«Қатерлі ісік» деген сөзді естісек, ол туралы айтпауға, ойламауға тырысамыз. Санамызда бұл жазылмайтын, ем қонбайтын ауру деген түсінік бар. Тіпті қатерлі ісікке шалдыққандарды тек өлім күтіп тұрғандай көрінеді.
Қазіргі қымбатшылық заманда аты жаман ауруға қарсы ем-домға қол жетпейтіндей көрінеді. Ал онколог-мамандар бұның барлығы санаға сіңіп қалған теріс түсінік деп тұжырымдайды. Заманауи медицинаның қатерлі ісіктің алдын алуға, ерте анықтауға, тіпті аурудан айықтыруға мүмкіндігі жетеді. Тек уақытын өткізіп алмай, дер кезінде дәрігердің алдынан табылу қажет.
Сондықтан биылғы дүниежүзілік обырға қарсы күрес күнінің ұраны – жалған сенімдерді, теріс түсінікті жою. Осы мақсатта ел аумағында онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте кезеңде анықтауға арналған онкүндік басталды. Онкүндік аясында емханаларда ашық есік күндері өтіп, онколог-мамандар кеңес береді.
Қатерлі ісік – әлем бойынша ең көп таралған аурулардың түрі. Ғалымдар 2020 жылға қарай қатерлі ісікке шалдыққандардың саны 16 миллион адамға жетуі мүмкін деп болжап отыр. Салыстыру үшін айтсақ, 2010 жылы олардың қатары 10 миллион болған. Қазақ радиология және онкология ҒЗИ директорының орынбасары Дәулет Байпейісовтың айтуынша, обырмен ауыратындардың саны Қазақстанда да жыл сайын артып келеді.
– Қазақстан бойынша 140 мыңға жуық адам қатерлі ісік бойынша есепке алынған. Күн сайын 90 адам есепке тұрады. 2013 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстары обырға шалдыққандардың саны бойынша алдыңғы қатарда. Дегенмен қатерлі ісіктің кесірінен болатын өлім-жітімнің саны азайды. Бұл ерте анықтау мен уақтылы ем қабылдаудың нәтижесі, – деп пайымдайды Дәулет Мұхаметқалиұлы. Ал қатерлі ісікті ерте анықтау бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Алматы қалалық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Диляра Қайдарованың айтуын-ша, қала бойынша жыл сайын қатерлі ісікпен 4000-нан аса науқас тіркеліп, соның мыңға жуығы о дүниелік болады.
Осы орайда «Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының» директоры Жәмила Баттақова Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу шаралары-на үлкен мән беріп отырғанын алға тартады: «Сондықтан алғашқы көмек көр-сету жүйесінде аурудың алдын алу бірінші орынға шықты. «Мәңгілік елдің» негізін дені сау ұлт құрайды. Осы орайда салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу, скринингтік тексеруден өту маңызды. Өйткені ДДСҰ сарапшылары салауатты өмір салтын ұстану арқылы қатерлі ісік аурулары 40 пайызының алдын алуға болатынын айтады». Салауатты өмір салтын ұстамау, нашар экология, иммунитеттің төмендеуі – қатерлі ісікті тудыратын жалпы факторлар. Десе де, әр ісіктің өзіне тән маза кетіретін белгілері болады. Обыр ауруларының ішінде сүт безі қатерлі ісігі кең таралған. Сондықтан онкологтар уақтылы тексеруден өтіп тұруға шақырады.
– Әр әйел уақтылы омырау безін қарап, тексеріп тұрғаны жөн. Егер кішкентай болса да түйін, қатаю, ісіну байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн. Мамандар мамография, УДЗ жасайды. Сондай-ақ
50-60 жас аралығындағы әйелдер екі жылда 1 рет тегін мамографиялық тексеруден өтуі қажет, – дейді Дәулет Байпейісов. Айта кетейік, Қазақстанда қатерлі ісікті емдеу тегін. Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін 2012 жылы арнайы бағдарлама қабылданды. 2016 жылға дейін жалғасатын бұл бағдарламаға мемлекет-тік бюджеттен 178 миллиард теңге қарастырылған.
Үмітжан ЖАПАР
http://www.aikyn.kz/articles/view/41602