Наурыз – достық пен еңбектің, бейбітшілік пен ынтымақтың мерекесі. Сондықтан ұлыстың ұлы күнін қазақ жеріндегі барлық ұлттар мен ұлыстар бір атаның баласындай бірге атап өтеді.
130 дан астам этнос өкілдерінің бірлігі мен тірлігі жарасып, бір дастарқаннан дәм татып, ойын-сауық құрады.
Ұлық мерекеге ерекше дайындалып жатқан осындай ағайындардың бірі – «Хеви» қазақ-күрд достығы қоғамдық ұйымы.
– Біз жыл сайын осы мейрамның келуін асыға күтеміз. Біз ешқашан ұлтқа бөлінген емеспіз. «Хеви» ұйымы Қазақстанның барлық азаматтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Наурыз тойын халықпен бірге алаңда, табиғат аясында атап өтуді әдетке айналдырғанбыз. Биыл да осы үрдісті жалғастырамыз. Өйткені бұл күн – бәріміз үшін ерекше қымбат. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өзара келісім мен ауызбіршіліктің тойы. Бауырмалдық пен сыйластықтың салтанат құратын айы. Сондықтан біз бұл мейрамға өте үлкен мән береміз, – дейді «Хеви» қазақ-күрд достығы қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхамад Ахмад Барази.
Ұйым төрағасының айтуынша, қазақ пен күрд халқының наурыз тойын тойлау дәстүрінде аса айырмашылық жоқ.
– Ұлттық тағамдарымыз, ойындарымыз, мәдениетіміз, өнеріміз бір-біріне жақын. Тіпті рәміздеріміз де ұқсас. Ең бастысы, қонақжайлығымыз бір. Наурыз жақындағаннан ұйым мүшелері әртүрлі қойылымдар, концерттік бағдарламалар дайындап, белсенділік танытады. Ұлттық тағам түрлері пісіріледі. Бір-бірін құшақтап, көктем мерекесіне аман-есен жетуімен құттықтайды. Тек тойлап қана қоймай, Наурыздың мән-мағынасы түсіндіріледі. Біздің ұйымның мақсаты да сол – екі ел арасындағы мәдениеттің, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің насихатталуына алтын арқау болу, – дейді Мұхамад мырза.
«Хеви» ұйымы 2008 жылдан бастап әлемнің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қандас бауырларына қонаққа барып, Наурыз тойына арналған фестивальдерге қатысып, өнер көрсетіп тұрады. Былтырғы жылы арнайы шақыртумен қазақстандық делегация Ирак мемлекетінің Эрвиль қаласында болып қайтты. Биыл да бұйыртса тағы бір елге барып қайту жоспарларында бар.
– Эрвиль қаласында өткен фестивальде өнеріміз жоғары бағаланды. Жан-жақтан келген бауырларымызбен танысып, араласып, әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алдық.
Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Болат Сәрсенбаев бізге үнемі қолдау көрсететінін жеткізді. Сондықтан орайы келгенде Болат мырзаға үлкен алғыс айтамыз. Қазақ пен күрд арасындағы достықтың мәңгі жасайтынына сенеміз, – дейді «Хеви» қазақ-күрд достығы қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхамад Ахмад Барази.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
http://www.aikyn.kz/articles/view/45249