АЛТЫНОРДА
Новости

Обама: Эбола ғаламдық қауіп төндіреді

Эбола індеті бүкіл әлемдегі қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр деп мәлімдеді сейсенбі күні Атлантадағы аурудың алдын алу және бақылау орталығында сөйлеген АҚШ президенті Барак Обама.

«Егер дерттің таратлуын тоқтатпаса ол жүз мыңдаған адамға жұғып, мұның ғаламдық экономикалық және әскери-саяси салдары болуы мүмкін» деген ол.

Эбола вирусы тараған аймаққа АҚШ үш мыңдай әскер, солардың ішінде дәрігерлер жібермек. Олар ауруларды емдеуге қатыспайды. Олардың мақсаты – мың жарымнан аса адамға арналған медициналық емдеу орындарын ашып, жергілікті медицина қызметкерлерін оқытып-үйрететін курстар ұйымдастыру. Бұл курстарда аптасына 500-ге дейін маманды дайындықтан өткізу жоспарланған. Сонымен бірге АҚШ дәрігерлері Эбола дертін жұқтырғандарға күтім жасайтын адамдар үшін 50 мыңдай медициналық бұйым-заттарды таратады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, қазіргі кезде Эбола вирусына шалдыққандар қатары қауіпті межеден асып, енді әрбір үш апта сайын індетті жұқтырғандар саны еселеніп көбеюі мүмкін.

Эбола дертінен екі жарым мыңдай адам қайтыс болған. Індет аймағына Либерия, Сьерра-Леоне, Гвинея, Нигерия және Сенегал кіріп отыр. Қауіпті дертті ауыздықтау шығыны бір миллиард долларды құрауы мүмкін.

«Бұл күрделі мәселе, бірақ әлем оны қалай шешуді біледі» деді Обама. АҚШ бұл індетке қарсы шараларға жүз миллион доллардан аса қаржы жұмсаған. Ақ үй шетелдегі арнайы операцияларға, мәселен, Ауғанстандағы соғысқа арналған қаржының бір бөлігін Эболамен күреске бөлуді Конгрестен сұрамақшы.

http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26589406