АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Назым Қызайбай, әлем чемпионы: Олимпиада алтынын алған соң…

450_54dd5c15eeac8Бокстан қыздар арасындағы ел бiрiншiлiгi мәресiне жеттi. Биыл­ғы ел чемпионатында көпшiлiк олимпиадалық салмақтардағы тартысты асыға күткенi рас. Өйткенi 51, 60, 75 келiде Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасының жолдамасы үлестiрiлетiн додаға кiмдердiң баратыны iшкi тартыстан кейiн анықталды.51 келi салмақ дәрежесiнде былтырғы ел бiрiншiлiгiндегiдей финалда Жайна Шекербекова мен әлем чемпионы Назым Қызайбай айқасып, ұпай басымдығымен Назым жеңiске жеттi. Әлем чемпионын 51 келiде ел бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы атануымен құттықтап, аз-кем әңгiмеге тарттық.

– Жеңiсiң құтты болсын, Назым. Өзге салмақтарды қайдам, дәл осы 51 келiде бәсекелестiктiң қызуына бiрден-бiр себепкер өзiңсiң. 48 келiден ауырлап, олимпиадалық салмаққа ауысып, ел чемпионы атандың.
– Былтыр жазғы спартакиаданың аясында өткен ел бiрiншiлiгiне де 51 келiде қатысып, финалда құрбым Жайна Шекербековаға есе жiберiп алған едiм. Ол кезде жаңа салмаққа ауысқаныма көп бола қоймағандықтан да шығар, күшiм жетiңкiремедi ме, жол бердiм. Жайнаға қарсы екi рет жекпе-жекке түсiп, ұтылған едiм. Бұл жолы таразының ауыр басы маған қарай ауды. Спорт­та кiм аянбай еңбек­тенiп, тер төгедi, жеңiс соның жағында деген қағида бар ғой. “Қалайда ел чемпионы атануым керек” деп талаптанып, сол межеге жеткенiме қуаныштымын.
– Қыздар құрамасының аға бапкерi Вадим Присяжнюк наурыз айында Қытайда өтетiн лицензиялық турнирге кiмдердiң қатысатыны iшкi бiрiншiлiктен кейiн белгiлi болатынын айтып едi. Демек, 51 келiде өзiңе сенiм артылады ғой?
– Иә, әзiрлiктi күшейтiп, жолдама үлестiретiн додаға кiрiсуiм керек. Мамыр айында Астана қаласында өтетiн әлем чемпионатында да жолдама таратылады, бiрақ бiз Қытайдағы турнирде жолдама олжаласақ деп жоспарлап отырмыз. Олимпиада жолдамасы уысыңда тұрса, әзiрлiкке алаңсыз кiрiсесiң. Қытайдағы турнирдiң де бәсекесi жоғары болайын деп тұр. Мұнда тек финалға шыққан боксшылар ғана жолдама иеленедi. Мен бұған дейiн түрлi халықаралық додаларға 48 келiде қатысып, бағымды сынадым. Ендi 51 келiде жекпе-жекке түсiп жүр­мiн. Сол себептi де қарсыластар да басқа. Соларды зерт­теп, кем тұсымызды бү­тiн­деуiмiз керек.
– Қазақстан чемпионатына жастар арасынан ересектер дуына жаңа қосылған кейiнгi толқын да қатысты. Өзiңнен кейiнгi сiңiлiлерiң­нiң арасында ерекше атайтын боксшы қыз бар ма?
– 60 келi салмақта Назым Ишанова Қазақстан чемпионы атанды. Өзi ересектер қатарына биыл ғана қосылып, екiншi рет додаға түскенiне қарамас­тан жеңiске жеттi. Өте талантты боксшы. Бұл Назым да Қытайда өтетiн лицензиялық турнирге қатысып, Рио Олимпиадасының жолдамасына таласады.
– 2014 жылдың соңында Оңтүстiк Кореяда өткен әлем чемпионатынан алтын медальмен оралғалы хал­қыңның алақанындасың. Той-томалақ, түрлi бағдарламаларға шақырту толастады ма, әлде?
– Әлем чемпионы атанғаннан кейiн шақыртулар көп түстi. Теледидардағы түрлi бағдарламаға шақырады “қонақ ретiнде қатысып, пiкiр айтсаңыз” дейдi. Қазiр де шақырушылар көп, бiрақ бас тартуға тура келедi. Себебi жаттығуға кедергi. Уақытыңды өлтiресiң.  
– Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш болып әлем чемпионы атандың. Ендi жазғы Олимпиаданың алтын медалiн қалың елiң өзiнен де күтедi.
– Алматы қаласы, Шаңырақ ықшамауданындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқып жүр­генде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келдi. Сол кезде бiз ер балалармен спаррингтiк жекпе-жек өткiздiк. Елбасы менiң қолымды көтерiп, батасын бердi. Арада бес жыл өткенде әлем чемпионы атанып, президентпен екiншi рет жүздестiм. Алла сәтiн салып Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасынан алтын медаль олжалаған соң президентiмiзбен үшiншi мәрте жүздескiм келедi. Сол мақсатқа жету үшiн еңбектенемiн.
– Арманыңа жет, Назым! Қазағыңды тек толайым жеңiстерiңмен қуанта бер.
 
Сұхбаттасқан Қ.Көшек.
 
 
Қыздар арасында өткен Қазақсан чемпионатының жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi
48 келi.
I орын Алина Тұрлыбаева
(Павлодар облысы),
II орын Алуа Балқыбекова
(Жамбыл облысы),
III орын Динара Жәмирова (Алматы облысы), Әйгерiм Қасенова (Астана қаласы).
51 келi.
I орын Назым Қызайбай (Алматы қаласы),
II орын Жайна Шекербекова (ОҚО),
III орын Балауса Мұздыман (Алматы облысы), Севара Тәжiқұлова (ОҚО).
54 келi.
I орын Дина Жоламан (Ақмола облысы),
II орын Рано Пархатова (Алматы қаласы),
III орын Аяулым Боранбаева (Астана), Гүлжан Әкiмова (Алматы).
57 келi.
I орын Сәния Сұлтанқызы (Астана),
II орын Оксана Королева
(Қарағанды облысы),
III орын Аягөз Әбен (Астана), Дәметкен Келiмбет (Қызылорда облысы),
60 келi.
I орын Назым Ишанова (Атырау облысы),
II орын Римма Волосенко (Астана),
III орын Фируза Шәрiпова
(Жамбыл облысы).
64 келi.
I орын Мәдина Нұршаева (ОҚО),
II орын Әлия Әбдiрайымова (Астана),
III орын Аида Сатыбалдинова (Астана), Әмина Аманқұл (Жамбыл облысы).
69 келi.
I орын Валентина Хальзова (Астана),
II орын Зура Құсайынова
(Павлодар облысы),
III орын Екатерина Братухина (Қарағанды облысы), Любовь Хасиева (ОҚО).
75 келi.
I орын Дәриға Шәкiмова (Алматы),
II орын Фариха Шолтай (Жамбыл облысы),
III орын Анастасия Рылина (Қостанай облысы), Анастасия Заикина (ОҚО).
81 келi.
I орын Жұлдыз Маматқұлова
(Жамбыл облысы),
II орын Мөлдiр Базарбаева
(Ақмола облысы),
III орын Мереке Жүнiсова (Астана), Ақбота Исағұлова (Қарағанды облысы).
81 келiден ауыр.
I орын Ләззат Күнгейбаева (Астана),
II орын Үмида Садықова
(Алматы облысы),
III орын Тоғжан Сыздықова (Алматы), Меңсұлу Рысова (Ақтөбе облысы).
http://zhasalash.kz/