АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҚО ӘКІМІ ОБЛЫСТАҒЫ ДІНИ КОНФЕССИЯ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

img_5226_12Бүгін, 17 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстағы діни конфессиялардың басшыларымен кездесті. Жиынға ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Керімбек Ахметжан Пірәліұлы, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралдық соборының приходы» жергілікті православ діни бірлестігінің діни қызметшісі Могилевский Александр Валерьевич (отец Александр), «Шымкент қаласының евангелдік христиан баптистерінің шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Горбатый Альберт Феликсович, «Агапе» інжілдік христиан шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Шаталов Андрей Алексеевич және өзге де дін өкілдері қатысты.
18 қазан – рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған басқосуда облыс басшысы діни конфессия өкілдерін мерекемен құттықтап, еліміздегі діни татулық пен бірліктің алыс-жақын шетелдерге үлгі екенін атап өтті. «Елімізде рухани келісім күні биыл 23-рет тойланып отыр. Алғаш рет, 1992 жылдың қазан айында Алматыда өткен Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің І сессиясында қабылданған манифест қазан айының 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні екенін білдірді. Елбасының бастамасымен қолға алынған мереке әлемдік діни конфессия өкілдерімен ашық сұқбат алаңын құрып, өзара түсінісуде маңызды да абыройлы жиын бола білді. Соның арқасында еліміз тыныштық пен татулықтың ордасына айналды. Бүгінгі таңда облыста 11 конфессияға кіретін 60 діни бірлестік жұмыс істейді. Қазақы қаймағы қалың өңірде діні бөлек болса да тілегі бір түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері татулық пен бірлікте күн кешіп келеді» — деді облыс әкімі.
Жиында сөз алған конфессия өкілдері Қазақ шаңырағындағы наным-сенім еркіндігінің айқындығына разылығын білдіріп, өздері басшылық ететін бірлестіктердің бүгінгі мамыражай жағдайын баяндады.
Кездесу соңында облыс әкімі конфессия басшыларына осы жылдың 10 қазан күні «Рухани келісім күнін» мерекелеу аясында облыстағы діни конфессия өкілдері арасында шағын футболдан өткізілген турнирдің қорытындысы бойынша және мерекеге орай алғыс хаттар тапсырып, арнайы спорттық кубоктар мен сыйлықтар табыс етті.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі