АЛТЫНОРДА
Новости

Ниет болса Түркі одағын құру қиын емес…

Айдос САРЫМ, саясаттанушы


– Соңғы жылдары «Түркі бір­лестігі, Түркі одағы, түбі бір түркі, бірге бол» деген баста­ма­­лар жиі көтерілуде. Өткен жы­­лы Түркияға арнайы сапар­мен бар­ған Нұрсұлтан Назарбаев «Түр­кі одағын құру» мәселесін түрік ағайындардың алдында тағы қайталады. Бірақ жан-жақ­та шашырап жатқан һәм же­ке-жеке шаңырақ құрып, мем­лекет болып отырған түркі жұрты бір одаққа топтаса қо­юы неғайбыл секілді көрінеді. Жал­пы Түркі одағы ақиқатқа ай­нала ала ма?
– Менің ойымша көп мәсе­ле­нің шешім табуы ықыласқа, ниет­ке байланысты. Мәселен, 86-шы жылы не болмаса оның алдында «КСРО тарқайды, оның орнына жа­ңа тәуелсіз ондаған мемлекет пай­да болады» деген адам болса, «мы­нау жынды ма, не айтып тұр?» дер едік. Я болмаса бірден жын­ды­ханаға қаматар едік. Бірақ сол Жел­тоқсан оқиғасынан кейін, ара­да 5 жыл өтісімен әлемді ті­реп тұрған қаһарлы империя үш күн ішінде күйреді де қалды. Бұл әрине, біздің бағымыз. Қазақ­стан тәуелсіздігін жариялаған күні арада екі сағат өткен соң, Түр­кия ресми түрде еліміздің тәуел­сіздігін мойындады. Бұл Қа­зақ­станның, қазақ жұртының ұмы­тылмас кезеңінің бірі.
Жақында ғаламторды ақ­та­рып отырып, бір суретті көзім ша­лып қалды. Онда Кемал Ата­түрік өзінің мүдделестерімен бір­ге, әлем картасын ашып қо­йып, ондағы түркі тілдес елдерді бел­гілеп қарап отыр екен. Осыған қарап, Кемал Ататүрік те Түркі одағын құруды армандаған бо­лар-ау деп ойладым. Жалпы Түр­кі бірлігін құруды өзіміздің алаш арыстары да ойлады, бірге болу­ға тырысты. Арғы ата-баба­ла­­ры­мыздың да арманы сол еді. Мұ­ның артында тарихи, мәдени, тіл­­дік, діндік  және  басқа да не­гіз­­дері бар екені сөзсіз. Мысалы, осы­дан жүз жыл бұрын біздің Ала­шорда арыстары әлемді ара­лаған кезде, яғни өзбекке, қы­рым татарына, т.б. жерлерге бар­­ған кезде еш аудармасыз емін-еркін сөйлесіп, бір-бірін түсі­ніскен. Ал қазір тілдесуден қал­дық. Бір жерге бара қалсақ не орыс не ағылшын тілін алға тар­тамыз. Бұл арада бір ғасыр өт­кендегі жағдай. Әрине оған осы аралықтағы түрлі саяси жағ­дайлар әсер еткені белгілі. Осы­дан келіп түркі одағын құру қиын, қиял әңгіме деген ойда тууы мүмкін. Тіпті бір қарасаң, мүмкін емес секілді. Бірақ осы мүмкін емес­тің өзі адамды алға ұмтылу­ға жетелейді емес пе?
Мысалы, қарап отырсақ, пост кеңестік кеңістіктегі көптеген интеграциялық жобалардың іске аспай жатуының басты себебі, ас­тарында үлкен рухани негіз жоқ. Халықтың ықыласы жоқ. Мы­сал үшін көшеге шығып кез кел­ген қазақтан сұрашы, Ресей­мен одақ болғысы келе ме, жоқ па? Әрине «жоқ» дер еді. Соңғы кез­де байқап отырмыз, Ресейдің сая­саты, саясаткерлерінің сөзі өз­герген. Олар Кедендік одақ де­генді, Кеңестік империяны жаң­ғыртудың басы деп қабылдайды. Бұл біздің мемлекеттің мүддесіне қайшы келетін дүние. Біз көбіне ин­­теграция дегеніміз – екі ел ара­­сындағы экономикалық қа­рым-қатынас, сауда-саттық, пай­да табу деп қабылдасақ, олар ке­рісінше, саяси мәселелерді ал­ға қояды, яғни әскери, геосаяси мәселелерді. Шынтуайтына кел­ген­де Ресей үшін бақ болатын нәр­се, өзге үшін сор болып шығуы мүмкін. Сондықтан біздер осы­ның бәрін таразыға тартып алуы­мыз керек.

Қытайдың кемеңгер көсемі Кон­фуцийден бір жоғарыға бас­шы болып баратын жігіт келіп ақыл сұрапты. «Бәленбай деген жер­ге патша болып бара жатыр­мын. Көпті көрген дана ретінде маған қандай ақыл бересіз, істі не­ден бастауым керек?» деген ғой. Сонда Конфуций сәл ойланып тұрып: «есімдер мен атаулардың атын түзеуден баста» деген екен. Яғни біздер әр нәрсені айқындап алуымыз керек. Мысал үшін «ин­теграция дегеніміз не, оның пай­дасы қандай болмақ, кеңістігі қандай, соңы қайсы, шеті қайсы?» де­гендей. Осындай мәселелерді қа­зірден бастап анықтап ал­ма­сақ, ертең дау туғызары анық. Қа­зақстанның көп досы да жоқ. Біз еш елмен соғыса алмаймыз. Армиямыз әлсіз, әлеуетіміз кем. Со­ндықтан әр нәрсені айқындап ал­сақ, ешқандай дау болмасы хақ. Мәселен, менің де сөзім емес, қазақстандық саясат­тану­шылардың да сөзі емес, ресей сая­саттанушыларының өзі, «бая­ғы кеңістікте өмір сүрген сая­сат­кер­лер өмірден өтпей, ТМД  ке­ңіс­­ті­­гінде тыныштық, шынайы дос­­­тас­тық, шынайы интеграция болуы мүмкін емес» дегенді ай­тады. Бұған қосылуға болады. Өйт­­кені олардың ішінде жатқан құ­быжық тыныштық бермейді. Се­бебі баяғы заманды аңсауды бір­ден доғару қиын. Түркі бір­лес­тігіне келетін болсақ, мынадай бір нәрселерді түсіну керек сияқ­ты. Саяси өзгерістердің түр-түрі бар. Мысалы, алдағы бес-он жыл­­да шешуге болатын мәсе­ле­лер, жиырма-отыз-елу жылда шешу­ге болатын мәселелер және еш­қашан шешімін таппайтын мә­селелер болады. Яғни біздер ше­шімін таппайтын мәселелердің ал­дын алуымыз керек. Болмаса бір­ден анықтап алу қажет. Ақи­қатын айтар болсақ, біз Қытай­мен, Ресеймен ешуақытта одақ бо­ла алмаймыз. Бұл – басы ашық дүние. Мынаны түсінген жөн. Қытай да, Ресей де алпауыт ел­дер. Біреуінде миллиард  жа­рым, екіншісінде жүз қырық мил­лион адам бар. Олардың эко­но­ми­касы да бізден қырық-елу есе әлеуетті, қуатты. Осы мемле­кет­тер­дің саясаты түпкілікті түрде өз­гермейтінін түсінуіміз керек. Жа­райды, олардың басшылығына Ельцин секілді жайбарақат бір президент келді дейік, ол ары кет­се бес-он жылдың әңгімесі. Ал он бес жылдан кейін я болмаса жиыр­ма жылдан кейін билікке кім келетінін кім білген?!

Жақында Қытай мен Жапония ара­сында аралға байланысты дау туды. Қытай қалаларында он­даған мың адам көшеге шығып, на­разылық білдіріп, жапон биз­не­сін талқандады. Демек мұны Қы­тайдағы үнсіздіктің оянуы деп тү­сінген жөн. Яғни қытайдың бү­гін­гі жастары теңсіздікке, әлеу­мет­тік мәселелердің дұрыс ше­шіл­­меуіне, т.б. нәрселерге на­­­­ра­­зылық таныта бастады. Қы­тайда 600 миллион адам өте ке­дей тұрады. Оларды бағып отыр­ған шығыс аймақтары, нақтылап айт­сақ – теңізге жақын жатқан өңір­лер. Егер де Қытайда топалаң бас­тала қалса, біз тұрмақ Ресей­дің өзі түк істей алмай қалады. Осыны түсінген жөн бізге. Бұл екі им­перия да бізбен мәңгі-бақи дос­тық рәуіште болады деп айта қою қиын. Билікке түрлі адамдар ке­леді. Түрлі көзқарастар болады. Осыны таразылап, соған сай сая­сат ұстанған жөн. Әсіресе Ре­сей­де үлкен өзгеріс болуы ғажап емес. Айтайын дегенім, алпысын­шы жылдары орыстың диссиденті Андрей Амалюк деген жігіт бір мақала жазып кеткен екен. «Ке­ңес одағы 1984 жылға дейін өмір сүре ме?» деген. Сонда ішкі жағ­дайын, жалпы шенеуніктердің ком­мунистік идеяға деген сенім­де­рін жоғалта бастағаны, ұлттық рес­публикалардың оянып келе жат­қанын сөз ете келе, «алдағы жиыр­ма-жиырма бес жылда Кеңес одағы құриды» деген тұжы­рым жасаған. Оның жазғандарын оқы­ған билік, оны есі ауысқан деп тауып, жындыханаға тыққан. Кейіннен жол апатынан қайтыс бол­ғанын білемін. Мәселе оның кө­регендігінде болып тұр ғой. Мұ­ны мысал ретінде келтіріп отыр­ғаным, «бүгінгі күні бұл қиын екен, түркі одағы құрылуы екі­та­лай дүние» деп қарауға бол­май­ды. Яғни біз ондай бола ма, бол­май ма дегеннен гөрі, түркі елдері ара­сындағы түрлі байланыстарды ұлғайта беруіміз қажет. Мұның ақы­ры үлкен бірлестікке алып келуі әбден мүмкін. Әлі есімде, тоқ­саныншы жылдардың басын­да Түркия бостандық алған түркі республикаларымен қарым-қа­тынасын жақсартып, жақын­да­ғысы келді. Біраз жобаларды ұсынды. Бірақ ол кездегі түрік эли­тасы, бизнесі әлі де болса үл­кен ағайын тұсынан келді. Сол тұста біздің де басшылар «кеші­ріңіздер біз үлкен бір ағаның қолтығынан шығып, екінші бір аға­ға құлдық дегiміз келмейді» деген. Бірақ уақыт өте келе түркі одағын құру мәселесі қайтадан алдан шығып отыр. Әсіресе оған бір­неше мемлекет мүдделі. Со­ның бірі Әзірбайжан. Өйткені ол елдің біраз жерін Армения басып алған. Жартылай тәуелсіздігінен айырылып отырған мемлекет. Оны қайтарып алайын  десе  армян­дар Ресейге арқа сүйейді. Сон­дық­тан Ресейге күшті балама та­был­май, ана жер мәселесі ше­шілмейтінін біліп отыр. Екінші бір мемлекет – біз. Өйткені бір жа­ғымыз Ре­сей, екінші жағымызда Қытай им­периясы, үшінші жа­ғы­мыз өсіп келе жатқан, бірақ бо­ла­шағы бұ­лыңғыр мұсылман ел­дері. Түркі бір­лігі дегеннен шы­ғады, біз мы­на бір мәселенi тү­сінуіміз қажет, бізге ортақ радио, ортақ телеар­на, қысқасы ортақ ақпараттық кеңіс­тік қажет. Бұл бізді жақын­дастырады. Кейде тувалардың, хакастардың, сахалардың кітап­тарын қолыма алып ақтара қал­сам, өзіме таныс әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді кездестіремін. Пазыл деген ойын бар. Кіш­кен­тай-кішкентай мозайкалар, ша­шып тастасаң түсініксіз. Суре­ті­мен ретін келтіріп орнына кел­тірсең, ортақ бір картина пайда бо­­лады. Түркі халқы да сол ша­шы­­лып жатқан ойынға ұқсайды. Ре­­тін келтіріп құрастыра алсақ, әлем­­де өзіндік орны, салмағы, ай­тар уәжі бар мықты одақ дү­ние­ге келер еді. Біздің түбіміз бір. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару қиын емес. Тек ниет болса болғаны. Құ­дайға шүкір, қазір жақындасуға де­ген талпыныс бар, сондай бір про­цестер жүріп жатыр.

– Біз тәуелсіздікке ие бол­ға­­лы неге қол жеткізе ал­дық?
– Жиыр­ма жылдың екі-үш жақсы же­тістігі бар. Мәселен, бі­ріншісі өз жерінде қазақтың са­нының артуы. Бір миллион адам­ның сырт­тан атамекенге оралуы және жа­ңа ұрпақтың дүниеге келуі. Мей­лі ол оқушы болсын, студент бол­сын, тіпті на­шар тәрбие алсын, мін­дет емес, ең бастысы жаңа буын. Ол буын кеңес уақытын көр­ген жоқ. Жүрегі егемен деп со­ғатын жаңа ұрпақ. Екінші үлкен мә­селе, жиырма жыл дегеннің өзі елдің, ұлттың, халықтың белгілі бір саяси көзқарастарының, құн­дылықтарының пайда болуына алып келеді. Мысалы, бүгінгі қазақ баспасөзін алып қаралық, біз билік жағында болайық, оппози­ция жағында болайық, тәуел­­сіз болайық, бизнес бас­па­сөзі болайық бірақ қазақ бас­пасөзін біріктіріп отырған құн­дылықтар бар. Ол құндылықтар – тіл, дін, діл, тарих, мәдениет мә­­се­лесі. Осы жағына келгенде қа­­­зақ баспасөзі қай жақта жүр-се де ортақ бітімге келе алады. Жал­­пы, жиырма жыл ішінде сая­си санамыздың, тарихи сана­мыз­дың, геосаяси санамыздың қаң­қа­сын жасай алдық.

Әңгімелескен
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/