша жизнь» деп аталатын шіркеу ашылды. Қандай дінді уағыздайтынын білмейміз, бірақ орыстар, қазақтар және армяндар көптеп келеді. Айына үш рет үлкен жиын өтіп отырады. Бәлкім, олармен келісімге келіп, ғимаратын жастар игілігіне өткізгендеріңіз дұрыс болар» дейді тұрғындар атынан хат жазған Сағындық Абдуллин.
Ерлан Мұхтарұлы болса аталған мәселенің міндетті түрде анықталатындығын айтып отыр. Қазіргі таңда бұл жайттың мән-жайы тексерілу үстінде дейді ол. Расында да, шіркеуі көп Павлодарға жастарға арналған мәдени орталықтар ашылса артықтық етпейтін еді. Өйткені, жастар – жарқын болашақтың кепілі!