Қазақстанда тұратын халықтардың көркем көсемсөзі бажайлап, сараптай қараған уақытта жалпыадамдық және ұлттық парадигма талаптары тұрғысында шын мәнінде назар аударуға, зерттеу өзегіне айналдыруға тұрарлық екендігі байқалады. Диаспора өкілдерінің көркем публицистикасы осы тәуелсіздік жылдары ішінде жанр табиғатын байыту жағынан ғана емес, формалық ізденістер тұрғысынан да үнемі өзгерістерге түсіп, жетілу үстінде көрінеді. Диаспоралық көркем публицистиканың ішкі жанрлары да әр алуан десек те, әсіресе өмірбаяндық, сапарнамалық сипаттағы туындылары басымдау.
Қазақстанда тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің ішінде алдымен көзге түсетіні де – орыс қаламгерлері және ойларын орыс тілінде өрнектейтін басқа диаспора өкілдері. Бұл арада қазақстандық орыс көсемсөзшілерінің өздерінің қалыптасқан көркемдік-идеялық үрдістері мен ұстанған қағидалары бар екендігі аңғарылды.
Орыс тілінде жазатын қазақстандық публицистердің жазу машығы, өмірлік шындықты жеткізу жолындағы амал-тәсілдері өзара ұқсас, тіпті, кейде ортақ болып келетін көркемдік үрдісті қалыптастырған деп тұжырымдай аламыз. Олардың жазғандарында көсемсөздік үлгілердің очерк, деректі проза, эссе, естелік және т.б. сынды әр түрлі сипаттары аралас көрініс тауып жатады.
Қазақстан Республикасында жарық көріп жатқан орыс тіліндегі әдеби-мәдени және қоғамдық журналдарда мемлекет шеңберіндегі тақырыптарды қозғайтын көркем көсемсөз үлгілерінің кездесіп тұратыны – құптауға лайықты оңды нышан. Бұндай шығармашылық құбылысты дұрыс бағалаудың негізгі себебі еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты екендігі даусыз. Өйткені басқа ұлт өкілдерінен шыққан қалам қайраткерлерінің өздері отын оттап, суын сулап отырған елдің мүддесін қорғайтын материалдар жазуға ықыласты болуы олардың игі ниетте екендігін аңғартпай ма?
Солай бола тұрған күннің өзінде де республикамызда шығатын жекелеген басылымдардағы публицистикалық туындылардың едәуір бөлігі, жоғарыда айтылғандай, Қазақстан тақырыбынан алыс болып келетіндігін жасырып-жабудың қажеті жоқ. Орыс тілінде жазылған көркем публицистиканың қозғайтын проблемалары негізінен бірыңғай орыс халқының, орыс мәдениеті мен руханиятының тақырыбын ғана қозғауы бір жағы заңдылық та сияқты. Әр қаламгер өзі шыққан этникалық тегіне қатысты дүниелер жазса, оның несі айып?
Бірақ осы арада ойланатын, байыптап-байырқалайтын бір мәселе бар. Қай қаламгер болса да, ең алдымен өзі өмір сүріп жатқан, қызығын көріп отырған мемлекеттің аумағындағы елеулі мәселелерге назар аудармай ма, әрі-беріден кейін сол мемлекеттің мүддесі үшін қызмет етпей ме? Өзі өмір сүріп отырған Отанының бары мен жоғын жырлау дүниежүзі қаламгерлерінде жазылмаған заңдылыққа айналғалы қашан? Қазақстан сияқты елде тұрғаннан кейін бойындағы сөз қабілетін де соның ыңғайына қарай жұмсап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?
Басқасын былай қойғанда, республикадағы орыс тілді журналдардың алдыңғы қатарында тұратын «Простордың» беттеріндегі көркем көсемсөз үлгілері, ең алдымен Ресей тарихына, орыс халқының көрнекті тұлғаларына қатысты болып келеді. Бұларда жалпыадамзаттық және ұлттық парадигмаларды айқындайтын ештеңе жоқ дей алмаймыз, екеуінің де ұшқындары әр қырынан бой көрсетіп отырады. Жалпыадамзаттық мәселелердің қандай екендігі түсінікті, ал ұлттық деген кезде алдымен қазақ ұлтының немесе Қазақстанда өмір сүріп, еңбек ететін ұлт диаспораларына қатысты парадигмалық өлшемдер осы аталған және басқа шығармаларда қандай сипатта және қандай мақсатпен берілген? Міне, әңгіменің негізгі түйіні осында.
Пікір тиянақты болуы үшін аталған журналда жарық көрген кейбір материалдарға тоқталып кетуге тура келеді. «Простордың» 2014 жылғы 2-санында жарияланған В.Михайловтың «Тайна Лермонтова», О.Тарлыкованың «Работа моя единственная надежда», Н.Слепцовтың «Играй, гармонь» в стране и в сердце» тәрізді көркем публицистикалары –нақ осындай рухтағы, жалпы орыстық немесе жалпы ресейлік мәселелерді қозғаған, былайша айтқанда, журналды шығарып жатқан Қазақстан Республикасының тарихи-қоғамдық немесе рухани өміріне тікелей қатысы жоқ дүниелер. Сондықтан бұндай шығармаларды көтеріліп отырған тақырыпқа орай талдаған кезде тек ұлттық парадигмасын орыс рухының тұрғысында ғана талдауға тура келмек.
Соның бір мысалы Геннадий Дорониннің «Үлкен Михайловскоймен қоштасу» (Прощание с.Большой Михайловской «Простор», №10, 11, 2013 г. Стр. 65-105) атты шығармасының мазмұндық құрылымынан анық көрінеді. Автор өзі «Очерк» деп айдар қойғанымен, бұл туындының мазмұны, қамтитын мәселелері сол анықтаманың аясынан асып кетеді. Өйткені онда жаңағы айтылған жанрлық белгілермен бірге тарихи зерттеу жұмысының нышандары да көзге ұрып тұр.
Туынды негізінен А.С.Пушкиннің Орал қаласында болуының 180 жылдығына арналғанымен, автор әр тұстан үзіп-жұлып, тарихқа, әдебиеттануға және жағырафияға қатысты мәселелерді сыналап енгізіп отырған. Ішінара лирикалық шегіністерге де жол беріп, өзінің көңіл күйін алдыңғы планға шығарып қоюды да ұмытпайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл шығарма публицистикалық-зерттеушілік бағыттағы көркем синтездік жазбаның бір үлгісі.
Автор алдымен өзінің балалық шағына шегініс жасай отырып, санасында Пушкиннің тек бір ғана емес, бірнеше сипаттағы образы сақталып қалғанын қаперге алады. Оның пайымдауынша, мектеп оқулығының беттерінде кездесіп жататын ақын бейнесі тарихи шындыққа қарағанда көңілсіз, сүреңсіз. Ал ол өзі қала көшесінде күнде көретін Пушкин мүлде басқаша, эффектісі күшті образ.
«Еще наш Пушкин был красив, довольно высок, думаю, значительно красивее и выше оригинала» («Простор», №11, с.65) деп үстемелейді автор. Бұл арада гротесклік элементтердің бар екендігін де жоққа шығара алмаймыз. Қаламгер, міне, осылайша өзінің естеліктеріне тізгін бере келіп, ұлы орыс ақынының қазақ жеріне қалай келгені жайында қысқаша саяхат жасайды. Өзіне мәлім тарихи фактілерді көлденең тарта отырып, орыстың ұлы ақыны жайында жекелеген деректер келтіріп, пікір айтып жүрген жекелеген оппоненттерімен дереу пікірталасқа да кірісіп кетеді. Нақтырақ айтқанда, қазақстандық газеттердің бірі Пушкинге қазақтың ғашықтық жыры «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» таныстырып, жаздырған басқа ешкім емес, қазақтың дауылпаз ақыны Махамбет Өтемісов деп тұжырымдағы материал жариялаған екен. Және ол Пушкинмен басқа еш жерде емес, қазақтар бұрын «Үйшік» деп атаған Гурьев қаласында кездескен көрінеді. Жаңа сенсациялық дерек бойынша ұлы ақын атақты Даль екеуі одан ары қарай Астрахань жаққа асып кетіпті.
Автордың пайымдауынша, бұлардың қай-қайсысы да келісуге болмайтын дәйексіз, дәлелсіз жалған мәліметтер. Оның осындай жосықсыз жаңалықтарға, тайғанақ пайымдауларға қарсы қоятын аргументтері де тиянақты. Дәлел келтіру жағына келгенде ол байсалдылықты, бапты тілейтін машықпен ақынның қазақ даласына келгендегі әрбір қадамын ежіктей талдап, жүйе-жүйесімен тізбелей жеткізіп отырады. Соның нәтижесінде оппонентінің шегінуіне де жол қалдырмаған тәрізді болып көрінетіні рас.
Бұл публицистикалық синтезде тек негізгі кейіпкер жөнінде ғана емес, ұлы ақын болашақта жазуды жоспарлаған атақты бүлікші Пугачев турасында да қызықты деректер өз алдына жеке очерк сынды болып жалғасын тапқан. Әрине, зерттеушілік жұмыстарымен жүрген Пушкиннің шығармашылық мақсатын айқындау үшін бұл да керек болған шығар. Бірақ автор сөз арасында ғана айтылуға тиісті Пугачев мәселесіне келгенде, едәуір тереңдеп, бас кейіпкеріне қатысты арнадан алыстап та кетіп жатады. Сөйтіп очерктің кейіпкері тек бір адам болуымен шектелмей, персонаждар қатары көбейе түседі, атақты бүлікшінің өмірбаянына қарай фактологиялық шегіністер жасап, көтерілістің тарихи мәнін ашқысы келген ниеті де айқындалып қалады.
Едәуір мәліметтерді қамтығандықтан, кей тұстарында танымдық мәні басымдау болып көрінетін очерктің келесі көңіл бөлетін тұсы – қазақстандық пушкинтану мәселесі. Білгісі келген жастар үшін бұл да өзінше Пушкинге қатысты зерттеу қырларының бірі, мол ізденістердің өзіндік нышаны дерлік. Енді осы арада көңіл бұра кететін бір жағдай – қазақ жерінің шетін жағалап өткен орыстың ұлы ақыны сол өзі көрген елдің, жердің байырғы тұрғындарымен қандай қарым-қатынас жасады деген мәселе жөнінде аталған туындыда ләм-мим деп ештеңенің айтылмай қалғандығы. Пушкиннің Орынбор, Орал сапарын жақсы біліп тұрған автор өз очеркінде тек ұлы ақын «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» (онда да тек 5 бетін) жазып алумен шектеліп қалды ма, жоқ, қазақтарға қатысты басқадай деректер бар ма дегенге тоқталмайды.
Ұлттық және жалпыадамдық парадигма нышандары, шындап келгенде, осындай мәдениеттер тоғысын көтерген материалдардың өн бойынан төбе көрсетуі тиіс емес пе? Осындай жанрлық тұрғыдан алғанда, белгілі бір қалыпқа сыйыса қоймайтын, ал мәтін ішіндегі мазмұндық құрылымы да түрлі тақырыптарға қарай ойысып кете беретін көркем публицистикалық туындыда жалпы адамзаттық парадигмалардың бой көрсетуі тіпті көркемдік-идеялық заңдылық деуге болады.
Ал ұлттық мәселе дегенге келгенде де бір қалыптың шеңберінен табыла бермейтін жері де жоқ емес. Атап айтқанда, автордың бір ғана назар аудартатыны – орыс рухына, орыс мәдениетіне тән парадигмалық түзілімдер. Очерктегі жекелеген оқиғалары қазақ жерінде өтетін болса да, тікелей қазақ ұлтының өміріне, қоғамына тән болып келетін нышан-детальдарды айту жағы кемшін, тіпті жоқ деуге болады.
Татьяна Фроловскаяның «Незабвенный Евгений Борисович» очеркі жазылу мәнері мен болған жайларды мазмұндау жағынан белгілі бір дәрежеде Г.Доронинның шығармасымен үндес деп айтсақ артық емес. Әдебиетшілік жолға түсуді армандаған талапты жастың басты мақсаты біреу ғана болыпты. Өз сөзімен айтқанда ол: «Пятью годами раньше я поступила на филологический факультет с единственной целью: познать секреты литературного мастерства, изучать жизнь гениальных поэтов, чтобы уважительно подражать».
Міне, алдына осындай игі мақсат қойған жас талап өз өмір жолының осынау бір қызық кезеңінде көрнекті орыс ақыны Борис Пастернактың ұлы Евгений Борисовичпен кездесемін деп ойламаған екен. Бірақ бұл кездейсоқ кездесудің табиғи негізі бар болып шықты. Өйткені жаңағы айтып отырған мақсат жолында автордың дипломдық жұмысының тақырыбы етіп алғаны – сол атақты Пастернактың ақындық шеберлігі көрінеді.
Очерк тұтасымен ұлы ақынның тікелей ұрпағының адами болмыс-бітімін, интеллектуалдық өресін ашуға бағытталған. Автор үшін мұндай адаммен кездесу кім кімнің болса да өмірінде өшпестей із қалдыра алатын қуатты энергияның көзіне айнала алады екен. Бұл жағдай осы Евгений Борисовичтің мысалында жекелеген орқиғалар, шағын эпизодтар арқылы әр қырынан дәлелденіп отырады. Шығармаға кең тыныс бере отырып, Т.Фроловская тек қана өзі ортақ нысан етіп алған кейіпкерінің төңірегімен шектеліп қалмайды, оның айналасындағы ықпалды тұлғалар мен олардың мінез-құлқын, болмыс-бітімін аша алатын бояуы қанық детальдарға да көңіл бөліп кетеді.
Осылардың арасынан әсіресе ықпал етуге тиісті күш – Евгений Борисовичтің әкесі, орыс рухының көркемдік өлшемдерінің бірі Борис Пастернактың шығармашылығы мен азаматтық-қоғамдық келбетін ашу мәселесін де үнемі қаперінде ұстайды. Сөйтіп осындай маңызды аргументтерді қамти сөз қозғағандықтан да, очерк сюжеттік жағынан болсын, танымдық тұрғыдан болсын, әжептәуір салмақты дүниеге айнала алған.
Очерктің фабулалық болмысына қарағанда, ұлы ақынның зерделі перзенті де жастайынан білім-ғылымға құмар, көп оқыған азамат болып қалыптасқан. Оқымаған кітабы жоқ интеллектуалдық тұлғаның айтар ойы, өзіндік көзқарасы айналасын мойындататын деңгейде. Осылайша ауыз толтырып айтарлықтай биіктікте тұрған адамның жекелеген адами қырлары, мінез-құлқы және т.б. жағдайлары көркем очеркте жүйелі түрде болмаса да, үзіп-жұлып суреттеліп отырады. Және бұндай суреттеудің жанр табиғатына ешқандай да қайшы келмейтінін байқау қиын емес.
Автор ақын перзентінің айналасымен, оның әкесінің өміршең мұраларын еске алумен бөгеліп қалмай, сол кезеңдегі орыс зиялыларының көзқарастары, алған бағыттары жайында да лебіз білдіріп отырады. Бір сөзбен айтқанда, ойлары өзі нысан етіп алған тақырыптың төңірегінен табылып жатады.
Алайда, осы арада жалпыадамзаттық және ұлттық парадигма тұрғысынан ескеретін бір жағдай бар. Ол шығармада, қазақстандық руханият әлемінің, оның ішінде қазақ менталитетінің көрініс таба алмауы. Біздің бұл қойып отырған талабымыздың логикалық тұрғыдан қисынды екендігін дәлелдеп өткеніміз жөн болар.
Біріншіден, Татьяна Фроловская – Алматы қаласында өмірге келген, жастайынан қазақ халқының рухани әлемімен қойындаса өскен қазақ жерінің төл тумасы, оқырманға жақсы танымал ақын. Қазақстандық автордың қазақтарға соқпай кететін кездері некен-саяқ деп білсек, ұлттық рухты шет жағалап сездіріп өту мүмкіндігі бар.
Екіншіден, ол өз кейіпкерін басқа бір өлкеде, шет жерде емес, өзі туып-өскен Алматысында, республикадағы жоғары білімнің флагманы, өзі білім алған Қазақ университетінің қабырғасында жолықтырады.
Үшіншіден, осы шығарманы басып отырған Ресей мемлекетінің немесе басқа бір жердің бейтаныс басылымы емес, кәдімгі өзіміздің жанымызға жақын, қазақ қаламгерлерінің қауымына да, оқырмандарына да етене таныс «Простор» журналы.
Міне, осындай қазақ халқына әр жағынан жақын бола тұра, очерк ешқандайда да қазақи менталитетті қажетсінбестен, таза ресейлік рухта жазылған. Тіпті оның оқырмандары да қазақстандықтар емес, ресейліктер сияқты әсер етеді. Шығармада жалпы адамзаттық және орыстың ұлттық ұстанымына лайықты парадигма ұшқындары төбе көрсетіп отырғанымен, осы оқиға болып жатқан ортаның байырғы ұлтына тән нышан-белгілер байқалмайды.
Жалпы Қазақстан басылымдарында әр уақыттарда орыс тілінде жарық көріп жататын көркем көсемсөз үлгілерінің едәуір бөлігінде осы елдің байырғы тұрғындары қазақтың иісі де, көлеңкесі де болмайды. Рухани тепе-теңдік тұрғысынан алып қарағанда, бұл, әрине, келісуге болмайтын, ұлттық қабылдауға қиғаш келетін кертартпа құбылыс. Бірақ қазақстандық басылымдардың ұстанатын осындай кереғар қалпына, теріс бағытына «Неге бұлай?» деп мән беріп жатқан көсемсөз сыншылары немесе оқырмандар байқалмайды.
Жалпы орыс тілінде жазылған қазақстандық көркем көсемсөзді адамзаттық және ұлттық парадигмалар тұрғысынан жіліктеп талдап қарағанда, оларда ең алдымен орыс рухын
ріміздегі қалыпты әрі типтік құбылыс деуге болады.
Нұрдәулет Ақыш, жазушы, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері
http://turkystan.kz/
Сурет http://turkystan.kz/газетiнен алынды