Қазақтың даласы кең. Оны жасыл желекке орап, орманға айналдыру қажет. Сонда бұл жерде тіршілік те көбейеді. Кеше Астананың жасыл белдеуін тікұшақпен көріп шыққан Президент Нұрсұлтан Назарбаев жиналған жұртқа осы бір идеясын жеткізді. Қызылжар орман шаруашылығында біраз аялдап, елорданың жасыл белдеуін дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізген Мемлекет басшысы үш жылда әжептәуір өсіп қалған ағаштардың ішіне қырғауылдарды да жіберді.
Негізі, бас кезінде Астананың сазында ағаш өседі дегенге ғалымдардың өздері де сенбеген екен. Алайда бүгінде сан алуан технологиялардың арқасында елорданың айналасындағы жасыл желек гүл жайнап, орманға айналып келеді. Осыдан екі жыл бұрын отырғызылған көшеттер 1,5-2 метрге дейін көтерілсе, бұдан бұрын егілген талдар нуға айналып келеді. Ендігі мақсат – осы жасыл белдеуді қалаға барынша жақындату. Осы мақсатта елорданың айналасындағы 34 мың гектар жер жан-жақты зерттелді. Ал ағаш отырғызу үшін топырақты екі жылдай дайындау қажет. Сондықтан ол жерге көшеттерді жаппай отырғызу жұмыстарын 2015 жылы бастау жоспарланған. Астана аумағында орманға жарамсыз тағы 11 мың гектар жер анықталған болатын. Онда да арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, жасыл желек өсіру көзделіп отыр. Бұл жер батпақты әрі тұзды болғандықтан, көшеттерді тек траншея әдісімен ғана отырғызу мүмкін болып тұр. Осылайша Астананың жасыл белдеуі өсіп келеді. Бүгінде оның жалпы ауданы 11,5 гектардан асты. 2017 жылдан бастап ол жыл сайын 350 гектардан өсіп отырады.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Шынын айту керек, кезінде Астананың құрылысы сияқты «бұл өңірде орман өспейді» деген пікір болған. Сол кезде «Бидай, арпа мен сұлы өсетін жерде неге орман өспейді?», – деп мен де таңғалдым. «Жері – тас!», – деді көбі. Ғалымдардың өздері сенбей жатты. Енді бұрын ағаш өспеген жерде орман салу оңай шаруа емес қой. Дегенмен «көз – қорқақ, қол — батыр». Мінеки, 97-ші жылдан бері Астананың айналасында 65 мың гектар орман отырғыздық. Біз өзіміз елорданың төңірегін тікұшақпен бір сағат бойы шарлап, тауыса алмадық. Қазір ресейлік ғалымдардың өздері бұл жұмысқа жоғары баға беріп отыр.
Алайда Президент осымен тоқтауға болмайды дейді. Енді Астананың орманын Көкше жерінің жасыл желегімен қосу қажет. Қазіргі кезде Астана – Шортанды трассасында 2,8 мың гектар жерге іздестіру жұмыстары жүргізіліп, орманға жарамды 1,8 га жер анықталды. Соңғы үш жылдың ішінде онда тал егіліп, қосымша орман алқабы құрылды. Алдағы уақытта Шортанды – Щучинск (Бурабай) тас жолы бойымен ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге де қарастырылған. «Қазақтың даласы кең. Оның барлығы тек дала ғана. Территориямыз шамамен 3 млн шаршы шақырымды құрайды. Оның 8-10 пайызы – орман. Егер біз әрбір аймақта жыл сайын орман отырғыза берсек, онда еліміз көп ұзамай жасыл желекке оранып шыға келеді. Бұл елдің «өкпесі» ғой. Орман көп болса, жеріміз бай болады. Тіршілік те көбейеді. Осы жұмысты ел болып, Қазақстанның барлық аймақтарына тарату қажет. Әсіресе жастарға айтарым, осы ағаштардың әрбір талын күтіп, сақтап, сындырмай өсірсек, ертеңгі ұрпақ бізге мың да бір алғыстарын айтады», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Атырауда «Болашақ» зауыты ашылады
Иә, Астана мен Көкшенің жасыл желегін қосу арқылы біраз мәселелердің шешілетіні хақ. Бір жағынан, жаңа тас жолын қар кептелісінен сақтасақ, екінші жағынан, астыққа қажетті жер ылғалдылығын қамтамасыз ете аламыз. Ал республика аумағында алсақ, қазіргі индустриалдық-инновациялық дамуға бет алып, көптеген өндірістік жобаларды іске асыруға кіріскен Қазақстан үшін орман сияқты «табиғи өкпе» ауадай қажет. Ондай жобалардың бірі – Қашаған. Президент те аталған өндірісті жіті бақылауда ұстап отыр. «Бұл – өте күрделі кен орны. Қазірдің өзінде оған 48 млрд доллар салынды. Ал барлық жұмыстар 13 жылдай жүргізіліп келеді. Маусым айының соңында біз Атырауда «Болашақ» зауытын іске қосамыз. Оның құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Осы өндірістік кәсіпорында өндірілетін мұнай күкірт пен газдан тазартылып, экспортқа жіберілетін болады», – деді Президент.
Автор: Арман АСҚАР
http://alashainasy.kz/main/44030/