Жердің тоңы жібіп, бәйшешек гүл атқан шақта күллі түркі халқы Жаңа жылын атап өтеді. Әдетте, Жаңа жыл дегенде көздің жауын алар жарқ-жұрқ еткен шамдар мен сұлу қыздай сыланған әсем қала елестейді. Тәуелсіздік күнімен қабаттасып келетін Григориан күнтізбесінің Жаңа жылын бүкіл халық болып атап өтеміз. Тіпті, бір ай бойы жаңа жылдың дүрмегіне еріп, сыйлық іздеп, әуре-сарсаңға түсу – қанымызға сіңген әдетке айналды. «Қазақ елінің азаттығына қол жеткізген күні Жаңа жылдың көлеңкесінде қалды» деп талай шамдандық та. Бірақ уәжімізге құлақ түріп, «сенікі дұрыс» деген бір жанды байқасайшы.
«Ит үреді, керуен көшеді» дегендей жыл сайын желтоқсан айында уәж айтылады, бірақ келер жылы Жаңа жылдың дабырасына еріп, бәріміз тағы да Аязатаны күтеміз. Байқап отырсақ, көктемнің алғашқы айында тойланатын әз-Наурызға біз дәл Жаңа жылдағыдай дайындалмайды екенбіз. Айналаңызға зер салып көріңізші, жарқылдаған шам, алаулаған от немесе атылған отшашу көрдіңіз бе? Оны қойыңызшы, мекеме сыртында «Армысың, әз-Наурыз» деген қарапайым сөзді де байқай алмайсыз. Ал қыстың көзі қырауда, желтоқсанның алғашқы күнінде-ақ «Жаңажылдық шыршаны жағу» деген жасанды мерекені тойлап, бір ай бұрын қаланың әрбір мекемесінің сырты келер жылды жазып, тіпті сол жылдың белгісінің суретін салып қояды. Әр жерден тарсылдаған отшашудың үнін естисіз. Григориан күнтізбесі аз болғандай, 13-қаңтарда еріккен һәм желіккен жастар «Старый Новый год» деп дабырлатады, одан Қытай күнтізбесі бойынша тағы бір Жаңа жылын атап өтеді. Сол тарсылдаған отшашуыңыз желтоқсаннан бастау алып, ақпанның орта шеніне дейін жалғасады.
Бүгін наурыз айының 19-жұлдызы. Бір-екі күнде әрбір аулаға әз-Наурыз кіреді. Ал дайындықтың иісі де сезілмейді. Күн мен түннің теңелер шағына санаулы уақыт қалса да, базбіреулер «Наурызды тойлау шариғатқа қайшы ма?» деген сұрақ қойып, елдің есін шығарып жүр. Ол ол ма, еліміздің солтүстік аймағын қазақтың Жаңа жылы емес, славянның «масленницасы» жайлап алды. Тіпті Павлодарда «Широкая Масленница» атты жаппай қыдыру мерекесі аталып өтті. Жүзден астам павлодарлық құбыжық бейнесіндегі қысты ортаға шығарып, өртеп мәз-мейрам болды.
Яки «алты ай қыстан аман шықтық» деген ишара еді бұл. Әлгі «Масленницаны» Қазақстан халқы бір апта бойы тойлады. Орталық алаңға жиналып, ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық сипатта аталса, аталған мерекеге халықтың дайындалғаны белгілі. Әрине, мерекенің көп болғаны жақсы. Аспанымыз күлкі мен думанға бөленсе несі айып?! Дегенмен, барша қазаққа ортақ мереке, түркі халқының жаңа жылы әз-Наурыз мән-мағынасыз ұсақ мерекенің көлеңкесінде қалмай ма? Жалпы, біз жат мерекені тойлап, өзге елдің, өзге халықтың дәстүрін өз ортамызға сіңіруге шеберміз. Содан не ұтарымыз бар біздің?
Қит ете қалса «Григориан күнтізбесі бойынша Жаңа жылды қарсы алу – Кеңес Одағының сүйекке сіңірген таңбасы. Сондықтан халықтың санасына құйылған мереке бұл» деп ақталамыз. Оған таласымыз жоқ. Бірақ егер біз ел болып Наурызға бір ай бұрын дайындалып, әз-Наурыз басталды деп көктемнің алғашқы күні жарияға жар салып, телеэкрандарымыздан әдет-ғұрып, салт-дәстүр, Наурыз мерекесінің мағынасы мен мәнін халыққа насихаттасақ, ұлттық мерекенің ұлылығын сезінер ме едік?!
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz