АЛТЫНОРДА
Новости

Наурыз мейрамын өзге елдер қалай тойлайды?

Жер аяғы кеңіп, көктемнің ұлық мерекесі – Наурыз да келіп жетті. Бүкіл түркітілдес елдердің төл мерекесіне айналған бұл мейрам адамзаттың мәдени мұрасы ретінде 2010 жылы ЮНЕСКО тізіміне алынып, 21 наурыз күнін БҰҰ – «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітті. Дәл осы күнге қазақ халқы ерекше мән беріп, Ұлыстың ұлы күні атаған. Ұлтымыз үшін Наурыздың орны бөлек. Расымен де, «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген баталы сөзден басталатын мейрамның игілігі мен қуанышы ерекше. Қыстан артылған тәтті дәмділерін жайып, наурызкөже пісіріп, дастарқан жаятын еліміз осы күні арам пиғыл мен пендешілік атаулыдан арылады. Осындай ұлық мерекені тек қазақ халқы емес, сонымен бірге Орта Азия мен түркітілдес өзге елдер де  тойлайды екен. Әр елдің өз салты мен дәстүрі бар. Ендеше, әз Наурызды қай елдің қалай қарсы алатынынан хабардар бола  отырайық. 

Әз Наурыз Әзірбайжанда

Наурыз мейрамы немесе сол тілде айтқанда Новруз байрамы – Әзірбайжан халқының да ең сүйікті мерекелерінің санатында. Бұрындары осы мейрамның құрметіне жергілікті халық 6 күн қатарынан жұмыс істемей, молынан берілген демалыс күндерін әзірбайжандықтар көңіл көтеріп, асыр салып, тойлатумен өткізетін болған. Тәуелсіздік алған соң бұл мереке ресми түрде аталып өте бастаған. Бірақ бұл жайт демалыс күндерінің мерзімін қысқартып, мейрамды 21-і мен 23 наурыз аралығына қойған екен. Десе де   қазіргі таңда да елдің Оңтүстік өңірінде сол баяғы ескі дәстүр сақталып қалған екен.

Бұл елде наурыз мерекесіне дайындық біздегідей бірнеше күн бұрын басталады. Дәлірек айтсақ, ескі жылдың соңғы сәрсенбісі, яғни «ахыр чершенбе»  күнінен бастап, Жаңа жыл қамына кірісетін көрінеді. Сол күні үй мен ыдыс-аяқтарын тазалап, қайтқан туған туыстарына дұға етеді. Ал Жаңа жыл кірген күні ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып, шомылады. Солайша жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алады. Сондай-ақ бұл Жаңа жылдың бірінші күнінде әзірбайжандықтар оразасын балмен немесе қантпен ашады. Бұл өмірі бал мен шекер сынды тәтті болсын деген ниеттері. Тағы бір айта кетерлік жайт, олар сол күндері үйін жұпар иісті түтінмен тазалап шығады. Солайша үйді жын-шайтаннан, өздерін теріс пиғылдан тазалайды. Артынша тәтті-дәмділерін қойып, бір-бірін қонаққа шақыра бастайды.  Мерекенің қуанышымен-ақ өтіп кететін Жаңа жылдың алғашқы күні олар да түрлі ас қойылған ақ дастарқанмен қарсы алады. Ас мәзірінен «йеди-левин» тағамы да қалыспайды. Бұл тағамның біздің наурызкөжемізге ұқсастығы бар. Оған да жеті түрлі дәм қосылады. Сондай-ақ бұл елдің дастарқанынан «с» әрпінен басталатын дәстүрлі сумах тағамы, скед – яғни сүт, сірке суы мен бидай мен ұннан жасалған семени ботқасын көре аласыз.

Дастарқанға айна мен балауыз және боялған жұмыртқа міндетті түрде қойылады. Өйткені айна мен жұмыртқаның бұл күні атқарар рөлі ерекше. Әзірбайжан халқының ежелден келе жатқан аңызы бар. Ол аңызға сенсек, жер  үлкен өгіздің мүйізінде тұр. Жаңа жыл кіргенде бұқа жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырады. Дәл сол кезде жер қозғалып, көптен күткен Жаңа жыл  да кіреді. Міне, сол жердің қозғалған сәтін қалт жіберіп алмау үшін айнаның үстіне боялған жұмыртқаны қояды. Жұмыртқа орнынан сәл қозғалса немесе қимылдаса – Жаңа жыл кірді деген сөз.
Әзірбайжандықтардың салты Иран жұртының дәстүріне ұқсас. Иран халқы үшін Наурыз басты мереке. Яғни олар біз секілді Жаңа жылды екі рет тойлап, әуреге түспейді. Көктемнің бұл айын ирандықтар Фавардин атап кеткен. Жаңа жыл кірмес бұрын ирандықтар жасамық, бидай сынды дәнді дақылдарды өсіріп, солардың өскінімен үйлеріне әшекей жасайды. Бұл – үйден тоқшылық кетпесін дегені. Сондай-ақ өсіп-өркендеудің нышаны іспетті. Дәнді-дақылдардың өскіні үйде 13 күн тұрып, содан кейін өзенге тасталады.

Бұл елде де ескі жылдың ақырғы сәрсенбісі ерекше күн. Сәрсенбінің сәтінде Иран жұрты үлкен от жағады. Бұл жаңаруды білдірсе керек. Сонымен қатар жаңарудың белгісі ретінде бұл күнде қандай да бір жаңа киім алуы міндетті екен. Ирандықтар Наурыз мейрамының тағамын жеті жаңғақ түрлерінен жасайды. Бұл ас түрімен бірге дастарқанға Құран  қойылады. Бұл дін беріктігінің нышаны болар. Жаңа күн туғанда ел ақсақалдары жасы кіші балаларға күміс немесе алтыннан жасалған тиын табыс етеді. «Аиди» деп аталатын бұл дәстүр келер ұрпақ аталарының жолын қуып, жасына-жас қосылып, үбірлі-шүбірлі болсын дегенді білдіреді. Түркияда да бұл күндері ұлттық тағамдар дайындалып, мол дастарқан жайылады. Бұл айды түріктер «Сұлтан невруз» атаған. Мереке күндері олар да бір-бірінің үйін аралап, амандық сұрасып, Жаңа жылмен құттықтайды.

Көрші елдердің дәстүрі

Түрікменстан жұрты да бұл күнге алдын ала дайындалады. Яғни ескі жылда істелетін жұмысты жаңа жылға қалдырмау қағидасы бар. 5-6 күн бұрын басталатын дайындық барысында олар үй-жайын реттеп, тазалап, тағам дайындауға кіріседі. Бірінші астың атасы – нанды, одан кейін түрлі ұлттық тағамдарды пісіреді. Келесі жылдың табысты болуы үшін  дастарқанды барынша молынан жаюға тырысады. Ал мереке күні палау пісіріледі. Сонымен қатар ұн мен қанттан және бірнеше дәнді дақыл түрлері қосылатын «семени» тағамы қатар дайындалады. Сол күні дастарқанға арабтың «син» әрпінен басталатын жеті тағам түрі де қойылуы парыз екен.

Палаудың отаны – Өзбекстанда бұл мереке ұзаққа созылады. 13 күн бойы өзбек жұрты туған-туыстарын аралап, той тойлайды. Олар 13 күн бойы істеген игілікті ісі айдан-айға ұласып, бір жыл бойына жалғасады деп сенеді. Сол себепті де бұл күндері ескі реніш пен қарыздарын кешіріп, барынша көңілді жүруге тырысады. Мерекенің алғашқы күндері түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Бұл мейрам Самарқан мен Бұқар асып, той тойға ұласады. Бір қызығы, келесі жылдың қандай болатынын бұл халық үйге келген алғашқы қонақтың құтты қадамымен өлшейді екен. Ол адам жайдары, көңіл күйі көтеріңкі болса, жыл жақсы өтіп, үйге бақыт кіреді деген сөз. Ал тоқтықтың белгісі ретінде мейрам күндері әрбір үйдің дастарқанына «сумалак» асы қойылады. Бұл ас та бидайдан жасалады.

Тәжікстан жұрты да осы «суманақ» немесе «сумалақ» тағамын әзірлейді. Бұл елде Наурызды 21-і мен 24 аралығында тойланады. Барлық жоғарыда аталған елдердегі секілді тәжіктер де тағамның мол болғанына көп көңіл бөледі. Жаңа жылдың алғашқы күні дастарқанға ұн мен еттен жасалған тағамдар көп қойылады. Сумалақты дайындау бір апта бұрын басталатын көрінеді. Дәл мерекеге әзір болған тағамға бірінші құран оқылып, содан кейін туған-туыс пен көрші-қолаңға таратылады. Ол жақтың жұртында тағамды татпас бұрын іштей тілек тілейтін дәстүр де бар көрінеді.

Қырғыз көршіміз де бұл күні «ноорузкөжесін» пісіріп, туған-туыстың басын қосып мәре-сәре болады. Бұл күндері қырғыз жұрты ұлттық киімдерін киіп, көрші-қолаңды аралап, Жаңа жылмен құттықтап шығады. Байқасаңыз, біздің елден еш өзгешелігі жоқ. Тек тағам түрлері бөлектеу. Қырғыз халқы бұл күндері наурыз­көжемен қатар «ауз көже» мен «кавут» дәстүрлі тағамдарын  дайындайды. Осындай ортақ мерекені қарақалпақ жұрты,  қырым татарлары, башқұрттар, Солтүстік Кавказ елі, тіпті Қытайды мекен еткен түркі- тілдес шағын ұлттар да тойлайды. Бұл күндері аты аталған елдерде жеті түрлі қоспадан тұратын көже немесе басқа да тағам түрлері дайындалып, шама-шарқы жеткенше той жасап, мерекелік іс-шаралар өткізеді. Байқағаныңыздай, Наурыз мейрамы Еуразия құрлығын мекен еткен біраз елдер үшін жат емес. Барлығы да Наурызға ұлық мереке деп, үлкен мән берген. Иә, әрқайсының салты басқа дегенмен тағамдарында жеті түрлі қоспаның болуы кездейсоқ болмаса керек.

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

http://www.aikyn.kz