АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

ОҚО ӘКІМІ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

аким(6)Бүгін облыс әкімі Б.Атамқұлов Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Ең алдымен, Қазығұрт ауданындағы 326 оқушы білім алатын Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл оқу орнында білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектептің жанында 300 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Мұнан соң, ол ауданда орналасқан жылыжайды аралады. Бүгінгі таңда кәсіпкер Л.Жұбатова салған жылыжайдың 1 гектар жерінен алынған өнімнің түсімі 200-250 центнерге жетіп отыр. Қазығұрт ауданына қарасты «Шарапхана» елді-мекеніндегі көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе – тұрғындарды ауызсумен қамту. 1982 жылы құрылған су жүйелерінің бүгінде тозығы жетіп, жер асты су қорларының азайып кетуіне байланысты қайта құруды қажет етеді. Ауылда 5058 адам тұрады. 18 көшенің 13-не су беру желілері тартылған болса, 5 көшенің тұрғындарына су арнайы техникамен жеткізіледі. Бүгінгі таңда жерасты суының көздері зерттеліп, су жүйесін жаңарту жұмысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Аталған ауылға арнайы келген өңір басшысы су құбырларының қайта тартылу мәселесін шешуге облыстық бюджеттен 504 млн.теңге бөлінетінін айтты. Сонымен қатар, 500 гектар жерге қарқынды бау шаруашылығын дамытып отырған «Аманкелді» ЖШС-нің жұмысын аралап көрді. Алма, алхоры, шабдалы, шие, жүзім жеміс-жидектерін өсіретін серіктестік өнімдерін Қазақстан аумағынан бөлек, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан Республикаларына шығаруда. Аймақ басшысы мұндағы жеміс-жидектер мен көкөністерді сақтайтын сыйымдылығы 2 мың тонналық қойманы да көрді. Сапар соңында әкім Қазығұрт ауданының ардагерлерімен кездесті. 109 мыңға жуық халқы бар аудандағы 64 елді мекеннің 42-і таза ауыз сумен, 38-і табиғи газбен қамтылған. Аграрлы аймақтың жер көлемі 270 мың га болса, оның 101 мыңнан астамы егістік алқап, ал 16 622 га суармалы, жайылымдық жері – 134 783 га. Ауданда ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 3,5 мыңнан астам шаруа қожалық иелері бар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі