Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дубайда Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының «Экономикалық өсім жолындағы инновациялық серіктестік» деген тақырыптағы 10-отырысында сөз сөйледі.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев Ислам ынтымақтастық ұйымы әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызына бақылау жасағанымен, әлемдік ЖІӨ көлемінің тек 7.5 пайызына және дүниежүзілік тауар айналымының 11.2 пайызына ғана ие екенін айтқан. Қазақстан президенті мұсылман әлемі халық санының өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы сияқты өзекті мәселелерге тап болып отырғанын айтқан.
Назарбаев бұған қоса Қазақстан ислам әлемін ары қарай нығайту мен дамытудың жақтаушысы бола беретінін айтып, жаңа индустриялық бағдарлама аясында БАӘ, Иран, Түркия және Малайзиямен белсене жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан.
Назарбаев форум аясында Малайзияның премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен кездесіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, сондай-ақ инновация мен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылаған.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26663704