«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының мақсаты – халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету және өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу. Аталмыш бағдарлама аясында Алматы қаласында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы «Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының» маманы Нүрила СОФИЕВАдан (суретте) сұраған едік.
– «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы үш кезеңді қамтиды. Алғашқы кезең, 2011-2012 жылдардың нәтижесі қандай болды?
– Ия, жалпы Бағдарлама үш кезеңді қамтиды: пилоттық – 2011 жыл, екінші кезең – 2013-2015 жылдар, ал үшінші кезең – 2016-2020 жылдар. Бағдарламаны іске асыру 3 бағытта жүзеге асырылады. Бұлар инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту және жұмыс берушінің қажеттілігіне сай оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
Қазір Алматы қаласында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының үшінші бағыты жүзеге асырылуда. 2011-2012 жылдардың нәтижесі бойынша Жұмыспен қамту орталығына 3858 адам өтініш білдірді, оның ішінен келісім шартқа 3785 адам қол қойды. Кәсіби оқыту курстарына 2438 адам жолдамамен жіберіліп, оның 1316-ы оқуды аяқтап, 1014 адам жұмысқа орналастырылды. Жастар тәжірибесіне 434 адам, ал әлеуметтік жұмыс орындарына 1241 адам жіберілді.
– Екінші кезең басталып та кетті. 2013-2015 жылдарға қандай жоспар құрылып, нендей жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазір Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының барлық аудан бөлімдерінде тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық-түсiндiру жұмыстары өтуде. Дөңгелек үстел, кездесу, семинар, бос жұмыс орын жәрмеңкелері, жұмыс iздестiру бойынша шеберлік-сыныптары секілді шаралар жүйелі жүргiзiліп келеді.
Халық көп жиналатын «Атакент», «Саяхат», «Арбат», «Рамстор», «Променад», «Променад 2» және «Мега» сауда орталықтарындағы электронды билбордтарда күнделікті «Жұмыспен қамту 2020» жол картасы туралы ақпарат көрсетіліп отырады. Аталған бағдарлама туралы Алматы қаласы тұрғындарын хабардар ету мақсатында «Сайран» халықаралық автобекеті, теміржол бекеті, метрополитен станцияларында, муниципалды автобус паркінде және трамвайлар, троллейбустарда хабарландырулар орналастырылған.
Сонымен қатар, еңбек нарығына қажетті мамандық бойынша қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы төмен тұрғындар қатарынан бағдарламаға қатысу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
2013 Жылдың маусым айында Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қалалық мамандықтар жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде аудандық бөлім қызметкерлері тұрғындарды қабылдап, кеңестер берілді. Жәрмеңкеге 120-дан аса орта және ірі мекемелер қатысып, 600-ден аса бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар, жәрмеңкеде 3700-ге жуық ізденушілер қатысып, 500-ден аса түйіндемелер таратылды. Ізденушілер қатарында жоғары оқу орындары, колледждер мен кәсіби лицейлердің болашақ түлектері мен жұмыс іздеп жүрген тұрғындар болды.
– Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының аудандық бөлімшелері қандай жұмыстар атқарып отыр?
– Халыққа ыңғайлы болу үшін жұмыспен қамту орталығының жеті аудан бөлiмі жұмыс iстейдi. Орталықтың аудандық бөлімдерінде оқытуға топтар қалыптасады, әлеуметтiк жұмыс орындарына және жастар іс-тәжірибесіне қатысу үшiн жұмыс берушiлерден мәлiмдемелер қабылданады.
Бөлім мамандары жұмыс берушілерге қызметкер іздеуде қолдау көрсетеді, жұмыссыздарға кеңестер береді. Бөлімде бос жұмыс орындары бойынша бірыңғай мәліметтер базасы бар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру сияқты іс-шаралар белсенді түрде өткізіліп тұрады.
Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетіледі:
1) кәсіптік оқу, жұмысқа орналасу және кәсіптік бағдарлану мәселелері бойынша кеңес;
2) тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына жіберу;
3) кәсіптік оқуға материалдық көмек беру;
4) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне орналасуға жәрдемдесу;
5) әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;
6) жастар тәжірибесіне жіберілген жеке тұлғаларға еңбекақы төлеу.
Ағымдағы жылы Орталыққа бағдарламаға қатысу жөнінде 1152 жұмыссыз азамат өтініш білдірді.
– 9-сыныптан кейін кәсіптік-техникалық колледж бітірген немесе 11-сыныпты аяқтап, бірақ ҰБТ-ға қатыспаған жастарға аталмыш бағдарламаның қандай көмегі бар?
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмыссыздар, табысы аз адамдар, ішінара жұмыспен қамтылғандар, еңбекке қабілетті мүгедектер, бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жалпы білім беретін мектептердің 11-сыныбы, техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері қатарындағы ҚР азаматтары және оралмандар бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
Бағдарламаға қатысу үшін басымдық мынадай санаттарға:
1) жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастарға;
2) он сегізден жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиленушілеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
3) ауылды жерлерде тұратын әйелдерге;
4) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 50 жастан асқан адамдарға;
5) жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге;
6) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды жәнеқауіпті жұмыстарда істейтін және мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды алушы болып табылатын адамдарға;
7) ҚР Қарулы күштері қатарынан босатылған адамдарға;
8) бас бостандығынан айыру орындарынан және мәжбүрлі емдеуден босатылған адамдарға;
9) жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты жұмыстан босатылған адамдарға беріледі.
Бағдарламаны біз үш бағытта жүргіземіз. Олар: кәсіптік оқуға жіберу, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жіберу. Осы үш бағыт бойынша, бізге келушілерге әуелі өзімізде бар бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Егер оған көңілдері толмай жатса немесе бұрын еңбек нарығында қызмет етіп, кейін жұмыссыз қалған жоғары білімі мен еңбек тәжірибесі бар азаматтар болса, оларды басқа мамандықтар бойынша 3 айлық қайта даярлау курстарына немесе білімі жоқ азаматтарды 1-3 жылдық кәсіби даярлау курстарына бағыттаймыз да, оқу аяқталған соң, сол бітірген мамандықтар бойынша біз жұмысқа орналасуға жәрдемдесеміз. Ал егер білімін жетілдіруді қалағандары болса, олар үшін 2 айлық біліктілігін арттыру курстары бар.
Мамандарды қайта даярлап, білімін жетілдіру, кәсіптік білім беру мекемелердің сұранысы мен еңбек нарығына қажетті мамндықтарға белгілі бір талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар дайындалады.
Елімізде керекті мамандықтар тізімі бар: ерлер үшін жоғарғы технологиялық жабдықтарды басқара алатын кәсіби біліктілігі жоғары мамандар, құрылысшы, электрик, ал әйелдер үшін шаштараз, тігінші, аспазшы мен есепші және т.б.
ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес бас бостандығынан айыру орнынан босатылған тұлғалар мен мүгедектер жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз етілетін нысаналы топтарға жатады. Осы уақытқа дейін Орталыққа жұмыс іздеп келген мүгедектер саны 150-ден асады, ал бас бостандығынан айыру орнынан босатылғандар саны –20-ға жуық. Аудандық бөлім мамандары барлық азаматтарға мүмкіндігінше көмек көрсетіп, әлеуметтік жұмыс орындарына, қайта даярлау курстары мен жастар тәжірибесіне жіберіп отырады.
Бөлім жұмысындағы негізгі міндеттер – қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін одан әрі көтеру және халықты жұмыспен қамтуды кеңейту есебінен жұмыссыздық деңгейін төмендету.
А.Жолдасбеков