Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Сондай-ақ Беларусь еліне Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Армения Президенті Серж Саргсян да келді. Олар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына және шақырылған мәртебелі меймандар ретінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысына қатысты.
Минскіде өтіп жатқан мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Түркия мен Сирияны Кеден одағына алу керектгі туралы айтты. — Кеден одағына басқа елдерді жалпы негіздерде алу керек, Батыс сонда Қазақстан, Беларусь және Ресей КСРО-ны құрып жатыр деп санауын қояды, деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
«Қазірде мен Сирия Кеден Одағына кіргісі келетін көрінеді деген көптеген әңгімелерді естіп жүрмін… Түркия премьер-министрі Ердоған Түркияны Кеден Одағына қабылдауға бола ма, деп өтініш жасады… Түркия үлкен ел, біздің ортақ шекарамыз бар, сонда Батыстың қайда барсаң да, «сіздер Кеңес Одағын құрып жатырсыздар ма, әлде Ресейге қажетті нәрсені ұйымдпастырып жатырсыздар ма?» деген сұрағы жайына қалар еді. Оларға мұндай ештеңе болып жатпағанын түсіндіруге тура келеді. Мүмкін Түркияны алу керек шығар, сонда сұрақтар да тыйылады. Ірі ел, ірі экономика», — деп көзқарасын білдірді Қазақстан Президенті.
Н.Назарбаевтың пікірінше, күн тәртібіне енгізілген Арменияның, Тәжікстанның және ТМД-ның басқа елдерінің Кеден одағына кіруіне қатысты, бұл елдерді жалпы негізде тұрақты мүшелікке немесе байқаушы ретінде шақыру қажет. «Кейбір елдерге бөлек жеңілдіктер жасаудың қажеті жоқ», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ жиын барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ-ты сақтап қалуға күш салудың қажеті жоқ, ұйымды Кедендік Одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістік жағдайында өзекті емес ретінде сөзсіз жабу қажет, деп ұсыныс жасады. «ЕурАзЭҚ бойынша 134 халықаралық шарт бар, енді бізге не істеу керек, деген сұрақ туындайды.
2015 жылғы 1 қаңтардан ол өз жұмысын аяқтайды. Бұл ұйымды жабу қажет, бұл енді сөзсіз! Ондағы 71 шарт біздің бәрімізге қатысты, заңгерлер құжаттарға талдау жасауы тиіс. Енді оны Кеден одағына бейімдеу қажет деген сөз айтылып жүр, одан да оларды БЭК пен КО жағдайында жаңадан жасаған дұрыс», — деді Н.Назарбаев Минскіде мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысында. Мемлекет басшысы, ал қазіргі уақытта Кеден одағына кірмеген ұйым мүшелерін (Қырғызстан мен Тәжікстан) байқаушы ретінде қабылдауды ұсынды.
«Олардың мәртебесін қалайша айқындау жөнінде уағдаласуымыз қажет. Бұл шешілмейтін мәселе емес деп ойлаймын, бізге оны шешу қажет», — деп атап көрсетті ҚР Президенті.
Алқалы жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің қазақстандық тауарларға жасап отырған кедергілері және КО-дағы өзара сауда бойынша теңсіздіктер туралы мәселе көтерді.
«Біз ашық түрде, достық ниетпен біздің барлығымыз, әсіресе Еуразиялық экономикалық комиссия жұмыс жасауы тиіс минустар туралы айтуымыз қажет, Тауарлардың еркін жылжуын бәсекелестік жағдайы қатайтты, Қазақстанның КО елдерімен сыртқы саудада теңсіздігі арта түсуде. Осы жылдың 7 айында ғана Ресейден Қазақстанға импортталғаннан 3 есе көп тауар жеткізілді, ал Беларусьпен бұл алшақтық 8 есе ұлғайды», — деді ҚР Президенті.
Н.Назарбаевтың айтуынша, қазақстандық өнімдердің КО нарығына қолжетімдігіндегі қиындықтар сақталып отыр, өйткені тарифтік емес техникалық кедергілер пайдаланылуда, санитарлық, фитосанитарлық талаптар, сертификаттау, лицензиялау және т.б.шаралары көтеріліп кетті. Ал кейде көрінеу кедергі жасалады, өйткені Қазақстан мен Беларусьтің санитарлық сертификаттарында жоқ нормалар талап етіледі.
«Сөйтіп, біздің етіміз сияқты беларус тауарлары мен өнімдерінің Ресей нарығына жеткізілімі азая түсуі байқалуда… Техникалық реттеу саласын кеңейту бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту жөніндегі елдер келісімдеріне қайшы келіп отыр», — деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Электр энергиясы саласында да мәселелер бар. Мәселен, тиісті келісімдер жасауда Ресей энергия жүйесімен байланысты ерекше режим көзделген. Соның нәтижесінде тұтынушылардың электр энергиясын жеткізушілерге еркін қолжеткізуі болмай тұр, Қазақстан Ресей аумағы арқылы Беларусьқа электр энергиясын транзит арқылы өткізіп сата алмайды.
«КО Кедендік кодексі кәсіпкерлер мен басқа да қатысушылардың тарапынан үлкен сынға ұшырауда. Кодексті ырықтандыру және шекарадағы кедендік рәсімдерді барыша оңайлату қажеттігіне назар аударғым келеді. Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі бұл теңсіздіктер мен кедергілерді жоюға бағытталуы тиіс», — деп атап өтті Президент.
— Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің жұмысы саяси сипатқа ие және қол жеткізілген уағдалстықтарға қарамастан Ресей үкіметінің тапсырмасын орындауға бағытталған. Минск қаласында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Комиссия жұмысында жұмысты саясиландыру, интеграциялық үдерістерді тереңдетуге бағытталған күшті бекер шашу анық байқалады. Комиссия тарапынан жұмыс регламенті қағидаттарын бұзуға жол бермеу керек. Көп жағдайда комиссиядан келісу үшін құжаттар қажетті шешім қабылдауға бір күн қалғанда келіп түсіп жатады. Алқаның ресейлік мүшелері Ресей үкіметінің отырыстарына қатысатынын және онда тиісті тапсырмалар алатынын атап өту қажет. Алайда, біздің келісімге сәйкес, комиссия және алқа мүшелері біздің бірде-бір үкіметімізге есеп бермейді», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, мемлекет басшыларының отырысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко Беларусь елінің Кеден одағына жаңа әріптестердің қосылуын қолдайтыны және «үштіктің» осы елдермен өзара іс-қимылының сындарлы тетіктерін әзірлеуді ұсынатыны белгілі болды.
«Беларусь Кеден одағына жаңа әріптестердің қосылуын қолдайды. Сондықтан біздің бірлестіктің есігі басқа елдер үшін әр уақытта да ашық», — деп атап өтті Беларусь басшысы.
«Арменияның біздің интеграциялық бірлестікке қосылу ниетін көріп отырмыз. Алайда, Арменияға және өзге де елдерге Беларусь, Қазақстан және Ресей жүріп өткен интеграция жолын еңсеріп, барлық міндеттемелерді толық көлемде өз мойнына алулары қажет екенін жақсы түсіну керек», — деді Александр Лукашенко.
Беларусь Президенті Украинаға қатысты «Еуроодаққа қарай жылжи отырып, оның Кеден одағына, болашақта Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу мүмкіндігінен бас тартпауы маңызды» деп тоқталып кетті.
«Бұл оңай мәселе емес. Осыларға қатысты біз бүгін салиқалы шешім қабылдауымыз қажет. Біздің үкіметтерімізге болашақта қандай бағытта қозғалу керектігіне жол сілтеуіміз тиіс», — деді Беларусь басшысы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында «кездесудің экономикалық интеграция саласында туындаған мәселелерді бірлесіп шешу үшін маңызды» екенін атап өтті.
— Біз бірлестігіміздің оң қорытындыларын қазірдің өзінде айттық: негізгі экспорттық тауарымызға әлемдік бағасының төмендегеніне қарамастан, елдеріміз арасында тауар айналымы артуда. Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сыртқы сауда айналымындағы үлесі жалпы көлемнің 18 %-ына жетті. Бірақ біз оның түзетілуі қажет кемшіліктері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия туралы да ашық айтуға тиіспіз.
Тауарлардың еркін айналымы қазақстандық өндірушілер үшін Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік елдері кәсіпорындарымен арадағы бәсекелестіктің жағдайын қатайтып жіберді. Сыртқы саудадағы үйлесімсіздік артуда. Кеден одағы елдерінен әкелінген өңделген тауарлар импорты 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 2 есе өскені байқалды. Бұл жағдайды түзету үшін бірқатар ірі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру қажет болуы мүмкін, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінен импортының үлесі оның 2009 жылғы жалпы көлемінің 32 %-ынан 2012 жылы 40 %-ына дейін артқанына назар аударды. Сондай-ақ, Қазақстан өнімдерін Ресей мен Беларусь нарығына жеткізуде едәуір қиыншылықтар бар. Себебі, тарифтік емес және техникалық кедергілер, шамадан артық санитарлық және фитосанитарлық нормалар, сертификаттау, лицензиялау және үлес жөніндегі шаралар, техникалық регламентті бірізділендіру жөнінде талаптар қолданылуда.
— Қазақстанның ет өнімдері әдейі «өткізілмейтін» жағдайда тұр, өйткені Ресейде оларға Қазақстан Республикасы санитарлық сертификаттарында жоқ нормалар қолданылуда. Сондай-ақ, беларусь азық-түлік тауарларын бұл саладағы бірқатар жаңа техникалық регламенттің енгізілуіне байланысты Ресей нарығына тасымалдау деңгейінің төмендегені байқалып отыр.
Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі техникалық регламент саласын кеңейту Қазақстанның бизнес ортаны жақсарту жөніндегі саясатына қайшы келуде. Бірыңғай экономикалық кеңістік келісімінің қорытындысына сәйкес Ресей электр-энергетика жүйесі үшін ерекше режим қарастырылғандықтан, электр-энергетика саласында түйткілдер бар. Соның салдарынан электр энергиясын тұтынушылар мен тасымалдаушыларға еркін қолжетімділік болмай отыр. Қазақстан электр энергиясын Беларусьқа Ресей Федерациясының аумағы арқылы, транзит арқылы сата алмайды, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тарапынан Кеден одағының Кеден кодексіне үлкен сын айтылып жатқанын, оны ырықтандыру және сыртқы шекараларда кедендік рәсімдерді барынша оңайлату қажеттігіне көңіл бөлініп отырғанын айтты.
— Сондықтан Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметі Кеден одағына мүше елдердің өзара тиімді саудасында жоғарыда айтылған үйлесімсіздіктер мен кедергілерді болдырмауға бағытталуы тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия — Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жағдайын қамтамасыз ету үшін құрылған, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлейтін ұлтүстілік орган.
Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары алға қойған Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру аясында шешілмеген мәселелердің бар екеніне қарамастан, Комисия жұмысында интеграциялық үдерістерді тереңдетуге арналған қаражат пен күшті ыдырату, жұмысты анық саясиландыру байқалуда. Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан Комиссия жұмысының қағидаттары мен регламентінің бұзылуына жол беруге болмайды.
Комиссия туралы Шартқа сәйкес, Алқа мүшелері ұлттық үкіметке есеп бермейді және бағынышты емес, соған қарамастан Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының ресейлік мүшелері Ресей Федерациясы Үкіметінің отырыстарына қатысады, тиісті нұсқаулар алады,- деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі туралы екі бөлімнен — институттық және салалық бөлімдерден тұратын шартқа қатысты барлық мәселенің 2014 жылғы мамырда келісілуі тиістігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің қарапайым азаматтарының қабылдауына ауыр тиетін күрделі шартты әзірлеуге қажеттілік жоқ екеніне тоқталды.
Бұдан бөлек, мұнай мен газ тасымалдау, теміржол тарифтері, электр энергиясы саласындағы қазірдің өзінде қол жеткізілген келісімдер бойынша жұмысты аяқтауға ұмтылған жөн. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Комиссияның өкілеттігін кеңейту, бірыңғай қаржы нарығын қалыптастыру және жаңа ұлтүстілік құрылымдар құру туралы ұсыныстар енгізілуде, интеграцияланудың қазіргі кезеңінде біздің елдеріміз мұны талқылауға дайын емес. Қазақстан Президенті тауарларға және қызмет көрсетуге қатысты шектеулерді жоюға баса ден қою қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясын кеңейту барлық тарап үшін ортақ ережелер бойынша жүзеге асырылу тиістігіне тоқталды. Мысалы, Қазақстан Қырғызстан мен Арменияның ниетін қолдайды, бірақ олардың бұған кіруі шартта келісілген және көрсетілген ортақ рәсімдер бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
— Маған, мысалы, премьер-министр Ердоған Түркияның Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылу перспективасын қарастыру туралы өтінішпен хабарласты. Мен оған дәл осы ұстанымды жеткіздім, — деді Қазақстан Президенті.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесін сөз етті, бұл үшін ДСҰ-ға мүше елдер алдында Қазақстан мен Ресейдің міндеттемелері деңгейінің үйлесімділігі қажет.
— Қазақстан ДСҰ-ға Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанға дейін кіру ниетінде. Әйтпесе, ДСҰ-ға мүше елдер бұдан бұрын қол жеткізілген келісімдерді қайта қарауы мүмкін, бұл біздің ол ұйымға мүше болуымызды бірнеше жылға созып жібереді. Бүгін біз Ресей тарапының қолдауына сенім артып отырмыз. Бұл мәселе жөніндегі сындарлы ұстаным Қазақстанның ДСҰ-ға тезірек кіруіне ықпал етіп, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің үздіксіз қызметіне септігін тигізген болар еді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ДСҰ-ға кіру мәселелері жөнінде Еуропалық одақпен және АҚШ-пен келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясын құру қажеттігіне назар аударды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ қызметін қамтамасыз ету қажеттігіне тағы да назар аударды.
— Бұл үшін алда әлі де орасан зор жұмыстар атқарып, 2014 жылғы мамырға қарай Одақ туралы шартты әзірлеуді аяқтау міндеті тұр. Елдеріміздің парламенттері бұл құжатты ратификациялауы қажет. Сондай-ақ, біз елдеріміз арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға кедергі келтіретін түрлі шектеулерді жою жөнінде шаралар қабылдау туралы келістік. Еуразиялық экономикалық комиссия бұл бағыттағы өз жұмысын жалғастырады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы қазіргі кезде өзара тиімді сауда үшін барлық кедергіні жою туралы, атап айтқанда, түрлі тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету жайлы келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті интеграциялық бірлестікке жаңа мүшелерді қабылдауда экономикасы Кеден одағы елдерінің даму деңгейімен сәйкес келуге тиістігі жөнінде жіті көзқарас болу қажеттігін атап өтті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың арасында мынадай шешімдер бар:
— «Интеграцияны дамытудың негізгі бағыттары және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен жұмыс барысы туралы»;
— «Еркін сауда аймағы туралы шартқа 2011 жылғы 18 қазандағы 6 ұсынысты қарастыратын шаралар туралы»;
— «Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістігіне Армения Республикасының қосылуы туралы»;
— «Бәсекелестік туралы» модельдік заң туралы;
— «Кеден одағының кедендік аумағы бойынша есірткі заттарының, психотроптық заттарының және олардың прекурсорлары қозғалысының тәртібі жөніндегі келісім туралы»;
— «Еуразиялық экономикалық комиссияның 2012 жылғы бюджетінің орындалуы туралы жылдық есеп туралы»;
— «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшелері мен Еуразиялық экономикалық комиссия қызметкерлері ұсынған табыстары туралы мәліметтердің анықтығы мен толықтығын, мүліктері мен мүліктік сипаттағы міндеттемелерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің табыстары, мүліктері мен мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтерді тексеру Ережелерін бекіту туралы».
Сондай-ақ, «Кеден одағының кедендік аумағы бойынша есірткі заттарының, психотроптық заттарының және олардың прекурсорлары қозғалысының тәртібі жөніндегі келісімге» қол қойылды және Армения Республикасының еуразиялық интеграциялық процеске қатысу туралы Өтініші қабылданды.
Ұлт порталы