Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты:
– Жалпы, тамақтану орындары дастарқан мәзіріне наурызкөжені тек наурыз айында ғана емес, барлық уақыттарда кіргізуі керек. Сондықтан оны бір күнге немесе бір айға шектемей, барлық уақытта дастарқан басында тұруы тиіс. Десек те, наурыз айында барлық кафе, мейрамханаларға наурызкөже жасап қоюды міндеттеп қойғанымыз жөнсіз болар. Бірақ мұны барлық дәмхана иелері дұрыс түсініп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға шөкімдей болса да атсалысып, осы идеяны Ұлыстың ұлы күні – төл мерекеміз қарсаңында іліп әкетіп, өздерінің ас мәзіріне енгізіп қоятын болса, қандай тамаша болар еді. Өйткені дертке дауа сусын тек жылқы, түйе сүтінен жасалынатын қымыз немесе шұбатпен шектелмейді. Ағарғаннан әзірленетін ас атаулының қатарында – айран, шалап, көже сусындары да бар. Ендеше, осындай адам денсаулығына оң әсер ететін сусындарды насихаттауды жолға қоюымыз керек. Бірақ, өкінішке орай, ұлттық өнімдеріміздің парқын, нарқын әлі де толық сақтай алмай отырмыз. Ұлттық сусындарды ұлықтауды тек Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов қана жақсы ұйымдастырып жүр. Бір Талдықорғанның өзінде ұлттық тағамдарды ұсынатын 25-тен аса қымызханалар бар. Оның ішінде наурызкөже де, бидайкөже де, ұлттық тағамның неше түрі сатылады. Неге осы тәжірибені барлық облыстарда қолға алмасқа?! Бұл – біріншіден елге жұмыс орны, екіншіден — табыс көзі, үшіншіден салауатты өмір салты болар еді.
Мұса АЙТЖАНОВ, Қазақ тағамтану институтының профессоры:
– Әрине, қазақтың жаңа жылында еліміздегі барлық дәмханалар өздерінің ас мәзіріне наурызкөжені енгізіп қойса, құба-құп болар еді. Өйткені оның адам ағзасына пайдасы зор. Мен сізге бір-ақ мысалын айтайын. Қайта өнген бидай немесе жүгерінің құнарлылығы 10-12 пайызға дейін артады. Өңделген жүгері дегеніміз не? Мәселен, жүгеріні суға салып, көлеңкеге қояды. Біраз уақыттан соң, су сіңген сол жүгеріні құрғақ жерге қойса, жүгеріден түйін шығады. Ал ол жай түйін емес, бойына бар дәруменді жинаған пайдалы түйін. Міне, осындай жүгеріні көжеге қосу арқылы тағамның құнарлылық деңгейі артады. Наурыз көженің құрамында В1, В2, РР, Е, А, ақуыз және аминоқышқылы бар. Көжені ішкен адамның иммундық жүйесі жақсарады. Онымен қоса, ағзада жиналған артық-ауыс шлактарды шығаруға көмектеседі.
Қиябек БЕКБЕРДИЕВ, «Қазақ сусындары» ЖШС-ның директоры:
– Бұл – керемет идея. Егер барлық кафе, мейрамханалар төл мерекеміздің қарсаңында наурызкөжені өздерінің ас мәзіріне енгізіп қойса, ол халықтың қызығушылығын туғызып, ұлттық сусындарымызға деген сұраныс арта түсер еді. Оның үстіне, ұлттық тағамдардың адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Тіпті мен тек дәмханаларға ғана емес, ауруханаларға да енгізуді жөн деп санаймын. Онда қазірше айран мен сүт қана береді. Неге осыны ұйымдастырмасқа? Бірақ мұны іліп әкететін басшылар болса ғой, шіркін. Өкінішке қарай, бізде ұлттық сусындарға деген көзқарас өте нашар. Есесіне, елімізде «Кока-кола» мен «Фанталардың» жарнамасы самсап тұр. Олардың адам ағзасына зиян екендігін, неше түрлі химиялық қоспалар қосатынын мамандар қанша көтерсе де, әлі де одан арылу тыйылмай тұр. Біз қазір ұлттық сусындардан «Наурыз көже», «Бидайкөже», «Нұркөжелерді» өндіреміз. Олар экологиялық таза, табиғи өнім. Бұған ешқандай химиялық қоспалар қосылмайды. Осы салада жүріп бір байқағаным, ұлттық сусындардың бүйрек, жүрек, өкпе ауруларына қарсы айтарлықтай оң ықпалы бар екен. Тек соны елге түсіндіріп, насихаттауымыз керек.
«Алаш айнасы»
Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/nauryiz-ayyinda-barlyik-damhanalar-as-mazrne-nauryiz—kojen-engzu-kerek-degenge-65695/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі