Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын емтиханды тапсырып шықты, — деп хабарлайды «Алаш айнасы» порталы.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Біз осындай шешімге келдік. Бірінші кезеңде ол «Біздің күшіміз — бірлікте» тақырыбына шығарма жазып шықты. Екінші тапсырма — Ілияс Есенберлиннің шығармасы. Білесіздер, биыл Есенберлиннің 100 жылдығы тойланады, оның үстіне Қазақ хандығының 550 жылдығы келе жатыр. Үшінші сұрақ еркін сөйлеу, «Бабалар сөзі – даналық көзі». Мен артық-кем айтып не қылайын, Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқының алдында өтпеген сыны жоқ. Бұл сыннан да ойдағыдай өтті. Біз тіл маманы ретінде ерекше бағалап отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытынды жасап отырмыз», — деді лингвитсикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.
Әзірше лингвистикалық комиссияның сынағынан тек екі үміткер ғана сүрінбей өтіп тұр. Олар — өзін-өзі ұсынған Лимана Қойшиева және Коммунистік партияның өкілі Тұрғын Сыздықов.
Айта кеткен жөн, бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттікке кандидат ретінде ұсынылған болатын. «Қазіргідей күрделі кезеңдерде бабаларымыз құрылтай шақырған екен. Бүгінгі құрылтаймызда да алдағы қиындықтарды болдырмау жөнінде сөз болмақ. Бізге керегі — ұтымды саясат, тиімді экономика, қауіпсіздік, тұрақты даму. Бұның барлығы — осы құрылтайдағы әңгіменің арқауы. Сонымен қатар, осы өзекті мәселелердің шешуін дұрыс жолын тауып, ел тізгінін берік ұстап отыратын азаматымызды қазір сайлап алуымыздың маңызы зор. «, — деді съезде сөз сөйлеген академик Кенжеғали Сағадиев.
Съезд барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылғаннан соң, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға қатысуға келісім берді. «Менің кандидатурамды ұсыну туралы сіздердің бастамаларыңызбен келісемін. Оған бір мақсат себеп болып отыр. Ол — алдағы уақытта жаңа әрі күрделі мақсат-міндеттерді қойып, оның барлығын тиісті деңгейде еңсеру», — деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ Президент бүгінгі әлемдік экономикада қалыптасып отырған тұрақсыз жағдайды тағы бәр мәрте еске алып, соның барлығын еңсеру үшін Үкімет тарапынан қажетті шаралардың қолға алынып жатқанын жеткізді. «Сондықтан егер сенің өз мақсатың, елдің өмірін жақсартуға деген ұмтылысың болса, онда дауыс беруің керексін. Ондай мақсатың болмаса, сайлауға түсудің қажеті жоқ», — деп атап көрсетті Елбасы.
Автор: Арман АСҚАР
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/nazarbaev-memlekettk-tl-emtihanyin-tapsyiryip-shyiktyi-65141/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі