Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауын жаһандық дағдарыс жағдайындағы «Кешенді реформалар жоспары» ретінде қарастыру және халықаралық тәжірибеге тарату керек.
Кеше Астанада, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне» орайластырып өткізілген халықаралық конференцияда осындай байлам жасалды. Мәжіліс бастамашы болған бұл жиында отандық және шетелдік саясаткерлер, биліктегі белді тұлғалар, халықаралық сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын, сондай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге парламенттік дипломатияны тарту мәселелерін талқылады.
2011 жылдың 10 желтоқсан ел Парламенті «Қазақстан Республикасы Президенті күнін» мемлекеттік мереке ретінде бекітетін заң қабылдады. Ол жыл сайын 1 желтоқсанда аталып өтіледі. 1991 жылы дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Қазақстанның бірінші Президенті болып сайланды.
– Парламенттің осы мерекені бекіту туралы қабылдаған заңы Н.Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттің қалыптасуына, дамуы мен нығаюына қосқан айрықша үлесін мойындау болып табылды, – деді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. – Елбасының стратегиялық көшбасшылығы арқасында Қазақстан қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, жаңа тарихи жағдайда халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды.
Жоғарғы палата басшысының тұжырымдауынша, «ең дамыған отыздық» бағытындағы ұлы міндетті орындау аса күрделі геосаяси жағдайларда жүреді және мұны ел басшылығы жақсы түсініп отыр: «Президент өзінің «Нұрлы жол» жаңа Жолдауында дұрыс атап көрсеткеніндей, әлем өзінің бүкіл архитектурасын өзгертетін жаһандық сынақтар алдында тұр. Геосаяси күйзеліс кесірінен, БҰҰ Жарғысының ережелеріне негізделген қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне тепе-теңдігін жоғалтудың айқын қатері төнуде. Бұл көптеген мемлекеттердің қауіпсіздігі мен әл-ауқаты үшін ауыр салдарларға соқтыруы мүмкін! Әлемдік экономиканың турбуленттілігі сыртында, халықаралық экстремизм мен терроризм қатері өсуде, әлеуметтік проблемалар ушығуда, экология нашарлауда. Адамгершілік-рухани құндылықтар эрозияға ұшырауда».
Демек, Қ.Тоқаевтың айтуынша, барлық дерлік елдер үшін «жаһандық дағдарыс жағдайындағы дамудың және қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын іздеу өзекті бола түседі».
– Елбасы өзінің «Нұрлы жол» Жолдауында заманның басты қыр көрсетуіне жауап берді. Стратегиялық маңыздағы және халықаралық мәндегі бұл құжатты меніңше, дүниежүзіндегі тұрақсыздық жағдайындағы кешенді реформалар жоспары ретінде қарастыру керек. Парламентарийлердің міндеті – осынау бірегей дағдарысқа қарсы бағдарламаны сапалы заңнамалық қамтамасыз ету болады, – деп түйді Сенат төрағасы.
Ал Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін» айшықты және бүкілхалықтық мереке деп атады.
– 23 жыл бұрын, 1 желтоқсан күні қазақстандықтар биліктің шынайы бастау көзі болу, билікті қалыптастыру және оның саясатын айқындау бойынша өздерінің егемендік құқықтарын алғаш рет іске асырды. Бұл – Қазақстан халқы күшті президенттік билігі бар республиканың пайдасына дұрыс таңдау жасаған күн. Бұл – бірліктің, жасампаздықтың құндылықтары, сондай-ақ экономикалық, саяси һәм әлеуметтік жаңғыру айналасында қоғамның топтасқан күні! Бұл – біздің халқымыз өз болашағы үшін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа орасан зор жауапкершілік артқан күн, – деді спикер.
Оның байламынша, Елбасының «Қазақстанның жаңа тарихындағы рөлін және оның тұлғасының ауқымын терең түсіну» үшін бірінші кезекте «соңғы 20 жыл ішінде елімізде жүргізілген тектоникалық өзгерістердің тарихи мәні мен маңызын зерделеген жөн».
«Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегі оның экономикалық қуатты, демократиялық дамыған, әлеуметтік жауапты мемлекет тұрғызудағы, сондай-ақ одан әлемдік қауымдастықтың құрметті әріптесін жасаудағы жасампаз қызметінде екендігі дау тудырмайды. Ал Семей полигонын жабу, әлемдегі қуаты жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту, жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы бастамалар, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары келісімі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, еліміздің ЕҚЫҰ-дағы және Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы төрағалығы – осының бәрі Қазақстанның және оның көшбасшысының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілігінің стратегиялық жоспары болып табылады» деп қорытты сөзін Қ.Жақыпов.
Халықаралық жиында Ресейдің Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин сөз сөйледі. Ол Ресей басшылығының Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын зерделегендігін жеткізді.
– Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары – тек Қазақстанның ғана емес, Еуразиялық одақтың болашақ дамуы үшін өзекті әрі тарихи маңызды, – деді ол. – Бірден айтайын, Ресей ЕЭО секілді бірлестікті құру идеясын 1994 жылы-ақ Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жария еткендігін естен шығарған емес және жоғары бағалайды. Ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне сол өте күрделі жағдайлардағы оңтайлы геосаяси таңдаудың көкжиегін көрсетіп берді.
Оның айтуынша, Еуразиялық одақ енді континенталдық, сондай-ақ бүкіл әлемдік экономика үшін «тартылыс орталығы» болады: «Бұл жерде біздің одағымыз территориясы бойынша әлемдегі ең үлкен мемлекетаралық бірлестік болып табылатындығын айтсақ, жеткілікті!» деді ол.
Бір айта кетер жайт, ЕЭО туралы келісімге Қазақстанның табандауы арқасында «ортақ Парламент құру туралы» идея кірмей қалған болатын. Енді солтүстік көршіміз депутаттардың тығыз ықпалдасуының басқа жолдарын іздеуде екен.
«ЕЭО туралы келісімде экономиканың барлық салаларында интеграцияны тереңдетудің жолдары да, сонымен бірге осы процесті қамтамасыз ететін органдардың мәртебесі де жақсы жазып көрсетілген. Әзірге олардың арасында ортақ парламенттік құрылым болмай отыр. Бірақ келісімде елдеріміздің заңнамаларын үйлестіру және сәйкестендірудің айрықша маңызы атап өтіледі. Олай болса, ұлттық заңнамаларды, сайып келгенде, елдерімізді жақындастырудың негізгі ауыртпалығы енді ұлттық парламенттердің иығына түсетіндігіне дайын болуға тиіспіз!» деді МемДума басшысы.
Сөз соңында Сергей Нарышкин Қазақстан мен Беларусь депутаттарына «үш ел парламенттерінің бейінді комитеттерінің бірлескен отырысын өткізіп отыру» туралы ұсыныспен шықты. РФ тарапының ұсынуынша, ол жиындарда «интеграциялық үдерістер аясындағы барынша елеулі бағдарламалар мен құжаттар талқылануы керек». Олардың қатарында Еуразиялық одақтың ортақ Кеден кодексі аталды.
Бұған қоса, Ресей «Еуразиялық одақ туралы келісімге сәйкес не сәйкессіздігі тұрғысынан ұлттық заң жобаларды міндетті сараптамадан өткізу» бастамасын жария етті.
Ал ЕЭО-ға кіруге ұмтылған қырғыздарды қазақ еліндегі ауызбіршілік, ынтымақ және дана басшылық қызықтыратын көрінеді. «Бұл – табыстардың кепілі, әрі алғышарты, – деді Қырғызстан Жоғорғу Кеңешінің депутаты Марат Сұлтанов. – Н.Назарбаевтың неге елдік ішкі мәселелермен айналысумен шектелмей, халықаралық күн тәртібіндегі шараларға да белсене араласатыны және жай қатысып қоймай, жаһандық бастамалар жариялап, оларды тұрақты әрі табанды ілгерілететіні қырғыз зиялы қауым өкілдеріне де түсінікті болуда.
Қырғыз қалаулысының пікірінше, «осы арқылы Елбасы Қазақ елін әлемге танытуда, дүниежүзілік қоғамдастық алдында беделін нығайтуда». «Бұл – қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігінің кепілі. Қазақстан – бүгінде ешкім білмейтін, жер бетінен жойылып кетсе, адамзат аңғармай қалатын мемлекет емес, жетекші державалардың өздері сенімді әріптес, стратегиялық серіктес деп таныған аймақтық көшбасшы» деп түйді М.Сұлтанов.
Ал Беларусьтің Ұлттық жиынының өкілдер палатасының Халықаралық істер бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Николай Самосейко қарапайым беларусьтар арасында Қазақстаның Тұңғыш Президентіне қатысты бір пікірді естігенін жеткізді: «Беларусьтар айтады: «Назарбаев барлық басшылар ішінде әрдайым бір қадам ілгерідегіні көреді» Бұл айтылғанға мен де толық келісемін!»
Айхан ШӘРІП
http://www.aikyn.kz/