АҚШ президенті Барак Обама Украинаға қорғаныс қаруларын тасымалдау жөнінде шешім қабылдамас бұрын Минскіде сәрсенбі күні өтетін бейбіт келіссөздердің нәтижесін күтпек. Обама бұл жайында дүйсенбі күні Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуі аяқталған соң Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Екі басшы да Украинаның шығысындағы шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтындарын айтты. Бірақ Обаманың Меркельге қарағанда басқаша ойлайтыны байқалды.
Өткен аптада «Нью-Йорк Таймс» газетіне «Обама мен оның кеңесшілері (әскери және саяси кеңесшілері) Украинаны қару-жарақпен жабдықтауға дайын» деген мақала басылып, оны оқыған жұрт дүрлігісіп қалды.
Минскіде бүгін, 11 ақпанда өтетін келіссөздер нәтиже бермеген жағдайда АҚШ Украинаға қару беруі мүмкін.
Дүйсенбі күні Барак Обама бейбіт келіссөздердің тағы бір отырысынан ешқандай нәтиже шықпаса, АҚШ-тың осындай қадамға баруы мүмкін екенін өзі алғаш рет мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге шешім қабылданған жоқ, бірақ ол кеңесшілеріне «ресейлік агрессияға қарсы қорғанысты күшейту үшін Украинаға көмектесуге қосымша шара қабылдау» туралы тапсырма берген. «Украинаға қару беру – қарастырылып жатқан сол шаралардың бір нұсқасы» дейді Обама .
Германия канцлерінің АҚШ президентінен айырмасы — Ангела Меркель тек мәмілеге келу туралы айтып, қалай болғанда да татуласуға күш салуға шақырды. «Шиеленістің дипломатиялық шешімін табуға тырысамыз, бұл жолда талай тығырыққа тіреліп те жатырмыз. Бірақ мен шиеленісті әскери тәсілмен шешудің амалын көрмей тұрмын» деді Ангела Меркель.
Осы кезге дейін позициялары бір екенін жариялап келген Киевтің негізгі екі жақтасының бұл жолғы пікір қайшылығы америкалық комментаторлардың назарына бірден ілінді. Бірақ олар екі басшының «Батыс елдері Ресейдің Украинадағы арандату әрекеттерін басу жолында бірліктен айырылмайды» деген сөздерін еске салады.
Associated Press ақпарат агенттігі «Барак Обаманың Кремльге ескертуі маңызды келіссөз алдында оған ықпал ету әрекеті болса керек» деп жазады.
Ал Вашингтондағы Гудзон институтының қызметкері, америкалық саясаттанушы Ричард Вайтцтің айтуынша, «Ақ үйдің әрекетін болжау қиын, бәрі жағдайға қарай анықталады».
Осы демалыс күндері еуропалықтар Украина әскеріне қару беруді қаламайтындарын анық білдірді, себебі бұған қарсы Мәскеудің қандай әрекет жасайтыны белгісіз. Еуропа Одағында бұндай қадамды тек Польша мен Балтық елдері қолдайтын тәрізді. Ал АҚШ-қа келсек, Ақ үй Украинаға әскери көмек беруді жақтайтындардың қысымына түсті. Бірақ президент Обама әлі де екіойлы. Ол Кремльге тағы бір ескерту жасады. Шиеленісті бейбіт жолмен шешуге келісер деп үміттенеді. Бейнелеп айтқанда, доп алаңның Путин жағына асырылды. Егер ол келісімге келуді қаласа, мәміле жасауға өте қолайлы сәт туып тұр. Егер Путин қаламаса, бейбіт келісім орнамайды, бұл жерде ол АҚШ әрекетіне қарайлап отырған жоқ.
Ричард Вайтцтің пікірінше, Киевке қару тасымалдау мәселесін көтерген Обама шешілмейтін дилеммаға тірелді.
– Ресей тарапының нені күтіп отырғаны мүлдем түсініксіз – олар украиналықтарға қару берілгенін қалай ма, әлде берілмесін дей ме? Қайсысын алсақ та, ұтымды уәждер келтіруге болады. Украинаның қорғаныс мүмкіндігі өзіне тең болмаса, Ресей оны пайдаланып кетуге тырысуы мүмкін. Ал екінші жағынан Украина армиясы америкалық қаруды алып жатса, Кремль мұның алдын орауға тырысып, соғыс бастап жіберуі де мүмкін. Себебі танкіге қарсы зымырандар мен басқа да қарулар Украина армиясына жеткен күннің өзінде оны қолданып үйрену үшін біраз уақыт керек. Мұндай сәтте Мәскеу барынша агрессиялық әрекет жасап, қарсыласты күшейтпей, бұрын қимылдап қалуға тырысады, — дейді Вайтц.
Бірақ Аризона штаты университетінің профессоры, тарихшы Марк фон Хагеннің пікірінше, мұның бәрі – қолдан жасалған дилемма. Шабуыл жасалған күнде егеменді елдің қорғануға толық құқығы бар.
– Иә, қару-жарақ беру шешімі қауіпті болуы мүмкін, бірақ қазіргі шиеленісті жағдай осы күйі тұра берсе, ол да – қауіпті. Владимир Путин сепаратистерді барынша қолдап жатса, украиналықтар не істеуі керек? Келіссөз деген тамаша нәрсе, бірақ нәтиже шығару үшін бір жақтың қалауы жеткіліксіз. Мәскеу Минск келісімі бойынша өз міндетін орындау үшін ешқандай әрекет жасамады. Оған қалай сенуге болады? Киев қорғаныс қаруларын бұрыннан сұрап келеді, бірнеше ай бойы олардың бұл өтінішіне ешкім құлақ аспады. Ақ үй оны соңғы қадам ретінде қарастырып отыр. Менің ойымша, уақыт келді. Біз әскер жіберу немесе түрлі қару-жарақ беру туралы айтпаймыз. Бұл жерде қорғаныс құралдары – танкіге қарсы зымырандар мен радарлар туралы айтылып отыр. Олар сепаратистерге Ресей жеткізіп берген қаруларға тоқсауыл қоюға көмектеседі, – дейді Марк фон Хаген.
(Юрий Жигалкиннің мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан).
http://www.azattyq.org/content/ukraine_us/26841264.html