АЛТЫНОРДА
Новости

Обама: Ресейді оқшаулау күшейе береді

АҚШ президенті Барак Обама егер Шығыс Украинадағы дағдарысты дипломатиялық жолмен шешу мүмкін болмаса, АҚШ Украинаға қорғаныс қару-жарағын беру мәселесін қарастыратынын жоққа шығармады. Обама бұл жайында ақпанның 9-ында Вашингтонда Германия канцлері Ангела Меркельмен кездескен соң мәлімдеді. Ол Ресей агрессиясы халықаралық қауымдастық бірлігін тек күшейткенін айтып, сонда да болса Мәскеумен қайшылықтарды дипломатия арқылы шешу жолдарын қарастыра беруге шақырды.

АҚШ президенті Ресейдің Украинаға қатысты бұған дейін жасалған келісімді бұзып, Шығыс Украинаға танктері мен артиллериясын кіргізгенін айтты.

Обама Меркель екеуі Ресейге қарсы санкциялар күшінде қала беруі тиіс деп шешкенін, егер Ресей қазіргі саясатынан бас тартпаса, онда оқшаулау бұдан да күшейе түсетінін ескертті.

Барак Обаманың сөзінше, АҚШ НАТО-дағы одақтастарымен бірге Орталық және Шығыс Еуропадағы әскери әлеуетін нығайта отырып, қазіргі стратегиясын жалғастыра береді.

АҚШ бұған қоса Халықаралық валюта қорымен және басқа да серіктерімен Украинаға қажетті қаржылай көмек көрсету жұмыстарын жалғастыра беретінін де жеткізді. «Біз Украинаның өзін-өзі қорғауына барынша көмек көрсету жайын талқыладық» деді Обама.

Ресей Украинаның территориялық тұтастығын екі рет — алғаш рет Қырымды аннексиялағанда, екінші рет — Донецк мен Луганскідегі сепаратистерге қолдау көрсете отырып бұзды деп мәлімдеді Меркель.

Германия канцлері Ресеймен Украина дағдарысын дипломатиялық жолмен шешуде кедергілер барын айтқанымен, «дағдарыс әскери жолмен шешілмейді» деген деген ойын білдірді.

http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26839211