«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жайбасарлығына және сот шешіміне қатысты келіспеушілігін жеткізген алты азаматтың арыз-шағымын облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды мен «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының орынбасары Қ.Жантөреева және өңірдегі құқық қорғау органдарының жауапты басшылары тыңдады. Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының тұрғыны Ж.Серікбаев өз баласының мал ұрлығына күдікті ретінде қамалғанымен әлі күнге дейін қылмыстың толық дәлелденбегенін және қазан айында темір торға тоғытылған 21 жасар ұлымен жолыға алмай жүргенін жеткізді. Аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің жайбасарлығына алаңдаушылық білдірді. Шағымданушыны тыңдағын жауаптылар бұл жайт бойынша прокурор істі қайта тергеуге жібергенін тиянақты түсіндіріп, мәселенің тұрақты бақылауда екендігін ұғындырды. Бүгінде үш қызын жалғыз өзі асырап отырған шымкенттік А.Егембердиева бұрынғы күйеуінің үстінен алимент өндіру бойынша тиісті орындарға шағымданғанымен нәтиже болмай тұрғанын, өз жалақысының баспана несиесін төлеуге жетпейтінін, сондықтан алимент өндіруді заң аясында қарастырып, шешуді сұранды. Сондай-ақ, аталған істі жүргізген құзырлы органдардағы жауаптылардың жауапсыздығын ашына айтты. ОҚО ішкі істер департаменті анықтау басқармасының бөлім басшысы дәл осы тектес 1051 істің тек бірінің ғана сотқа жолданғанын, тұрақты мекенжайға тіркелмеген, жұмыссыз әкелерді табудың қиындығын хабарлады. Шымкент қаласы, Сапарбаев көшесінің тұрғыны Н.Наумцева қызын бейнекамера алдында қағып, қашып кеткен көлік пен оның жүргізушісін таба алмай отырған Еңбекші аудандық полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігін жария етті. Мақтаралдық Б.Алибеков бір танысының өзге азаматтың атынан арыз жазуының салдарынан жазықсыз жапа шегіп отырғанын айтып, сот шешіміне және істі тергеген тергеушінің заңсыз әрекетіне наразылығын білдірді. Түлкібастық Н.Сейсенбаев кезіндегі досынан дүкен сатып алғанымен одан тиісті құжаттарды ала-алмай қанша жылдан бері шабылып жүргенін жеткізді әрі осы аудандағы тәртіп сақшыларының сылбырлығына шағымданды. Қоғамдық қабылдауды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды ішкі істер саласының басшылығына арыз-шағымдар негізінде жүйелі әрі сапалы жұмыс істеуді жүктеп, әр бір арыз иесімен жеке-жеке байланыс жасауды, өтініштерді заң аясында шұғыл қарап, шешуді тапсырды. Өз кезегінде ОҚОІІД бастығының орынбасары Б.Сұлтан бүгін «Нұр Отанға» арызданған бірқатар азаматтарды алдағы дүйсенбіде өзі қабылдап, жауаптылардың мәселесін майшаммен қарайтынынын жеткізді.
«Нұр Отан» ОҚОФ баспасөз қызметі